Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Көкшетау қаласына жұмыс сапарымен келіп, тұрғындармен кездесу өткізіп, жоғары білім беру саласының мамандарын толғандырған сұрақтарға жауап берді. Министрдің сапары кезінде облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова бірге болды.
Тұрғындармен жүздесу барысында министр үстіміздегі жылы Қазақстандағы ғылым және жоғары білім саласындағы негізгі жетістіктерді баяндап, алдағы жылдары атқаратын жоспарлармен бөлісті.
– Өздеріңізге белгілі, қазіргі таңда жоғары білім беру сапасын жақсартуға, ғылыми-зерттеулерді қолдауға бағытталған жоспарлар мен міндеттерге назар аударылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес сайлауалды бағдарламада ғылымды қаржыландыруды кезең-кезеңімен ұлғайту бойынша мақсатты жұмыс жүргізілуде. Соңғы үш жылда ғылымды қаржыландыру үш есеге өсті. Қазақстанда ғылым бар. Бұған біздің ғалымдардың жарқын жаңалықтары дәлел бола алады. Алдағы уақытта ғылым саласына көптеген жастар тартылатын болады, – деп атап өтті Саясат Нұрбек өз сөзінде.
Сонымен қатар, министр өз сөзінде елімізде білім мен ғылымды табысты дамытудың негізгі факторы ретінде билік, білім беру мекемелері мен қоғам арасындағы әріптестік қатынастар әрі өзара іс-қимылды орнатудың маңыздылығына тоқталып өтіп, тарқатып айтып берді. Яғни, мамандарды даярлауға бөлінетін мемлекеттік тапсырыс көлемінің ұлғаюы, академиялық еркіндікті кеңейту арқылы жоғары білім мазмұнын жаңғырту нәтижелері, еліміздің барлық өңірлері үшін «Мамандығым – болашағым» атты мамандықтар картасын енгізу және жүзеге асыру барысы жөніндегі ақпараттарды ортаға салды.
Ведомство басшысы биліктің, білім беру мекемелері мен қоғамның бірлескен күш-жігері қазіргі әлемдегі Білім және ғылым жүйесінің алдында тұрған сын-қатерлерді еңсеру үшін қолайлы жағдайлар жасайтынына сенім білдірді. Тығыз ынтымақтастық пен инновацияларды енгізу арқылы ғана білім берудің жоғары сапасын қамтамасыз ете алатынымызды, сондай-ақ, тез өзгеретін технологиялық және әлеуметтік талаптарға сәтті бейімделе алатынымызды алға тартты.
Сондай-ақ, жиын барысында министр Astana IT University базасында кредиттік сағаттарды қысқартпай және оқу процесіне зиян келтірмей үш жылдық бакалавриаттың пилоттық жобасы енгізілетіндігін де атап өтті.
– Қазір бұл жаңалық сәтті жұмыс істеп жатыр деп айтуға болады. Оқудың үшінші жылында жұмыс берушілер практикаға, жұмысқа шақырады. Сондай-ақ, университеттерге адъюнкт-профессураны енгізуді бастаймыз, – деді министр.
Кездесу барысында тұрғындар білім гранттарына, жоғары оқу орындарының инфрақұрылымына, басқа өңірлерден студенттерді тартуға қатысты көкейтесті сауалдар қойып, оларға тұшымды жауап алды.
Айта кетейік, өңір тұрғындарымен кездесуден кейін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Нұрбек Саясат жергілікті бұқаралық ақпарат өкілдерінің журналистерімен кездесіп, сұрақтарына жауап берді. Бұдан кейін министр азаматтармен жеке қабылдау өткізді. Сондай-ақ, жұмыс сапары аясында өңіріміздегі ордалы оқу орны Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті студенттеріне дәріс оқып, ұжым тынысымен жақынырақ танысты.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.