Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бағдарлама қуантады - АРҚА АЖАРЫ

Бағдарлама қуантады

бірақ, көңілде ой да қалды

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы компаниялар тобы «Елім менің» атты әлеуметтік инвестициялық бағдарламаны қолға алды.

Бағдарламаның мақсаты ел аймақтарында халықтың тұрмыс деңгейін көтеруге, тұрғындардың сапалы қызмет түрлерін пайдалануларына ықпал ету, білім, мәдениет және денсаулық сақтау нысандарына көмек көрсету болып табылады. «Самұрық-Қазына» холдингі құрамындағы кен орындарын игеру және өңдеу кәсіпорындары аталмыш бағдарлама аясында алғашқы кезеңде, яғни, 2016-2017 жылдары Ақмола, Павлодар және Маңғыстау облыстарын қамтымақшы.
Әрине, бүгінгі күні құрамына барлығы 500-ден астам компания кіретін «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының мүмкіндігі өте жоғары екендігі белгілі. Сондықтан да, оның ел аймақтарында әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға мейлінше көбірек үлес қосу тұрғысында арнайы бағдарлама қабылданғандығы құптарлық іс. Аталмыш бағдарламаны компаниялар тобының «Samruk-Kazyna Trust» қоры қолға алған екен.
Қазан айының 5-і күні «Елім менің» бағдарламасы облысымыздың Аршалы
ауданында басталды. Бағдарлама аясында №1 Аршалы орта мектебіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, спорт залына қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды. Мектеп ауласында Street Workout алаңы орнатылды. Сондай-ақ, балалар ойнайтын алаң, тағы басқа салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал ететін орындар бой көтерді.
Шынында да, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының бұл бастамасы өте құптарлық жай. Жоғарыда айтып өткеніміздей, құрамына еліміздегі ең бай бес жүзден астам компания кіретін холдинг үшін әлеуметтік салаға қаржы бөлу көп қиындық тудырмайды. Бұл арада «біткен іске сыншы көп» болудан аулақпыз. Алайда, көңілге түйген кейбір мәселелермен бөлісудің артықтығы болмас. Мәселен, Аршалы ауданында бағдарлама аясында атқарылған жұмыстар «алты Алашқа сауын айтып» жарапазандайтындай онша ауқымды іс бола қойған жоқ.
Рас, «Елім менің» бағдарламасы бойынша еліміздің барлық аймақтары қамтылатын болғандықтан, бөлінетін қаржыға да белгілі бір шектеу қойылған болар. Құрамындағы әр компанияға бір ауданнан бөліп берсе, бұдан да көп мәселені шешуге болар еді. Айналасы бір сағаттың ішінде аяқталған шараға «Самұрық-Қазына» холдингі өкілдерімен қатар, Парламент Мәжілісінің депутаттары, республикалық және облыстық баспасөз құралдарының өкілдері шақырылған. Мектептің спорт залындағы қондырғыларды қалай пайдалану керектігін Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко таныстырса, саябақтағы воркаут алаңын  спорттың Street Workout  деген түрінен әлем чемпионы Дияс Биджиев өзінің Қарағанды қаласынан арнайы шақырылған әріптестерімен бірге таныс-тырды. Сондай-ақ, Bar Bars өкілдері де осы арада. Қысқасы, қазақта ыңғайлы сөз табылмағандай қаптаған шетелдік атауларға тәнті болдық. Осылай жалғаса берсе, енді біраз жылдан соң қытай тілінің де «қойны-қонышымызға» толып кетпесіне кім кепіл.
Шараның ашылу салтанатында «Samruk-Kazuna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Ерлан Қожабергенұлы Дәрімов қордың қолға алған істері, «Елім менің» бағдарламасының мақсаттары жайлы баяндап берді. Сондай-ақ, аталмыш қордың басқарушы директоры Лима Дияс спорт залындағы қондырғылармен таныстырды. Рас, спорт залын өте жақсы жабдықтаған екен. Біраз қаржы бөлінген соң салынғанына 60 жыл болған мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізсе, тіпті тамаша болар еді деген ой келді. Бұл арада «сыйлап мінгізген аттың тісін тексеруден» аулақпыз, бірақ, мұндай шаралардың пәрменділігі жоғары болғандығына не жетсін?
Аудан орталығында бір кездері қараусыз қалыңқырап тоза бастаған орталық саябақ толық жөндеуден өткізілген екен. «Елім менің» бағдарламасы аясындағы воркаут алаңы да осында орналастырылыпты. Осы арадағы атқарылған жұмыстарды көріп,
аудан мен облыс бюджетінен бөлінген қаржыға іске асырылған жұмыстар «Самұрық-Қазына» бағдарламасы бойынша жүргізілген жұмыстардан ауқымды ма деп қалдық.
Әрине, бұл арада қолға алынған бағдарламаны сынайық деген ой жоқ.  «Самұрық-Қазына» қоры тамаша бастаманы қолға алған. «Елім менің» бағдарламасы аясында әлі талай игі істердің жүзеге асырылатындығына күмән жоқ. Тек, бәрін «бір шыбықпен айдамай», қай ауданға бірінші кезекте не қажет, қай іске бюджеттің шамасы жетпей жатыр деген мәселелерді пысықтап алса, тіпті, дұрыс болар еді-ау деген пікір ғой біздің айтпағымыз.

Талғат ҚАСЕН.
Аршалы ауданы.
Суретті түсірген Виталий Цыганов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар