2024 жылы мәслихаттардың құрылғанына 30 жыл толады. 1993 жылғы желтоқсанда «Қазақстан Республикасының жергілікті өкілді және атқарушы органдары туралы» заң қабылданды, ал, 1994 жылғы наурыздан бастап мәслихаттар-депутаттар жиналыстары өз жұмысын бастады. Егемен Қазақстанның өкілді билік органдарының қызметі сол кезден бастап іске асырылып келеді.
Бюджеттерді қалыптастыруға және орындауға, мемлекеттің әлеуметтік саясаты мен экономикасын одан әрі дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен партиялық жобаларды іске асыруға байланысты өзекті мәселелер әрқашан мәслихаттардың назарында. Депутаттар халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және абаттандыру, жылу және сумен жабдықтау, энергетика және көлік инфрақұрылымы, құрылыс және жер қатынастары салаларындағы маңызды мәселелерді және басқа да өңірлік проблемаларды көтереді. Біздің ауылдарымыз бен қалаларымыздың келбетін өзгертуде, халықтың өмір сүру деңгейін арттыруда барлық деңгейдегі депутаттардың еңбектері бар.
2023 жылғы 19 наурызда сегізінші шақырылған Ақмола облысы мәслихаттарының депутаттары сайланды. Алғаш рет облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарының депутаттары пропорционалды жүйе бойынша: партиялық тізімдер және бір мандатты округтер бойынша сайланды. Ал, аудандық мәслихаттар мен облыстық маңызы бар қалалардың депутаттары тек бір мандатты округтер бойынша сайланғаны белгілі. Бұл әр түрлі партиялар мен қоғамдық бірлестіктер, түрлі жастағы, кәсіптер мен қызмет салаларындағы адамдар қатысатын депутаттық корпус құруға мүмкіндік берді. Олардың арасында сайлаушылардың сеніміне қайта ие болғандар аз емес.
Бүгінгі таңда депутаттар атқарушы билікке ықпал ете алатын, өңір тұрғындарының түрлі мәселелерін бірлесіп шеше алатын, қоғамның дүниетанымын және ақмолалықтардың өмір сүру сапасын өзгерте алатын үлкен күш болып табылады.
Сегізінші шақырылған Ақмола облыстық мәслихатына 32 депутат сайланды, оның жартысы бір мандатты округтер бойынша сайланды. Депутаттар үш партиядан – «AMANAT» (26 адам), «Ауыл» (2 адам) және «Ақжол» (1). Үш депутат партия мүшелері емес.
Бірінші ұйымдастыру сессиясы 30 наурызда өтті, ал, 1 сәуірде біз жаңа құрамда және жаңа идеялармен жұмыс істей бастадық. Депутаттардың кәсіби қызметтері мен мүдделерін ескере отырып, төрт тұрақты комиссия құрылды. Мәселен, атқарушы және өкілді билік органдарында жұмыс тәжірибесі бар Марат Қойшыбаев экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы болып сайланды. Әлеуметтік сұрақтар жөніндегі комиссияны жетінші шақырылымда депутаттық тәжірибесі бар дарынды педагог-ұйымдастырушы Айнагүл Балташева басқарады. Тиімді жұмыс істеу үшін осы екі комиссияның төрағалары өз қызметтерін босатылған негізде жүзеге асырады, бұл олардың мәслихатта тұрақты болуын және жетекшілік ететін мәселелерді шешумен тығыз айналысатынын білдіреді.
Депутаттық этика, заңдылық, экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комиссияны тәжірибелі депутаттардың бірі Павел Безвербный басқарады. Аграрлық мәселелер және индустриялық-инновациялық даму жөніндегі комиссияға «Көкше» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Саят Сыздықов жетекшілік етеді.
Облыстық мәслихат депутаттарының ішінде жерлестерін жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп қана қоймай, әлеуметтік нысандарды қолдайтын, ауыл тұрғындарының нақты мәселелерін шешетін, қайырымдылық, қоғамдық, партиялық қызметпен белсенді айналысатын кәсіпорындардың, ірі агроқұрылымдардың құрылтайшылары мен басшылары бар. Олар әлеуметтік желілерде де белсенді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен екі жыл ішінде елімізде бірқатар конституциялық реформалар енгізілді, заңдарға, оның ішінде «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Нәтижесінде барлық деңгейдегі депутаттардың өкілеттіктері едәуір кеңейтілді. Біздің барлық мемлекеттік органдардың басшыларын есепке шақыруға, өз отырыстарымызда тыңдауға құқығымыз бар.
Осыған байланысты біз тұрақты комиссиялардың жұмыс форматын толығымен қайта жүктедік. Жоспарлы отырыстардан басқа, алғаш рет мемлекеттік органдардың басшыларын тыңдау практикасы енгізілді. Мәселен, ағымдағы жылы халықты толғандыратын өзекті мәселелер бойынша барлық басқармалар мен департаменттерді тыңдау өткізілді. Ағымдағы жылы төрт комиссия жалпы 70-ке жуық отырыс пен тыңдау өткізді. Бұдан басқа, мемлекеттік органдардың барлық нормативтік-құқықтық актілерін сессияға шығарылғанға дейін тұрақты комиссиялар міндетті түрде алдын ала қарайды. Комиссия мүшелері жергілікті жерлерде жинақталған проблемаларды қарау үшін мерзімді түрде өңірлерге барады, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаулар, сайлаушылармен кездесулер өткізеді.
Мәселен, әлеуметтік сұрақтар және экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиялар мүшелерінің алғашқы бірлескен сапарларының бірі Степногорск пен Атбасар қалаларына ұйымдастырылып, онда денсаулық сақтау саласындағы проблемалар қаралды. Облыстың Қоғамдық кеңесі мен депутаттық корпустың араласуының арқасында жыл ішінде Степногорск қалалық ауруханасының дағдарыстық жағдайынан шығу үшін бірқатар шаралар қабылданды, ол қазір ауданаралық аурухана мәртебесіне ие. Біз мекеме басшылығымен, медициналық қызметкерлермен бірнеше рет кездестік. Нәтижесінде дағдарыстан шығудың қадамдық алгоритмі әзірленді, оның орындалуы облыстық мәслихаттың бақылауында тұр.
Мәслихаттың басты міндеттерінің бірі – бюджетті сапалы қалыптастыру және оның орындалуын бақылау. Депутаттық корпустың бастамасымен ағымдағы жылдың қазан-қараша айларында біз әкімдердің орынбасарларын, аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімдерінің басшыларын, сондай-ақ, мәслихаттар төрағаларын шақыра отырып, алғаш рет барлық қалалар мен аудандар бюджеттерінің жобаларын тыңдауды өткіздік. Сонымен қатар, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері – облыстық басқармалардың басшылары тыңдалды. Бұл депутаттарға аудандар мен басқармалардың жұмысын талдауға, бюджеттік өтінімдерді дайындайтындарға тікелей сұрақтар қоюға, басым жобаларды нақтылауға мүмкіндік берді.
Өкінішке орай, тыңдау барысында белгілі болғанындай, аудандық бөлімдер өз жоспарларын жоғары тұрған салалық басқармалармен, аудандық мәслихаттармен әрдайым келісе бермейді. Бюджет саясаты туралы бірыңғай түсінік жоқ. Нәтижесінде жобалық-сметалық құжаттамамен және мемлекеттік сараптамамен расталмаған жобалар қарауға енгізіледі, яғни, оларды қаржыландыруды келесі жылға алу екіталай.
Әрине, өңірлердің барлық сұраныстары ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту үшін өте маңызды, бірақ, облыс бюджеті де шектеулі, республика да барлығын қолдай бермейді. Сондықтан, аудандарға жобалар тізбесін қайта қарау, басым міндеттерді айқындау және қажет болған жағдайда барлық құжаттаманы ретке келтіру ұсынылды, осылайша ең ірі объектілерді бюджетті нақтылау кезінде қаржыландыру үшін салалық министрліктер арқылы мәлімдеуге болады. Сондай-ақ, ЖСҚ-ны дайындау мерзімдерін ескеру қажет, өйткені, қаржыландыру кезінде жобалар жиі ескіретіні құпия емес, демек, қымбаттау орын алады. Ондайда түзетулер жасау керек, бұл уақытты талап етеді.
Бір сөзбен айтқанда, бюджет жобаларын қарау барысында біз мемлекеттік органдармен бірлесіп, аудандарда жүргізіліп жатқан жұмыстың әлсіз жақтарын анықтап, проблемалық мәселелерді дәлірек анықтай алдық. Барлық дерлік аудандарға ЖСҚ әзірлеуге және көп ақша талап етпейтін басқа да жобаларға арналған шығыстарды тек облыстық бюджетке үміт артпай, өз қаражатынан барынша жабу ұсынылды. Бұлардың көпшілігінің шешімін облыстық мәслихат депутаттары, сондай-ақ, аудандық және қалалық мәслихат төрағалары жеке бақылауға алды. Бұл мәселеде олардың арасында нақты түсінік пен тығыз қарым-қатынас болуы керек.
Өңірлермен өзара іс-қимыл туралы айтар болсақ, мен барлық аудандарды жұмыс сапарларымен аралап, депутаттармен кездестім, халық қалаулыларының жұмысы туралы өз көзқарасымды белгіледім. Кездесулер нәтижелі өтті, әріптестермен бірге, мәслихаттардың түйісу нүктелерін анықтап, депутаттық корпустың қызметін жақсарту бойынша бірқатар ұсыныстар әзірледік. Биыл біз мәслихаттар төрағалары депутаттардың жұмысын жақсарту бойынша тәжірибе және идеялармен алмасатын пәрменді диалог алаңына айналған мәслихаттар қызметін үйлестіру жөніндегі кеңестің отырыстарын үш рет өткіздік.
Соңғы отырыс Ақкөл қаласында көшпелі форматта өтті. Мәслихат төрағалары депутаттық корпустың қызметіне, бюджеттік процестің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қауіпсіздігіне, депутаттардың бюджеттің атқарылуы мен қалыптасуына мониторинг жүргізудегі рөліне, сайлау комиссияларын қалыптастыру мәселелеріндегі мәслихаттардың өзара іс-қимылына және басқа да маңызды тақырыптарға қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
Мен халық қалаулылары сайлаушылармен жұмыс істеу, проблемалық мәселелерді шешу үшін барлық қолжетімді құралдарды барынша тиімді пайдалануы тиіс екеніне сенімдімін.
Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен барлық мәслихаттар төрағаларының сәуір айындағы жиналысында, сондай-ақ, «AMANAT» партиясының барлық деңгейдегі депутаттарының бірінші республикалық және областық форумдарында айтылғанын еске саламын. Жаңа Қазақстанда ескі тәсілмен жұмыс істеу енді нәтиже бермейтіні түсінікті, өйткені, қоғам өзгерді, ол биліктен есептілікті, ашықтық пен айқындықты талап етеді. Ал біз, депутаттар, мәслихаттарда халық пен атқарушы билік арасындағы көпір бола отырып, өз азаматтарымыздың мүдделерін білдіреміз.
Мерейтойлық жыл қарсаңында Ақмола облысының барлық депутаттарына белсенді азаматтық ұстанымдары, өңірдің дамуына қосқан үлестері және жерлестеріміздің өмір сүру сапасын арттырудағы еңбектері үшін алғыс айтқым келеді. Біз бір командамыз, алдымызда біртұтас мақсаттар мен міндеттер тұр. Оларға қол жеткізу біздің іс-әрекеттеріміздің өзара түсіністігі мен келісімділігіне, депутаттық корпустағы моральдық-психологиялық ахуалға, атқарушы органдармен тиімді ынтымақтастыққа тікелей байланысты болып отыр.
Құрметті жерлестер, Ақмола облыстық мәслихаты депутаттарының атынан Сіздерді Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен, сондай-ақ, алдағы өкілді билік органдарының 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, бақуаттылық, сарқылмас күш-жігер, Қазақстан Республикасы мен Ақмола облысының дамуы жолында игілікті табыс тілеймін!
Бейбіт ЖҮСІПОВ,
Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы.