Гәккулеткен, аққу жеткен Көкшетау

Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында жақында «Гәккулеткен, аққу жеткен» ән кеші болып өтті. Бұл кеш көрнекті халық ақыны, әнші-композитор Ақан серінің 180 жылдығына арналды.

Қызы едің Ыбекеңнің Балқадиша,

Бұралған белің нәзік, тал Қадиша.

Сексен қыз серуенге шықса дағы,

Ішінде қара басың хан Қадиша, – деп Сәрсенбай Хасеновтың орындауында «Балқадиша» әнімен әсерлі кеш те басталып кетті. Қазақ халқы өте өнерлі халық қой. Қазақтың ұлттық өнерін кәсіби биікке көтеріп, дәстүрлі өнердің классикалық үлгісін жасаған, елуге жуық музыкалық мұрасы қазақ мәдениетінің алтын қорына енген, алты Алаштың ардақтысы болған Ақан  серінің шығармашылығына арналған ән кешінде көрермендердің назарына ел еркесінің жауһар туындылары ұсынылды.

«Заманның сұңқары, қызыл тілдің ділмәрі, жігіттің құлпы жібегі, сөздің ағытты тиегін» деп әулие Мәшһүр Жүсіп айтпақшы, қазақ өнерінің төресі – дәстүрлі ән өнері шарықтаған концертке еліміздің танымал әншілері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Қапаш Құлышева, Бисара Мәкенова, республикалық байқаулардың лауреаты Салтанат Қисатова және филармонияның шығармашылық ұжымдары қатысты. Сонымен қатар, филармонияның дәстүрлі әншілері Сәрсенбай Хасенов, мәдениет саласының үздігі Эльмира Төлеубаева, Жанар Сақтағанова өнер көрсетті. Осы айтылып өткен әншілердің орындауында «Ақтоқтының әужары», «Маңмаңгер», «Майраның әні», «Меруерт моншақ», «Қараторғай», «Сұлу Көкше», «Шырмауық» әндері шырқалды.

Бұл кеште Сәрсенбай Хасенов концерттің жүргізушісі ретінде екі есе тер төкті деуімізге болады. Сахнаға Қапаш Құлышева шыққанда залдағы көрермендер ду қол шапалақтап, әнші өнерінен кейін гүл шоқтарын сыйлады. Қапаш апамыз өзінің сахнада жүргеніне 50 жыл болғанын айтты. Ақан серінің аруағын қолдап, «Жиырма бес қайта айналып келмейді» деп шырқаған әйгілі әнші өз орындауында Үкілі Ыбырайдың «Қалдырған» әнін де тыңдарманға бар мазмұн-қуатымен керемет жеткізіп, ел алғысын арқалады.

Концерттің соңында жазушы, «Ақмола-«Тіршілік» серіктестігінің директоры Жабал Ерғалиев әншілерді өрелі өнерімен құттықтап, әрқайсысына гүл шоқтарын, кішігірім сыйлықтар сыйлады.

«Көкше телеарнасы да көрермендерден концерттен алған әсерлері, пікірлері туралы сұхбаттар алып, онда сөз алған азаматтар Ақан серінің әндерін сүйіп тыңдайтындарын, бұл туындылар қазақ әндерінің алтын қорында мәңгі жасай беретіндігін жеткізді.

Қарлығаш ҚАРПЫҚБАЕВА.   

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар