Жыл қорытындысы: Ақмола облысындағы 10 айтулы оқиға

Ақмола облысы үшін өтіп бара жатқан 2023 жыл жаман болған жоқ. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына өңір диқандарының қосқан үлесі елеулі болып отыр. Kazinform тілшісі Ақмола облысында болған осы жылдың 10 айтулы оқиғасын тізбектейді.

Еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны дүниеге келді

Бурабай ауданының Щучье қаласындағы дүниеге келген сәбидің есімін ата-анасы Ясина деп қойды. Ол — Динара мен Айдар Исеновтер отбасында дүниеге келген екінші бала. Тұңғыштары — ұл бала, 2 жаста. Жаңа туған нәрестенің салмағы — 4 кг 100 грамм, бойы — 57 см.

Фото: Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі

Еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны дүниеге келуіне байланысты Мемлекет басшысы отандастарымызды ақжолтай жаңалықпен құттықтаған еді.

«Халқымыздың саны 20 миллионға жетті! Баршаңызды ақжолтай жаңалықпен құттықтаймын! Бақытты отбасы — бақуатты елдің негізі. Мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға баса мән береді», — деп құттықтаған болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен бірге, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов перзентханаға барып, ел Президентінің атынан жаңа туған сәбидің ата-анасын 20 миллионыншы тұрғынды дүниеге әкелуімен құттықтады.

Фото: Kazinform

Жаңа сайланған әкімдер қызметіне кірісті

Биыл 5 қарашада елімізде алғаш рет пилоттық режимде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімі сайланды.

Ақмола облысында Ақкөл, Шортанды, Астрахан, Есіл және Жақсы аудандарының әкімі сайланды.

Аумақтық сайлау комиссиясының ақпаратына сәйкес, Ақкөл ауданында сайлаушылардың келуі 73 пайыз болды.

Көпшілік дауыс Біржан Әбдірахмановқа берілді. Кейін аймақ басшысы Марат Ахметжанов Ақкөл және Шортанды аудандарында болып, аудан активтеріне жаңа әкімдерді таныстырды.

Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

«Нан болса, ән де болады»

Өңір диқандары өнімділік төмен болғанына қарамастан 3 млн тоннадан астам астық жинады. Ақмолалық шаруалар үшін өтіп бара жатқан жыл оңай болған жоқ. Көктемдегі ылғалдың аздығы, жаздағы құрғақшылық және тамыз-қыркүйек айларындағы жауын-шашын егіннің бітік шығуына біраз кедергі келтірді. Одан қалды, киіктер шауып біраз егін тапталды.

Әсіресе, егін орағы кезіндегі жаңбырдан залал көп келді, 2 млн 945 мың гектардың егіні көктеп кетті. Сол үшін Үкімет тарапынан 20 мың тонна жанар-жағармай және 1 мың тонна газ бөлінді.

Осы қиындықтарға қарамастан шаруалар егін орағы науқанын уақытылы аяқтап, бар алтын астықты шашпай-төкпей жинап алды. Облыс бойынша орташа гектар берекесі 6,4 центнерден айналды.

Фото: Kazinform

Еліміздегі әрбір үшінші тонна ет Ақмола облысында өндіріледі

Облыста кейінгі жылдарда өнеркәсіп саласы қарқынды дамып келеді. Әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар қатары жылдан-жылға көбейе түскен.

Ақмола облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасының мәліметінше, қазіргі күні облыста жалпы ішкі өнімнің 27,6 пайызы өнеркәсіп саласының үлесіне тиеді. Ал өнеркәсіп саласының өз ішінде өңдеуші кәсіпорындар өнімдерінің үлесі — 78,6 пайыз.

Өнеркәсіп саласында бүгінгі күні 732 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішінде азық-түлік өнімдерін өңдейтін 145 кәсіпорынның бірінші тоқсандағы өндірген өнім көлемі — жалпы өнімнің 15,4 пайызын алды.

Соңғы бес жылдың ішінде бұл салада жоғары өсім сақталып келеді. Нақтырақ алсақ, 2018 жылы — 107,6 пайыз, 2019 — 103, 2, 2020 — 109, 9, 2021 — 115,5, 2022 жылы 101,1 пайыз болды. Биылғы алғашқы үш айдағы азық-түлік өнімдерін өңдеу саласындағы өсім — 4,1 пайыз. Осы кезең ішінде ет және шұжық өнімдерін шығару 10,8 пайызға, сары май өндіру 69,4 пайызға, өсімдік майын шығару 74,7 пайызға өскен.

Республикада Ақмола облысының алар үлес салмағы басым. Әрбір үшінші тонна ет Ақмола облысында өндіріледі.

Фото: Шортанды ауданы әкімінің баспасөз қызметінен

Поляктар қазақ халқына арнап ескерткіш орнатты

Шортанды ауданының Петровка ауылында жергілікті поляктардың қазақ халқына алғысы ретінде орнатылған шағын сәулет ескерткішінің ашылу салтанаты өтті.

Ескерткіштің ашылу рәсіміне Қазақстандағы Польша елшісі Селим Хазбиевич, Қазақстандағы поляктар Одағының президенті Екатерина Островская, «Ақмола облысының поляктар бірлестігі» ҚБ төрайымы Наталья Нагачевская, Астана қаласының архиепископы Томаш Бернард Пэта, ҚР Әділет ардагері Павел Трищ, «Teraz Sucholaski» қоғамының төрағасы Богдан Скиба, Ақмола және Қостанай облысының діни қызметкерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері және Еуразия ұлттық университетінің профессорлары, сондай-ақ Польшадан келген өзге де қонақтар қатысты.

«Бұл естелік сәулет ескерткіші мейірімділік, жанашырлық, адамзаттың қасіретін түсіну сияқты іргелі жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген және бізді еріксіз өткенге оралтады. Сондай-ақ Ұлы Дала елінің тарихын еске салып, ата-бабалардың ең жақсы, асыл дәстүрлерін ұстануға шақырады», — деді «Ақмола облысының поляктар бірлестігі» ҚБ төрайымы Наталья Нагачевская.

Облыс әкімі ауысты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Президент Әкімшілігінің басшысы Олжас Бектенов Ақмола облысының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының жиналысына қатысу үшін Көкшетау қаласына жұмыс сапарымен барды.

Кездесу барысында Олжас Бектенов депутаттарға Ақмола облысының әкімі лауазымына Марат Ахметжанов пен Мұрат Балпанның кандидатурасын ұсыну туралы Президенттің хатын оқып берді. Ашық дауыс берудің нәтижесінде 177 депутат Марат Ахметжановтың, 73 депутат Мұрат Балпанның кандидатурасын қолдап, дауыс берді. Жиналысқа барлығы 250 депутат қатысты. Дауыс беру қорытындысы бойынша Президент Жарлығымен Марат Ахметжанов Ақмола облысының әкімі болып тағайындалды.

Фото: Ақмола облысы әкімдігі

Өңір активіне жаңа әкімді таныстырған Олжас Бектенов Марат Ахметжановтың құқық қорғау және қадағалау салаларында түрлі басшылық қызметтерді тиімді атқарған тәжірибелі басшы екенін атап өтті. Олжас Бектенов облыс басшылығы Президенттің халыққа Жолдауында көрсетілген міндеттерді іске асыруға күш салуы қажет екенін айтты.

1500 домбырашы бір мезетте күй тартты

Ақмола облысында Ұлттық домбыра күніне орай 1 мыңнан астам іс-шара өткізілді. Домбыра күніне және қазақтың ұлы күйші-композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының 205 жылдығына арналған «Күмбірлеген күміс күй» атты облыстық байқауға Ақкөл, Астрахан, Атбасар, Бұланды, Бурабай, Жақсы, Зеренді, Қорғалжын, Шортанды аудандары мен Степногорск, Қосшы және Көкшетау қалаларынан барлығы 18-35 жас аралығындағы 20-дан астам күйші қатысты.

2 шілде — Ұлттық домбыра күніне орай Көкшетау қаласындағы Абылай хан алаңында 1,5 мың өнерпаздардың қатысуымен «Домбыра» атты флеш-моб өтті. Онда облысымыздың кәсіби домбырашылары, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының К.Күмісбеков атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрі, Көкшетау қаласының Біржан сал атындағы музыкалық колледжі, Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің, қала мектептерінің, Ақкөл, Бурабай, Атбасар, Егіндікөл, Жақсы, Целиноград, Сандықтау, Қорғалжын, Бұланды, Шортанды, Зеренді аудандары мен Көкшетау, Қосшы қаласының бірлескен домбырашылар ансамблі мен күй мектебінің шәкірттері бірлесіп, қазақ халық композиторларының күйлерін бір мезетте орындады.

Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Киіктер 76,9 мың гектар егістікті таптап кетті

Ақмола облысының диқандары ақбөкеннің көптігінен қыруар шығынға ұшырады. Әсіресе Егіндікөл, Атбасар, Жарқайың, Қорғалжын және Жақсы аудандарындағы шаруалар зардап шекті.

Атбасар ауданындағы «Агромар Трейд» Магомед Дзейтовтың айтуынша, биыл ақбөкен былтырғыдан да көп. Шаруашылықтың 7 мыңға жуық гектар егістік алқабын таптап, едәуір шығын келтірді.

Ал Жарқайың ауданында ақбөкендерден 17 шаруашылық зардап шекті. Мұнда жазда ақбөкендердің саны 120 мыңға жеткен. Осылайша, көктемгі егістік жұмыстарына миллиондаған инвестиция салған шаруалар үлкен шығынға ұшырады.

Жалпы, биыл Ақмола облысында ақбөкендерден 76,9 мың гектар егістікке зиян келгені анықталды. Ең үлкен шығын көлемі шамамен Егіндікөл ауданында 40 мың гектардан асса, Атбасар ауданында 17,4 мың гектар, Жарқайың ауданында 9,5 мың гектар, Қорғалжын ауданында 5,7 мың гектар және Жақсы ауданында 3,7 мың гектар болды.

Көкшетауда ЖЭО салу жөнінде меморандумға қол қойылды

2019 жылдың 14 қарашасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Көкшетауда өткен Ақмола облысын дамыту жөніндегі кеңесте облыс орталығында жылу электр орталығын салу мәселесі көтерілген болатын.ЖақындаАқмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Көкшетауда салынатын жылу-электр орталығының экологиялық қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілетінін айтты.Аймақ басшысыжылу-электр орталығын салу жөнінде меморандумға қол қойылғанын еске салды.

«Бұл өзі көптен күткен жоба. Өйткені өкінішке қарай, Көкшетау қаласы өзінің жылу-электр орталығы жоқ облыс орталықтарының бірі болып отыр. Басқаша айтсақ, халық арасында Көкшетауды „аристондар қаласы“ деп атайды — әр үйде су жылытатын қондырғы орнатылған. Мен айтып тұрған меморандумның орындалуына Энергетика министрлігі жауапты. Бірақ біз де басы-қасындамыз. Жуықта ғана Энергетика министрі осы нысанды салатын мердігермен барып кездесті. Қазір сараптама жүріп жатыр, аяқталу сатысында. Осыдан кейін бірден құрылыс басталады. Оның үстіне жылу-электр орталығы қосымша жұмыс орнын береді», — деді аймақ басшысы.

Оның айтуынша, жылу-электр орталығы халықтың электр шығындарына жұмсайтын шығындарын азайту керек.

60 елді мекеннің ескі атауы қайтарылатын болды

Бұл туралы Көкшетауда өткен «Түркі жазбалары және ономастика» атты халықаралық конференциясында аймақ басшысының орынбасары Алтынай Әміренова мәлім етті. Конференцияға тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев, Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Тұрсынхан Зәкенұлы, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті қазақ филологиясы кафедрасының профессоры Сәбит Жәмбек, сондай-ақ онлайн режимде Өзбекстан Ғылым академиясы ұлттық археология орталығының профессоры Гайбулла Бабаяров қатысып, баяндама жасады.

Жиында облыс басшысының орынбасары Алтынай Әміренова түбі бір түркі халықтары жазбалары күніне арналған шараның маңызына тоқтала келе, өңірде бірқатар елді мекен атауын өзгерту бойынша ауқымды жұмыс жүріп жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, 2022 жылы облыстық ономастика комиссиясы 27 елді мекеннің ескі атауын қайтаруға келісім берді. 2023 жылы идеологиялық тұрғыдан ескірген 60 елді мекеннің атауын өзгерту бойынша жұмыстар қолға алынды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар