Жас ғабдуллиншілер клубы жаңа мүшелермен толықты

Кеңес Одағының Батыры, академик, жазушы, қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллин музейінде батыр тұлғасын насихаттау, оның мол мұрасын халыққа таныстыру жұмысы жақсы жолға қойылған. Бүгінде музей қызметкерлерінің бұл еңбегі облыс көлемінде ғана  шектеліп қалмай, республика бойынша жалғасып жатқандығы да көпшілікке мәлім. Соның бір айқын дәлелі, 2016 жылы құрылған республикалық «Жас ғабдуллиншілер» клубы болып табылады.

Республика бойынша Көкшетау, Ақтөбе қалаларында, Зеренді ауданында, Алматы облысы Қаратал ауданының  Абай ауылында, Қарасай ауданының Кішітөбе ауылында, Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданының  Бескетік ауылында, Жамбыл облысы Жуалы ауданының Ертай ауылында, Шу ауданының Балуан Шолақ ауылында, Қордай ауданының Керу ауылдарында Мәлік Ғабдуллин атындағы мектептер бар. Республиканың түкпір-түкпірінде орналасқан бұл тоғыз мектеп Мәлік батыр есімінің мәңгі жасайтындығының белгісі, Мәлік Ғабдуллин музейінің тоғыз қанаты, батыр бір өңірдің ғана емес, барша халыққа ортақ тұлға екендігінің дәлелі болып табылады.

«Жас ғабдуллиншілер» клубы жас ұрпақтың бойында жаңақазақстандық патриотизмді қалыптастыру, М.Ғабдуллиннің тұлғасы арқылы өскелең ұрпаққа Отан қорғау жауапкершілігін ұқтыру, Мәлік батырдың насихатталуын бірізділендіру және республика бойынша М.Ғабдуллин атындағы мектептермен тығыз байланыс орнату мақсатында құрылған болатын. Осы мектептер арасында байланыс орнату, батырдың тұлғасын, өмірі мен шығармашылығын насихаттау ынтымақтастық меморандумы аясында жүзеге асырылып келеді.

Жуырда музейдің ұйымдастыруымен Көкшетау қаласындағы М.Ғабдуллин атындағы №3 көптілде оқытатын кәсіби мектеп-гимназиясының салтанат залында республикалық «Жас ғабдуллиншілер»  клубына жаңа мүшелерді қабылдау рәсімі өтті. Бұл мектеп даңқты жерлесіміз Мәлік Ғабдуллин оқыған, түлеп ұшқан қара шаңырақ болғандығымен ерекшеленеді. Осы уақытқа  дейін клуб құрамына  300-ге жуық оқушы қабылданған болса, осы шарада М.Ғабдуллин атындағы №3 көптілде оқытатын кәсіби мектеп-гимназияның оқуда озат, қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын  тағы 10 оқушысымен толықтырылды.

Жас ғабдуллиншілер қатарына жаңадан қосылған оқу озаттары салтанатты түрде ант қабылдады. Клуб мүшелеріне арнайы куәліктер мен төсбелгілерді музей директоры Кенжебай Мұқышев пен мектеп-гимназиясының директоры Ардақ Ахметжанова тапсырды.

Іс-шарада сөз сөйлеген осы басшылар Мәлік батыр есімі берілген мектептердегі клуб жұмысы туралы баяндап, игі бастаманың Мәлік оқып, үлкен өмірге қанат қаққан шаңырақта өтіп жатқандығына қуанатындарын  жеткізіп, республикалық клубқа мүше болған жас мәліктанушыларға сәт сапар тіледі. Іс-шара мектеп оқушыларының шағын концерттік бағдарламасымен аяқталды.

Олай болса, музейдің жылдық іс-шарасының дәл осы мектепте қорытындылануының өзіндік мәні бар деп білеміз. Мәлік батыр тұлғасын үлгі ете отырып, жас ұрпақтың рухын оятуда және жас мәліктанушыларды тәрбиелеуде бұл жобаның әлі де болса берері зор. Бұл музейдің 2023 жылғы қорытынды іс-шарасы болатын. Жаңа 2024 жылда да осындай жағымды жаңалықтарымыз бен игілікті іс-шараларымыз көп болсын!

Аягөз МАХМЕТОВА,
Мәлік Ғабдуллин музейінің аға ғылыми қызмектері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар