Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов облыс орталығының коммуналдық қызметтері мен жергілікті атқару органдары басшыларымен кезектен тыс кеңес өткізді. Басты мәселе – көкшетаулықтардың әлеуметтік желілерде жариялап жатқан тұрғын үй аулаларындағы қоқыс үйінділері.
Көкшетауды бірнеше күннен бері қатты аяз қыспаққа алып, әуре-сарсаңға салды. Аяздың салдарынан коммуналдық қызметтердің техникалары істен шығуда. Осыған байланысты аулалардан қоқыс дер кезінде әкетілмей, бей-берекет шашылып жатыр, ал, тұрғындардың тарапынан арыз-шағымдар көбейген.
Коммуналдық қызметтердің жұмысын сынға алған облыс әкімі Көкшетаудың көптеген аулаларының қоқысқа толы екеніне өзі барып, көз жеткізгенін айтты.
–Бір апта бойы ауладан қоқыс әкетілмеді. Қатты аяз басталғаннан бері жағдай осы, қоқыс жиналмайды, – дейді Сарыарқа шағын ауданының 6/5 үйінің тұрғындары.
«Оператор ТБО Кокшетау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Дарын Әшімовтің айтуынша, қатты аязға байланысты техникалардың көбі істен шығып, жолда көліктердің аккумуляторлары жарылған, тежегіштерінде ақаулықтар пайда болған. Қазіргі уақытта қосымша техникалар жалға алынып, қала ішіндегі қоқыстар толығымен тазартылуда екен. Осы ретте, облыс басшысы Марат Ахметжанов оған ауа райының кез келген жағдайында шарттық міндеттемелер орындалу қажеттігін ескертті.
– Жұмыс аптасы басталуда, ал, қоқыс әлі шығарылмаған. Сіздер бұған дейін қысқы тазалық жұмыстарына техниканың дайын екенін көрсеткен едіңіздер. Естеріңізге сала кетейін, тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару бойынша қызметтер Мемлекеттік сатып алу шарты негізінде жүзеге асырылады. Конкурсты өткізу кезінде Көкшетау қаласының әкімдігі өзінің барлық талаптарын белгіледі, сондықтан, қызметтерді жеткізуші компания әр алаңнан тұрмыстық қатты қалдықтарды тұрақты әкетуді қамтамасыз етуге міндетті, ал, контейнерлер ерте толып қалса, жоспарлы күнінен бұрын әкету қажет. Сізде қай кезде болмасын, қажетті материалдық және еңбек ресурстары, басқару, техникалық, қызмет көрсету персоналы болуы тиіс. Барлық шұғыл жағдайлар ескерілуі қажет. Келісім-шартқа қол қойған кезде сіз не істеп жатқаныңызды білдіңіз, сондықтан, алған міндеттеме орындалуы тиіс,– деп қадап айтты облыс басшысы коммуналдық қызмет басшылығына қарата.
Сонымен бірге, аймақ басшысы Көкшетау қаласында еліміз бойынша коммуналдық тарифтер ең жоғары екендігіне назар аударды. Көкшетау қаласының әкімдігіне келетін болсақ, тапсырыс беруші ретінде ол қызметтердің сапасын тексеріп тұруы тиіс. Дұрыс атқарылмаған жұмыстарды анықтаса, дереу жазбаша түрде жеткізушіні, яғни, коммуналдық қызметтің басшысын хабардар етуге және тұрақсыздық айыбын ұстап қалуға және өндіріп алуға, сондай-ақ шартты бір жақты тәртіппен бұзуға құқылы. Алайда, бұл нормалар, өкінішке орай, іске асырылмайды. Осыған байланысты аймақ басшысы:
–Сіздер, жергілікті атқарушы органдар елді мекендердің санитарлық тазылығы мен абаттандырылуын қамтамасыз етуге тиіс екендеріңізді ұмытпаңыздар, –деп қала басшылығына ескерту жасап, әлі де аулаларда әкетілмеген қоқыстардың барын еске салды.
–Біз сіздерден артық нәрсе сұрап отырған жоқпыз. Коммуналдық қызмет түрін ұтып алған жеткізушілер, Сіздер өз міндеттеріңізді шартқа сай орындауларыңыз қажет. Мемлекеттік және жергілікті атқарушы, құқық қорғау органдары – Сіздер де тазалық пен тәртіпке қатысты өздеріңізге жүктелген функционалдық міндеттеріңізді тиісінше орындаңыздар, тексеріңіздер, ескертіңіздер, – деп жиынды қорытындылай келе, облыс әкімі осы саладағы бірқатар жауапты тұлғаларға атқарылған жұмыстарының нәтижелері бойынша алда есеп берулерін тапсырды.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
Тамара САЛИМОВА.
Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.