Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бағдарлама баянды болсын десек... - АРҚА АЖАРЫ

Бағдарлама баянды болсын десек…

Ауыл тұрғындарының негізгі күнкөріс көзі – төрт түлік мал. Төскейді ақтылы малға толтырып, ел дастарханын адал асқа қайыстырып қоюға не кедергі?! Кейде алға ұмтылған қадамдары кері кетіп жататындары да бар.

Жалпақ жұрттың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға себі тиюге тиісті жобалар аз емес. Соның бірі Үкіметтің «Аманат» партиясымен бірлесіп қабылдаған «Ауыл аманаты» бірегей жобасы. Жобаның қаншалықты тиімді екендігін ақыл таразысына салып безбендеген ауыл тұрғындары оң жамбастарына келетіндігін іштей топшылап, өз  істерін бастауға құлшыныс білдіріп отыр. Шағын несие 5 жылға дейін беріледі. Негізгі бағыты ауыл шаруашылығын толайым қамтып-ақ тұр. Бір жақсысы, мал шаруашылығындағы  жоба жеті жылға көзделген. Бір айта кетерлігі, шағын несиенің ең жоғары көлемі 8,6 миллион теңгеге дейін. Жақсылығы сол, сыйақы мөлшері жылына 2,5 пайыздан аспайды.

Бүгінгі таңда осы бағдарлама аясында облыстың 200-ге жуық тұрғыны 1,1 миллиард теңгеден астам қаражат алып, өз шаруашылығын дамытпақ. Осы орайда, «Аманат» партиясының әрбір аудандық филиалында кеңсе ашылып, ауыл тұрғындарын құлақтандырып, кеңес беру жұмыстары жүргізілуде. Екі қолға бір күрек таба алмай отырған ауылдағы еңбекке жарамды адамдар енді ісін бастауға бастапқы қаражат іздеп сабылмай, аз ғана үстеме қосылатын несиені алып, өрісті малға толтырса тәп-тәуір қоңданып та қалар еді. Сөйтсек, бағдарлама жақсы болғанымен баянды болуы үшін тұтас сала жаңғыруы керек екен. Мәселен, Ерейментау ауданындағы Бозтал ауылының тұрғыны Мәуітхан Құмат аталмыш бағдарлама аясында несие алып, бес сиыр сатып алған. Әзірге техникасы жоқ. Өзімдікі деген құрал-жабдығы болмағаннан кейін мал азығын дайындау қиын шаруаға айналып отыр. Енді есептеп қараңыз, бұл өңірде биыл шөп бағасы қымбаттау. 250-300 келілік бума 15 мың теңге тұрады. Бір бас қара малды қыстан шығару үшін екі тонна шөп қажет десеңіз, 120 мың теңгеңіз шөпке шығын. Шөп құнары бағзы замандағыдай болмағандықтан, төрт түлік малдың қайсысы болсын жемсіз көтеремге айналар еді. Әрине, бір тонна жем қажет. Оның бағасы биыл арзандау болғанымен, 50-60 мың теңгенің көлемінде. Мал шаруашылығымен айналысамын деп ниеттенген Мәуітхан Құмат біздің есеп бойынша бір бас малын қыстан шығару үшін кем дегенде 170-180 мың теңге шығын шығарады екен. Егер алты ай қысқы өз еңбегін қоссаңыз, әлгі сиырдың құнына жақындап қалады. Міне, ауылдағы ағайынның ілгері басқан қадамын кері кетіріп тұрған мәселе осы. Малшы қауым енді қалай табыс таппақ? Төліне қосып сүтін сатқанда ғана. Көптен бері шешімін таппай келе жатқан келелі мәселе тура осы жерден басталады. Істі қанша ұтымды ұйымдастырып жатырмыз деп дабыралатқанымызбен, шалғайдағы шағын ауылдарда халықтың қолындағы сүтті сатып алып, іске жарата алмай отырғанымыз өкінішті. Осы бір оралымсыздықтың кесірі мал баққан қауымның қабырғасына батып-ақ тұр.

Мамандардың пікірінше соңғы уақытта сүт өнімдеріне сұраныс мүлдем азайып кеткен. Басты себеп, іргедегі көршілерден күні-түні тоғытылып жатқан арзан сүт өнімдері. Кесірі малсақ қауымға тиіп-ақ тұр. Қазір өңірдегі мал сүмесімен күн көріп отырған ауыл тұрғындары күнделікті сауған сүттерін қайда өткізерін білмей дал. Қабылдау бағасы отыз пайызға арзандап кеткен. Облыста 14 сүт зауыты бар. Бұған дейін мал баққан шаруа сүттің бір литрін 200-220 теңгеден өткізсе, қазір 150-160 теңге төңірегінде. Сүт зауыттарының қожайындары сүт өнімдеріне сұраныстың азаюы себеп болып отыр деп ақталады.

–Қазір бәсекелестік өте жоғары, – дейді Көкшетау қаласындағы сүт зауытының директоры Ерсайын Жақсылықов, – біздің өніміміз өтпеуге айналды. Ауылдан сүт таситындар дүмеп келіп жатыр. Бұрынғы көлемді азайтпауға тырысқанымызбен, барлығымен бірдей жұмыс істей алмаймыз.

Өткен жылы өңірге жеткізілген сүт өнімдерінің импорты 4,8 миллион доллар болса, биылғы сегіз айда 3 миллион долларға жуықтаған. Оның шамамен 75 пайызы Ресейден келетін  өнімдер.

–Біз шет елден келетін импортты шектей алмаймыз, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Уәлихан Ескендіров, –  бүгінгі таңда мемлекеттік қолдау шеңберінде ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алатын кәсіпорындардың шығынын субсидиялау бағдарламасы жұмыс істейді. Үстіміздегі жылы осыған 1,8 миллиард теңге бөлініп отыр.

Жергілікті кәсіпкерлердің пікірінше, сырттан жеткізіліп жатқан арзан сүт  өнімдерімен бәсекелесу өте қиын. Егер бұл келеңсіздік белең алатын болса, малсақ қауым мойнына түскен ауыр жүкті көтере алмай, шаруасын қожыратып алуы әбден ықтимал. Жоғарыда біз айтқан жаңа бағдарламамен жұмыс істеуге ниеттенген Мәуітхан Құматтардың мәселесі қалай шешілетіні әзірге белгісіз. Бұл өңірде ауыл тұрғындарынан сүтті сатып алу тиімді ұйымдастырылмай отыр. Осы арада бір ғана пікір айта кетелік. Егер бір-біріне жақын орналасқан төрт-бес ауылдың малсақ қауымының қолындағы малдың сүмесін сатып алудың оңтайлы жолы бар. Айталық, сүт өнімдерін қабылдайтын кооператив ұйымдастырылса. Ол халықтан  жинаған сүттің таңғы сауыны мен кешкі сауынын қосып, салқындатқышта сақтап, сүт зауытына бір-ақ мезгіл тасымалдаса. Сонда жол шығыны азайып, сүттің өзіндік құны төмендер еді. Егер сүт сатып алуды жолға қойсақ, өзіміздің арзан, табиғи өнім сөрелерде сыңсып тұрса, шеттен келетін өнімнің жолы кесілер ме еді, кім білсін?!

Бағдарлама бойынша несие алып, өзі ісін бастап отырған азаматтың бірі Егіндікөл ауданына қарасты Полтавский ауылының тұрғыны Ахмет Әшімов. Ахмет бағдарламаның қолайлылығына қызығып, жүз бас қой сатып алыпты. Алпыс гектар жайылымдық жері, қора жайы, азын-аулақ техникасы бар. Ахметтің айтуына қарағанда, өзге малдан қой тиімді. Сату оңай. Қазақы қойға еділбай қошқарын қосып тұқымын жаңартпақ. Бірақ, осы арада да Ахмет тәрізді қой шаруашылығын өркендетемін деп ұмтылып отырғандардың алдында кесе-көлденең жатқан өткел бермес кесел бар. Ол қой жүнін, терісін өткізе алмауы.

–Қазір қойды жүні ешкімге қажеті жоқ. Қырқымнан кейін ыбырсып жатпасын деп күйдіріп жібереміз. Терісін ит те жемейді, – дейді Ахмет Әшімов, – қыруар байлық ысырап болып жатыр. Бұрын ел ішінде қой жүнінен пима басатын, киіз-сырмақты айтпай-ақ қояйық. Терісін илеп тон тігетін. Қазір бәрі көзден бұл-бұл ұшты ғой.

Бұрын қой жүні кәдеге жарап-ақ тұр еді, терісі де жерде қалмайтын. Баққан малынан толымды пайда таппағаннан кейін малсақ қауымның тауы шағылатын жері де осы.

–Заманында облыс орталығындағы «Киіз» акционерлік қоғамында қой жүні тәп-тәуір өңделді,–дейді осы акционерлік қоғамда ұзақ уақыт қызмет еткен Жоламан Шөкеев,–ол уақытта қой жүнінен негізінен, пима, киіз бастық. Жалпы, қой жүні қалдықсыз кәдеге жарайтын өнім. Қой жүнінің шайыры да пайдаға асады. Жуу агрегаттарында тұнып қалған шайырды арнайы ыдыстарға толтырып, косметика жасайтын кәсіпорындарға жіберетін. Демек, қой жүні шаруашылықта, тұрмыста көп нәрсеге қажет. Бүгінгі заман талабына сай есеп-қисабын ойластырсақ, өзін-өзі ақтайтын, ақтап қана қоймай, кәсіпорынға табыс әкелетін сала.

Қой жүні негізінен, екіге бөлінеді. Биязы және қылшықты жүн. Оның ішінде қадірлісі биязы жүн. Бірақ, биязы жүнді қойды өсіру шаруалар үшін оңай емес. Ол үшін жайылымның ерекшелігі, жайлылығы қажет. Айталық, ақселеу, қаудан өсетін біздің дала биязы жүнді қой үшін оншалықты жайлы емес. Себебі, ақселеудің, қауданның басындағы ине шөп қой терісіне қадалып, оның ауруға ұшырауына себепші болады. Біздің өлкеде қылшық жүнді қой өсірудің басты себебі содан. Дәл қазір облыста биязы жүнді қойдың саны 15 пайыздан аспайды. Қылшықты жүннен биязы жүн қымбат бағаланады. Қылшықты жүн де көзін тапса, кәдеге асады. Ертеректе іргедегі Ресей Қарулы Күштерінде қызмет ететін жауынгерлерін осы қылшықты жүнді іске жарату арқылы киіндіретін. Білетіндердің айтуына қарағанда, қазір олар да алмай қойыпты. Яғни, өркениет өрістеген сайын сан ғасыр бойы халқымыздың игілігіне айналып келген қой жүнін синтепон сияқты қылшықтан дайындаған материалдар ығыстыра бастады. Күн көріс тіршілігі төрт аяқ малмен тығыз байланысты халықтың көңіліндегі жалғыз медеу – соңғы уақытта табиғи жылу беретін материалдарға деген сұраныстың арта түсуі. Бұрындары жұрттың сән көріп, еденге тастайтын кавролан төсеніштері мен өзге де материалдарды қазір табиғи жылуы мол, сәні өзгеше бұйымдар ауыстыра бастаған.

«Нұрлы көш» бағдарламасы шеңберінде салынған мекенжайларда қоныстанған ағайындар жұмыссыздық проблемасын қайта-қайта көтеруде. Егер күні бүгінге дейін игерілмей жатқан ен байлықты ел игілігіне айналдыру үшін осындай жерлерден Үкіметтің қолдауы арқылы шағын кәсіпорындар ашса, баршаға бірдей тиімді болмас па еді.

–Моңғолияда бір жапырақ тері, бір шөкім жүн далада қалмайды,–дейді сексеннің сеңгіріндегі Оразхан Мырзабек ақсақал,–күні бүгінге дейін біз бағымдағы малдың терісі мен жүнін пайдаланып келдік. Киген киіміміз, үйдегі күнделікті тұтынатын тұрмыстық бұйымымыз тері мен жүннен жасалды. Одан кемдік көрген жоқпыз. Аллаға шүкір, «тоғыз қабат торқадан тоқты шағымның терісі артық» демекші, ұрпағымыз таза табиғи киім киіп, экологиялық жағынан мүлтіксіз жүннен жасалынған бұйымдарды кәдеге жаратып, бүгінгі күнге жеттік. Көкшетаудың іргесінде қоныстандық. Рас, қазір жалғыз біз ғана емес, жұмыр жердің кез-келген түкпірінде қаржылық қиыншылық болып жатыр деп естиміз. Көпті көрген басым бар, сексенге келген жасым бар. Мына балалар киіз үй жасайтын кәсіпорын ашса, тамаша емес пе? Тау басып, асу асып келген ағайындар өздерімен бірге нешеме жыл бойы бастарына пана, жандарына қорған болған алты қанат, сегіз қанат киіз үйлерін қанжығаларына бөктеріп ала келді. Жергілікті жұрт той-томалағына, асына, басқа да жабдығына пайдалануға қатты қызықты. Өйткені, ыңғайлы-ақ дүние. Әрі қой жүнінің иісі шыққан жерге кене, қоңыз жоламайды. Ауасы кең, киіз жарықтық жел өткізе қоймайды ғой.

Сұңғыла ақсақал сыр қылып шерткен шаруаның реті шынымен істің көзін табатын жан болса, өз-өзінен жолға түсіп кететін бизнес жоспар. Шын мәнінде ұлан-ғайыр Ақмола облысындағы елді мекендердегі тілек білдірушілерді киіз үймен қамтамасыз ету үшін оның қаншасын шығару керек? Оның үстіне біздің ел курортты аймақ. Айдыны асып-тасқан көгілдір көлдің жиегінде, ақ қайыңдардың ортасына ақ шаңқан киіз үйлерді тігіп, мұртымыз көкке шаншылып, шәниіп жатар едік. Киіз үй жол жиегіндегі сауда-саттық көлігін қыздыратындарға да, қымызхана ашатындарға да қажет емес пе? Демек, киіз үй жасайтын шағын кәсіпорын ашылатын болса, қаншама адамға күнделікті жалақы алып, жан бағатын жұмыс орны, әрі ең далада есепсіз, қажетсіз, іріп-шіріп жатқан қой жүні барар жерін таппас па еді. Сол сәтте мал баққан ағайын да әр қойдан орта есеппен үш килограмнан қырқатын қылшықты және биязы жүндерін нарық бағасына сәйкес бағалап өткізіп, жоқтан бар жасап, қоңданып кетпесе де, талғажау қылар нәпақа табар еді.

Полтавский елді мекенінің тағы бір тұрғыны Әнел Сарқытбаева «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында несие алып, 14 бас жылқы сатып алыпты. Шабындық жері жоқ болғандықтан, қыруар малды қыстан шығару үшін жем-шөбін сатып алуға мәжбүр болған. Ауыл тұрғындары жылқыны кезекпен бағады. Егер отбасының  екі-үш бас жылқысы болса бір кезек, оннан асса екі кезек. Бұл ауылда да өзге жерлердегідей қолына құрық ілетін жылқышы, малдың бабын білетін малшы жоқ. Әнел мал басын өз төлі есебінен көбейтіп, қымыз сатып табыс таппақ.

–Қымызды кімге сатасыз? – дейміз біз.

–Қымыз болса алатын кісі табылады ғой, – дейді ол.

Дәмі тіл үйіретін бал қымыз былай тұрсын, ауыл тұрғындары сүт өнімдерін дүкеннен сатып алады екен. Жұрт мал баққанымен, сиыр саууды қойыпты.

Елдің әл-ауқатын арттыру үшін осындай бағдарламадан бұрын жастарды адал еңбекке баулу керек шығар. Түйгеніміз, елдің бүйірі шығу үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін толымды бағаға сатып алып, өңдеуді ұйымдастыру. Сонда ғана бағдарлама баянды болады. Әзірге ауылда тұрып шаруамды өрге жылжытамын дегендердің бұл ойы ойдағыдай іске аспай тұр.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар