Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бала жанын баураған - АРҚА АЖАРЫ

Бала жанын баураған

Бала жанын түсінген адам ғана жүрегін баурай алады. Жай бала емес, тілінде мүкісі болса ше? Ес біле келе өзгеден қысылуы, құрбыларынан ұялуы әбден мүмкін. Олай болса мүлде тұмшаланып, басылып қалмақ. Біздің кейіпкеріміз Марина Дюбкина осындай кемшіліктің тігісін жатқызып, жас көкірекке үміт отын жағып жүрген жан. 

Атбасар қаласындағы №5 орта мектепті бітіргеннен кейін Қарағанды қаласындағы Е.Букетов атындағы мемлекеттік университетті тәмамдап, дефектология мамандығы бойынша диплом алды. Оқи жүріп «Алтын бесік» бөбекжайында тәжірибеден өтті. Өзінің айтуына қарағанда, алғашқыда өте қиын болғанға ұқсайды. Мұндай балалармен жұмыс істеу оңай емес қой.

–Сәбилер ес біле келе әртүрлі дыбыстарды құлақтары шалады емес пе? – дейді Атбасар қаласындағы «Еркежан» бөбекжайының логопеді Марина Эдуардовна, – бірте-бірте сол дыбыстарды өздері де айтып жеткізгілері келеді. Дұрыс сөйлей білсе бір жөн. Мұндай жағдайда өздерінің жатық, анық сөйлейтіндіктеріне сенімі молаймақ. Ал, егер кейбір дыбыстарды айта алмай жатса, қатты қысылады. Міне, осы кезде баланың жанын әлдебір нәзік сезіммен қабылдай білу керек. Сонда ғана еңбегің нәтижелі болып, тәлім-тәрбиеңді көрген бүлдіршін кемшіліктен арылады.

Тәжірибелі маманның айтуына қарағанда, соңғы жылдары мұндай кемістік бел алып кетті. Ғалымдардың дәйекті зерттеулеріне қарағанда, дамуында түрлі кемістігі бар балалардың саны уақыт өткен сайын көбейіп келеді. Олардың арасында сөйлеу тілі бұзылған балалардың үлес салмағы басым. Маманның мақсаты осындай балаларды дер кезінде анықтап, түзету.

–Марина Эдуардовна өз ісінің шынайы шебері, – дейді «Еркежан» бөбекжайының меңгерушісі Гүлден Қасымова, – теориялық және тәжірибелік дайындығы мол, өз білімін сарапқа салып жүр. Облыс орталығында өтетін семинарларға қатысып, осы мәселені індете зерттеп, авторлық бағдарламасын дайындады. Республикалық басылымдарда зерттеу еңбектері жарық көруде. Республикалық педагогикалық конкурста бірінші дәрежелі дипломға ие болды, одан өзге де марапаттары аз емес. Ең бастысы, ата-аналардың алғысына ие болып жүр.

Тілінде мүкістігі бар балалармен мамыражай отырып, емін-еркін көбірек әңгімелесу керек екен. Олардың бойындағы кішкентай кемшілікті нұсқап көрсету де қажетсіз. Бұл арада қамырдан қыл суырғандай ептілік керек. Өкінішке орай, тіршілік қамымен жүрген ата-аналар бауыр еті балаларының бұл кемшілігіне көңіл бөле бермейді. Ілкі заманда балалармен тіл ұстарту тақырыбында әдейілеп жұмыс істемесе де, жандарын баурайтын әдемі ертегілер айтқызатын. Ал, ақиқатында екі жасқа дейінгі баланың бал күлкісі, әлденені былдырлап айтқаны құлаққа жағымды естіледі. Екі жастан асқан соң бала  әлі де былдырлап жүрсе, онда логопедтің көмегіне жүгінген жөн.

–Баланың қатарынан қалмай дамығаны кез-келген ата-ана үшін үлкен қуаныш. Біз өз перзентімізді «Еркежан» бөбекжайына берген кезде Марина Эдуардовнаның жұмыс істейтінін білдік, –дейді ата-ананың бірі Юлия Молчанова, –ол балалармен де, ата-аналарымен де тіл табыса біледі. Әрбір баламен жеке-жеке жұмыс істейді. Біз үнемі бақылап жүреміз. Сондықтан да маманның әрбір табысы біз үшін, біздің балаларымыз үшін жасалып жатқан жанашырлық деп қабылдаймыз.

Сөз арасында түйгеніміз, Марина Эдуардовнаның өзі ұстаздар әулетінің өкілі екен. Әжесі қырық жыл бойы орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берсе, анасы бар ғұмырын мектепке дейінгі мекемеде тәрбиеші болып өткерген. Ілкіден жалғасқан ілкімді жұмыс осылайша көктеп, көгеріп келеді. Бар жақсылық шарапаты ел ертеңі – балаларға тиюде.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар