Қазақ тілі мен әдебиетіне кеңінен орын берілді

Көкшетау қаласындағы №12 жалпы орта білім беретін мектепте ағымдағы жылдың қараша айының соңғы екі аптасында қазақ және орыс сыныптарында қазақ тілі мен әдебиеті апталығы өтті.

Осы пәндердің әдістемелік бірлестік мұғалімдерінің ұйымдастыруымен апталық күндеріне іс-шаралар жоспарланды. Әр сынып апталықтың жоспарымен таныстырылып, сынып жетекшілерінің күш-жігерімен  белсене ат салысатын болды.

Апталықтың мақсаты оқушыларымызды қазақ тілі мен әдебиетінің мол мұрасы және бай қазынасымен кеңінен таныстыру, мемлекеттік тілдің мәртебесін қалыптастыру, қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге үлес қосу болып табылады.

13 қараша күні апталықтың ашылуына байланысты мектепте сап түзеулер өткізілді. Апталық барысында мектебіміздің жас мамандары Арыстан Омаров пен Тоқжан Смағұл қала тұрғындарымен қазақ тілінде әлеуметтік сауалнама жүргізді. 14 қараша күні Алаш қайраткері, теңдессіз ақын, қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толуына арналған сыныптан тыс шара өткізілді. Мәнерлеп өлең оқушылар сайысы болды. Жауапты мұғалімдер А.А.Айтпаеваның және А.Х.Жақсылықованың жетекшілігімен «Ана тілім – дана тілім» атты квест ойыны өтті.

Басты айта кететін іс-шара – осы апталық барысында ұлы ақын туып-өскен Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданының Сарытомар орта мектебімен «Мағжан сенген жастар» атты облыстық конференция аясында онлайн телекөпір ұйымдастырылды. Ғылыми конференцияға Ақмола облыстық «Өрлеу» мұғалімдердің біліктілігін арттыру орталығы, Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық кітапханасы, Көкшетау қалалық білім бөлімінің №12 жалпы білім беретін орта мектебі, Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданының Сарытомар орта мектебі қатысты. Одан әрі жоспар бойынша мектебімізде әнұран шеруі өтті. Бұған қоса, көкшелік жерлес ақынымыз Қайырбай Төреғожамен кездесу  болып өтті. Кездесу барысында қаламгер ағамыз оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, өмір жолымен таныстырып, бір әсерлі ой қалдырды. 8 «а» сынып оқушысы Ахмет Тілеуғабыл арнау өлең жолдарын оқып берді. Ақын мектебімізге өзінің жаңа жинағын тарту етті.

22 қараша күні Әл-Фараби атындағы ІТ мектебінде апталық аясында қалалық «Мағжан оқулары» сайысы болып, сол сайыста «Ақын да  бір бала ғой айға ұмтылған» номинациясына қатысып, Ахмет Тілеуқабыл бірінші дәрежелі дипломға ие болды. «Әдеби шығарманы суретпен бейнелеу» номинациясына қатысқан 9 «а» сынып оқушысы Альмира Қалабекова да осындай І дәрежелі дипломға қол жеткізді. Екі оқушының да жетекшісі Ш.К.Жарова.

Қорыта айтқанда, мектебіміздің ұстаздар қауымының білім мен өнер, халқымыздың тіл, дәстүр, руханият әлемі жолындағы ізденістерін айғақтайтын қазақ тілі мен әдебиеті апталығы осылай бір демде мазмұнды өте шығып, шәкірттеріміздің ой-өрісін кеңейту, ізденімпаздыққа баулу тұрғысында алынған бір елеулі асу болды.

 Жадыра Катранова,
Көкшетау қаласындағы №12 жалпы білім беретін мектебінің
 қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі.    

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар