Өңірге жұмыс сапары барысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаттарымен – «Amanat» және «Aq jol» партияларының өкілдерімен кездесу өткізді.
Кездесуде бюджеттік қызметкерлердің жалақысы, жаңа Бюджет кодексі және «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша жобаларды іске асыруға қатысты мәселелер көтерілді.
ҰЭМ басшысы биылғы жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыруға шамамен 200 млрд.теңге бөлінгенін айтты. 800-ге жуық ауылды қамтылды. Бағдарлама іске қосылғаннан бері қаржыландыру 7 есеге өсті. Жалпы, өңірлерді дамыту Үкіметтің басым міндеттерінің бірі болып табылады.
Сонымен қатар, жиынға қатысқан депутаттар Зеренді ауданының энергетикалық жағдайын назардан тыс қалдырмауды сұрады. Желілердің тозу көрсеткіші 90%-ды құрайды. Олардың айтуынша, мәселені шешу үшін облыстық бюджеттен бөлінетін қаражат жеткіліксіз.
«Бұл мәселе ерекше бақылауда. Модернизациялау республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен, ал қалған бөлігі тарифтер арқылы жүргізіледі. Қазірдің өзінде кешенді жұмыс атқарылуда. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында да бірқатар жұмыстар қолға алынды», – деді Ә.Қуантыров.
Бұдан бөлек, Ауған жауынгерлеріне әлеуметтік көмек көрсету мәселесі қозғалды. Атап айтқанда, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жәрдемақы мөлшерін ұлғайту және шипажайда демалу туралы сөз болды. Бүгінде өңірде Ауған соғысына қатысқан 700-ге жуық ардагер тұрады.
«Республикалық бюджеттің 40%-ы әлеуметтік салаларға бағытталады. Жергілікті бюджеттерді қоса алғанда ол 50%-ды құрайды. Жалпы, елде ауған жауынгерлері үшін жеңілдіктер жасалған. Бірақ, олардың жеткіліксіз екенін түсінеміз. Үкімет өзінің барлық әлеуметтік міндеттемелерін толығымен орындауда. Қалай болғанда да бұл мәселені мүдделі министрліктермен, оның ішінде Қорғаныс министрлігімен талқылайтын боламыз», – деп түйіндеді министр.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі
Дереккөз: www.gov.kz