Жаңартуды қажет ететін жолдардың мәселесі көтерілді

Қазақстан Республикасының Көлік министрі Марат Қарабаев Ақмола облысында жұмыс сапарымен болды. Іссапардың басталуы дәстүрлі түрде жергілікті тұрғындармен кездесуге және азаматтарды жеке қабылдауға арналды. Министрмен осы сапарында облыс әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов бірге болды.

Алайда, басқа өңірлерден айырмашылығы, Ақмола облысында министрмен әңгімеге негізінен, көлік және жол салаларында жұмыс істейтін адамдар мен жергілікті кәсіпкерлік қауымдастықтардың өкілдері жиналды. Бірінші кезекте кәсіпкерлер Мемлекет басшысына бейінді және дербес Көлік министрлігін қайта құрғаны үшін қуаныш пен ризашылықтарын білдірді. Олардың айтуынша, бұл оқиғаны Қазақстанның барлық көлік қызметкерлері мен жолшылары көптен күткен. Содан кейін кездесуде әңгіме жол құрылысы мердігерлерін субсидиялау және жол-құрылыс техникасын жаңарту үшін жеңілдетілген кредиттер беру, автомобиль жолдарын жөндеу және салу, орындалған жұмыстардың сапасын бақылау, мердігер ұйымдардың қазақстандық консорциумдарын халықаралық қаржы институттарының қарыздары есебінен қаржыландырылатын жол жобаларына қатыстыру мүмкіндіктері туралы қозғалды. Сондай-ақ, отынды арзандатуға және жол битумын жеткізудің сенімділігіне қатысты сұрақтар да қойылды.

Солтүстік Қазақстан облысындағыдай, «Көкшетау-Омбы» автожолын тұрақты бұзу және жөндеу мәселесі қозғалды. Ол арқылы көрші мемлекетке ежелден бері қазақстандық карьерлерден қиыршық тас тасылып келеді. Жол үшінші рет жөнделіп жатыр, сондықтан, жергілікті кәсіпкерлер қатаң шаралар қабылданбаса, ауыр жүк көліктері жолды «өлтіреді» деп сендіреді. Аталмыш магистраль 30 жылдан бері жөндеу көрмеген. Ал, оның жөнделуі Қазақстан мен Ресей арасындағы әріптестікке де оң әсерін тигізеді,–дейді ақмолалықтар. Сұраққа жауап берген Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин алдағы уақытта міндетті түрде жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп сендірді. −Оның шекараға дейінгі ұзындығы 270 шақырым. Соның ішінде Ақмола облысына 50 шақырым жатады. Әрі қарай Солтүстік Қазақстан облысы кетеді. Биыл 56 шақырым күрделі жөндеу басталды. Оның ішінде 14 шақырым жолда орташа жөндеу аяқталды.  Қалған учаскелерде келесі жылы  орташа жөндеу жұмыстарын бастау жоспарлануда,−деді өз сөзінде Төлеген Абдуллин.  Көптеген адамдар Көліктік бақылау және автомобиль көлігі комитеті жақын арада трассада автоматты бақылау-өлшеу жабдықтарын орнатуды жоспарлап отырғанын біледі. Алайда, кәсіпкерлер 90-шы жылдары бөлшектелген Ертіс-Қызылту теміржол учаскесін қалпына келтіру ғана жағдайды түзете алады деп санайды. Бұл мәселе қазір Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ-ында зерттелуде, алайда, Көлік министрінен жобаны тек жолаушылар қатынасы үшін ғана емес, жүк тасымалы қажеттілігін ескере отырып әзірлеуді сұрады. Осылайша, автомобиль жолына зиян келтірместен, Ресей Федерациясына тек қиыршық тасты ғана емес, сонымен қатар, көршілерден сұранысқа ие басқа құрылыс материалдарын тасымалдауды жалғастыруға болады. Сонымен қатар, теміржол учаскесін Орталық Азия елдері мен Ресей арасында жүктерді, оның ішінде ауыл шаруашылығы жүктерін тасымалдау үшін транзиттік дәліз ретінде пайдалануға болады.Сондай-ақ, кездесуде қала тұрғыны Базаржан Бейсенов министрге ұзындығы 45 шақырым, ені 7 метр болатын «Көкшетау-Зеренді» автожолын кеңейту мәселесі бойынша сауал қойды. Марат Қарабаев бұл мәселені қарастырып көруге дайын екенін алға тартты. −Мәселе мынада, жаз мезгілінде бұл жолдың қарқындылығы күніне жеті мың көлік, ал, қыс мезгілінде әлдеқайда аз. Өкінішке орай, көтерілу мен түсу өте көп. Оны бірінші санатқа аудару үшін ойық жасау керек. Бұл өте қымбат жоба болады, құны кем дегенде 45 миллиард теңге. Мұндай үлкен қаржыны басқа жобаларды жүзеге асыруға жұмсаған жөн. Бірақ, қоғам мен халық  төрт  бағытты жол жасауды талап етсе,  шаралар қабылдауға дайынбыз, − деді өз сөзінде Көлік министрі.

Жалпы, Үкімет Ақмола өңіріне көп көңіл бөледі дейді мамандар. Айталық, биыл жолдарды жөндеуге 75 миллиард теңге бөлініпті. Ал, көптің көкейінде жүрген әуежайды модернизациялау мәселесі алдағы уақытта шешімін таппайтын сыңайлы.

−Модернизациялау қарастырылмаған, жоспарда жоқ. Жалпы, соңғы рет жөндеуден 2011 жылы өткен. Одан соң модернизация қарастырып отырған жоқпыз. Көкшетау әуежайының өзі Астана әуежайының филиалы ретінде қызмет атқарады. Оны біз осы әкімдіктің өзіне беруді жоспарлап отырмыз. Бірақ, беретін болсақ, бұл өзін-өзі ақтамайды. Яғни, оның шығындары кірістерінен бірталай көп. Ол бюджетке артық жүк болады. Қазір Астана әуежайы оның шығындарын өз есебінен жауып отыр,−деп жауап берді тұрғындардың сауалына  Марат Қарабаев.

Бұдан кейін Министр облыс тұрғындарын жеке мәселелерімен қабылдады. Кездесуді қорытындылаған ол ақмолалықтар көтерген сұрақтардың барлығын тиісті деңгейде қарастырып, мүмкіндігінше шешім шығаруға тырысатынын жеткізді.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар