Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Малыңа абай бол, ағайын! - АРҚА АЖАРЫ

Малыңа абай бол, ағайын!

Малсақ қауымның бар бейнетін арқалап, әупірімдеп өсіріп отырған түлігін тегін олжа көретін баукеспелер азаймай тұр. Оңай олжаға құныққандары соншалық, обал-сауапты да ұмытқан.

Целиноград ауданының екі тұрғыны құқық қорғау қызметкерлерінің із кесуді ыждаһатты жүргізулерінің арқасында қолға түсті. Олардың екі бірдей қылмыстық іс-әрекетке қатысы барлығы анықталып отыр. Талапкер ауылындағы шаруа қожалығының басшысы белгісіз біреулердің қорасынан жиырма қойын ұрлап кеткендігі туралы хабарлаған. Шығын бір миллион теңгеге жуық. Өрісте жүрген жерінен ит қуып үркіп немесе желдеп кетті дейтін емес, қамаулы тұрған жерінен қолды болып отыр ғой. Ал, екінші ақадал малынан айырылған тұрғынның қорасынан бес қойы жоғалған. Оның шығыны 300 мың теңгенің төңірегінде. Оңай олжаны кәсіп еткен ұрылар халықтың осы ақадал малымен күн көріп, бала-шағасын асырап отырғандығын қаперіне де алмайтындығы олардың бойындағы өзгеге жаны ашымастықты аңғартып-ақ тұр емес пе? Әйтсе де полиция қызметкерлері «Мал ұрлығы» жедел алдын алу шараларын  жүргізудің арқасында Қажымұқан ауылының екі тұрғыны қолға түсті. Із кесу барысында  ұрылар малды үптеп кетуге келгенде көлік жалдаған. Кейін сойып, сатқан. Айғақ ретінде терісі, үш қойдың еті табылды. Тергеу барысында ұрының бірі осылайша ақша жинап, үйлену тойын өткізгім келді деп ақталатын көрінеді. Мал ұрлап бір басын екеу етпек болғанның енді өз басы дауға қалып отыр.

Сандықтау ауданындағы Жыланды ауылының тұрғындары аяқ астынан әбігерге түскен. Тебіндегі 103 бас жылқы ізім-қайым.  Мал  сүмесімен күн көріп отырған малсақ қауым үшін адам айтқысыз шығын. Алғашқы тәуліктері ауыл тұрғындары түгелге жуық атқа қонып, тау-тастың, орман-тоғайдың ішін сүзіп шыққан. Жып-жылмағай. Соныға түскен бір із болсашы. Құтты жүзден астам жылқыны жел көтеріп кеткендей. Шығыны да отыз миллион теңгенің көлемінде. Өздері таба алмайтын болған соң полицияға хабарлаған. Жалғыз полиция қызметкерлері ғана емес, төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері де із кесуге келген. Тіпті, аспанға дрон да ұшырылды. Полиция қызметкерлері күре жолдың бойындағы күдікті-ау деген көліктерді тоқтата бастады. Етпен айналысатын алыпсатарлар да назарға алынды. Шоқ жұлдыздай шағын ауылдың бар жылқысы түгел жоғалса, малсақ қауым жүген ұстап қалмай ма?! Дәл осы күндері қас қылғандай күн күрт суытып, сақылдаған сары аяз күшіне мініп тұрған. Әйтсе де әлсін-әлсін жылынып алған із кесушілер қыруар жылқыны іздеумен болды. Еңбек еш кеткен жоқ, табылды. Жел айдаған тәмам жылқы қыр асып, көрші ауданның аумағына шығып кетіпті. Түстеп түгендесе, түгел.

Қайтқан малдың қайыры бар. Былай қарағанда, анау айтқандай қылмыстық оқиға орын алған жоқ. Ендеше, неге жазып отырмыз.  Қаншама жұртты әуре-сарсаңға салған осы тақылеттес оқиға жиі. Демек, мал баққан соң көзден таса етпеген жөн. Қараусыз малға көз  салатындар қай жерде болсын кездесіп қалуы әбден мүмкін.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар