Жақсылармен жанасып, арыменен санасып

Өнегелі ғұмыр кешкен жандардың бірі әрі бірегейі Кәркен Қасымұлы Жарылғасов еді деп өткен шақпен сөйлеу қандай ауыр еді десеңізші. Кеше ғана арамызда жүрген арда азамат бүгін жоқ. Тағдырдың осы бір қаталдығына мойынұсыну қиын. Азамат болғанда қандай азамат еді. Дәл Кәркеннің бойындағыдай бауырмалдылықты, адамгершілік пен парасаттылықты, мәдениеттілік пен жан-жақтылықты қайдан табасың, енді кімнен кезіктіресің деп те ойланып қалсаң, ол да ақиқаттың ауылынан алыс емес көңілдің күйініші. Бұл дүниеде жақсы адамдар аз деп ешкім де айта алмас. Олар бар ғой, көп те шығар. Бірақ, әркімге көңілінің жақындығы мол, алалығы жоқ, тұрған тұрысы, сөйлеген сөзінің өзі тек бейкүнәліктен, адалдықтан хабарбергендей нақ Кәркен сияқты азаматтың сырбазын оңайлықпен тауып көр енді дейді менің мына түйсігім тағы да құлази қалған жан дүниемнің бозінгеніне аяулы замандасын жоқтатқан күйі.

Соңғы рет туған бауыры Дәуренннің мерейтойында қатар отырып, бір дастархан басында ойнап-күліп, той қызығын тамашалағанымызға да көп өтпеп еді. Алла жазса қаңтарда  өзінің жетпіске толатынын айтып, өзіне де осындай қызықтың ауылы алыс еместігін аңғартып қойған. Кім алдағы күнін болжапты?! Бәріне жетеміз, бәрінен өтеміз дейміз. Бірақ, жазмыш. Арадағы аз күн. Сұм ажал түгілі титтей қиянатқа қимайтын жігіттің төресі Кәркен ағамыздың да ғұмыры осылай әп-сәтте тұйықталар, сырлы да сырбаз кеуденің демі таусылып, бір төмпешік болып қыр үстінде қалқаяр деп кім ойлапты?!

Көбіміз үшін бұл қаза аспаннан жай түскендей қабырғамызды қайыстырып, ой орманымызды опыр-топыр етіп ойыстырып кеткенін басынан айтып жатырмыз. Әлі де айтуға тиіспіз. Өйткені, қайран, Кәрекең дегенде сөздің жөні де бөлек, орны да бөлек екенін мына жаның осы жазуға отырғаннан, қаламыңды ауық-ауық қыса ұстағаннан-ақ сезіне түседі, қарадай егіліп, езіле түседі. Редакцияда, көшеде, мереке күндері орталық алаңда, қайда кездессек те, Кәркен жүрегі саған деген алғаусыз бір ақадал сезімге толы болатын, жарқылдай амандасып, жөн сұрасып, ізгі тілеуімен ерітіп, көңілінің шуағына қандырып, мөймілдетіп кететін. Бес уақыт намазын қаза қылмайтын тақуадай жылда «Арқа ажарына» жазылу үрдісін де қаза қылмаушы еді, берекетім. Тіпті болмаған жылдары редакциядан келіп, жаздырып алушы еді. Сондайда қал-жағдай сұрасудың соңы  кабинет пен қабылдау бөлмесінен әрі асып, бір-бірімізді қимағандай, дәлізге шығып қоштасушы едік. Жақсы адамдармен шіркін, қашан да солай ғой.

Енді сол аңқылдаған Кәркеніміз жоқ, редакция есігін ашпайды, келмейді дегенге қалай сенерсің, көңіл көгенін қалай көндіресің?! Жалғыз біз емес, есіл азаматтың қазасына нанар-нанбастарын білмей қиналып жатқан жұрт қаншама?! Өз шаңырағы, бірге туған бауырлары, ағайын-туыс, көрші-қолаң, құда-жекжат, тай-құлындай тебісіп өскен бала күнгі достар, құрбы-замандас, бірге оқыған сыныптастары мен курстастары Кәрекең жанының жайсаңдығын, тазалығын білетін әріптестерін қайдақоярсыз.

«Кәркөш… Кәркен! Аяулы дос, қайран інім-ай, сенің өмірден өткеніңе сенгім келмейді. Сен туралы өткен шақта сөйлеймін деп ойлаппын ба!..»

«Өте өнерлі, ізденімпаз еді, біздің Кәркен. Шетте, елден жырақ Украинада жүргенде ортамызға алып, домбыра шерткізіп, туған жерге деген сығынышымызды басушы едік. Сол қиырда, басқа ортада да өз тілімізде сөйлеп, қазақ екенімізді мақтан ететінбіз. Сондайда ұлтқа, өз тегіне деген осы қасиет бәрінен де біздің Кәркенімізде басым еді».

«Иә, өмірдің көбі кетіп, азы қалды, мезгілдің жазы кетіп, күзі қалды». Бұл  – Кәркеннің ватцап желісімен маған жазған соңғы хаты. Алла білдірген болар, 30 қазан күні солай жазды да, 3 қарашада қаралы хабары келіп, жолдасым Қанат екеуіміз де үн-түнсіз сұлық отырып қалдық».

«Байқағаным, осы жылдарда Кәркен үлкен тұлғаболып қалыптасыпты. Оны сөз саптауынан, жалпы өмірге деген көзқарасынан аңғардым. Қай тақырыпта болсын, ұлт, әдебиет, мәдениет, саясат мәселелерінде ойы терең, сөзі салмақты еді. Білімдарлығы, көп оқып-тоқығаны көзге бірден көрініп тұр. Осыған мен шын жүрегіммен қуанып жүрдім, тілеулес болдым. Институттан кейін көп жылдар бір-бірімізбен хабарсыз кетіп, телефон арқылы енді тауып едік. Менің бірер жас үлкендігім бар, «әпке, Көкшеге қонаққа келсейші, үй ішімізбен күтіп аламыз» деп жік-жапар болатын. Сөйткен қимас бауырым-ай, сен де осындай қарапайым да ірі болмысыңмен қара жер құшағына ендің бе?!.».

Бұл сонау жетпісінші жылдары Кәрекеңмен Украинаның Житомир қаласындағы педагогикалық институтында бірге оқыған достарының осы бір абзал азамат дүниеден өткелі інісі Дәуренге дамылсыз жіберіп жатқан күйініш хаттары. Соңғы бір Кәркеннің биік өресін, азаматтық нар тұлғасын дөпбасқан келелі пікірдің иесі курстас әпкесі Роза Қабыланова. Сондай-ақ, Астанадан Гүлнәр курстасы бастаған құрбы-құрдастары да қырқына асыға жетеміз деген.

Өзі жайлы бұлдүние мен ана дүниеде осындай сөз айтқызбаса, біртуар қадір-қасиетін білгізбесе, Кәркен Кәркен болар ма, Абылайды хан сайлаған Қанай би бабасының ұрпағы болып жер басар ма?! Оның жан-жақтылығы – кісілі мен кішілігі, жанының кемелдігі мен кеңдігі, фотосурет өнері мен кәсіпкерлікке дейін шебер меңгергендігі, қазақ, орыс әдебиетін жете біліп, екі тілде бірдей шешен сөйлегендігі, ән салып, қалам ұстап, көркем дүниелер, мақалалар жазғаны, өзін тыңдатып та сыйлатып, басқаны да тыңдап, сыйлай білгені, жақсыларға серік, достыққа берік болғаны бойлай берсең, тым ұзаққа алып кетеді.

Дегенмен, бүгінгідей асыл азаматтың өнегелі өмір жолын көпке бір құлаққағыс етіп өтсек деп отырғанда, соның кейбіреуіне тоқталу да парыз. Сегіз жыл бойы үзбей шығып, одан әрі қаржы мәселесіне орай тоқтап қалған «Көкшетау» журналының 2013 жылғы №4 санында осы Кәрекеңнің «Насыбай» әңгімесін жариялағанымызда, суретімен қоса, «Кәркен Жарылғасов 1954 жылы бұрынғы Көкшетау облысы, Щучье ауданының Түлкілі ауылында дүниеге келген. 1970 жылы Щучинск қазақ мектеп-интернатын бітіргеннен кейін еңбек жолын Шымкент облысы Қызылқұм ауданындағы «Ақтөбе» қаракөл қой кеңшарында С.Сейфуллин атындағы орта мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастады. Украинадағы Житомир педагогикалық институтының түлегі. Одан бері де Қызылорда, Павлодар облыстары мен Көкшетау қаласында оқытушылық қызмет атқарған. Қазіргі уақытта жеке кәсіпкер. Қазақтың аса көрнекті жазушысы Сәкен сері Жүнісовтың қасында  көп жүріп-тұрған, әдебиетке өте құштар азамат өзі де әңгіме жазумен шұғылданады» деген анықтама беріппіз.

Иә, Көкшенің текті перзенттерінің бірі Кәркен Жарылғасовтың басты бір қасиеті, Алла өлшеп берген өзінің осы азды-көпті ғұмырында әдебиетке, сөз өнеріне шексіз берілгендігі еді. Әлем классиктері Лев Толстой, Хемингуэй, тағы басқаларының ана кітап, мына кітабынан қиналмай, бас кейіпкерлерін аузына ала қалғанда, екінің бірінде кездеспейтін осыншама эрудициясы мен зеректігіне сүйсінбеске амалың қалмайтын. Көрнекті қазақ жазушыларына да көңіл-ниеті солай еді.

Сонысын дөп басып, дәл аңғара білді ме, әйтеуір ақкөңіл, мінезі ашық болғанымен, екінің біріне тап солай ынта-шынтасымен беріле қоймайтын жерлесіміз Сәкен сері Жүнісов та бертін Көкшетауда тұрған жылдары осы Кәркен ағамызбен арасынан қыл өтпейтін керемет таныс-біліс, дос болып кетті. Көп жағдайда жұптары жазылмай, бірге араласып-құраласып тұрды. Кәркен інісі соның бәрінде атағы дардай Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлық иегерінің, мінезі де бар, мысы басым ағамыздың ойынан шыға білген оғыланы, сенімді серігі ретінде және бір қырынан жарқырады. Ал, сол аяулы тұлға дүниеден өткенде еңсесі түскен Кәркенді көру, оның жан күйзелісін сезіну де байқаған жанға оңай емес еді. Мұндайда сегіз қырлы, бір сырлы атақты жазушының жанына елдің небір жақсы-жайсаңдары,  «мен» деген азаматтары үйірілетіні белгілі. Бүгінде бауыры Дәуреннің қолындағы Сәкен ағасымен, солармен өзінің фотообъективінен шыққан қисапсыз суреттер де сол өткен күннің белгісіндей өз бетіндегі енді жоқ аяулы бейнелерді бізбен бірге іздейтіндей.

Сәкен ағасымен тағдыр бір қосқан соң ол кісі бағалаған жерлес қаламгеріміз Төлеген Қажыбаймен де тонның ішкі бауындай жарасып, анда-мында бірге жүретін. Төкеңнің тануында да Кәркен Жарылғасов өресі биік, азаматтық тұғыры нық, егер дендеп соңына түссе, проза жанрында бір адамдай жазып кете алатын қабілеті басым жігіт еді. Олай дейтініміз, сол «Насыбай» аталатын әңгімесін біздің «Көкшетау» журналына ұсынғанда, Кәрекең «Төлеген ағам оқып, ұнатқан соң ғана беріп жатырмын» деп өзінің қарапайымдылығына тағы бір басып қойып еді.

Бұлай біреудің ала жібін аттамау, адал сөзбен ұғынысу отының басынан тараған қасиеті болатын. Әкесі Қасым Қарабұлақ (Қанай би) ауылынан, Ұлы Отан соғысының ардагері, көп жыл мектепте мұғалім болды. Анасы Мәрәш өмірден 41 жасында, ерте өтті. Жеті ұлдың ішіндегі екінші балаға Алла ерте есеюді жазды ма, ат-жалын  тартып мінгеннен шетте көп жүрді.  Әуелде оқуға Шымкент педагогикалық институтына түскен. Ол жерден бір топ баланы Житомирге ауыстырды. Сол жақтан украин тілін, украин әндерін де әжептәуір үйреніп келді. Қайран Кәрекең-ай, кейде сол студенттік өмірі де есіне түсе кетіп, көңілін сол тіл, сол әндермен де бір асқақтатып қоятын.

Айта берсек, осы Көкшетаудан алғашында Төлеген Қажыбай ағамыз бастап, бір топ ел азаматтарымен бір емес, екі рет қазақтың батыр ғарышкер ұлы Тоқтар Әубәкіровтың шаңырағында да болып келіп, сол жолдары қаламынан туған әсерлі жолсапар очеркінде газетіміз бен журналымызда қатар басқанымыз күні кеше сияқты еді. Енді ондай дүниелерді бізге кім жазар?! «Тас түскен жеріне ауыр» демекші, бәрінен бұрын енді өзінің шаңырағына, әсіресе, ойын-тойда көпшіл, сауықшыл ағамыздың мына өмірге, жақсыға деген қанып бітпейтін көңіл құштарлығына жымиып, күліп қана отыратын Мафту жеңгемізге, балаларына, бауырын іздеген іні-қарындастарына қиын. Сосын жаны жаз, көңілі көктем Кәркендей азаматынан айырылу, ойда жоқта мәңгіге көз жазып қалу еліне де оңай болып па. Біз де тосыннан келген осы ажалдың ауылы алыс болғанда,  бәлкім, ертеңгі жетпіс жасында жазарымызды басқа рәуішпен жазып, емен-жарқын отырмас па едік. Бәрі бір Жаратушымыздың қолында болғанымен, дәл осы Кәркеніміз үшін көңілге мұң, көкірекке өкініш келген үстіне келе береді…

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА. 

Суретте:  Балташ Айдарханов, Сәкен сері Жүнісов, Айтқажы Қазбеков және Кәркен Жарылғасов.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар