Шортанды ауданындағы елді мекендердің ішіндегі көше жолдарының ұзындығы 264 шақырым болса, оның 102,9 шақырымына қатты жабынды төселген. Дегенмен, сонау кеңес заманында салынған бұл жолдардың көп бөлігі ескіріп, тоза бастаған. Соған байланысты ауданда осы жолдарды жөндеу жұмыстарына жете көңіл бөлінуде.
Биылғы жылы осы мақсатқа аудандық бюджеттен 6,315 миллион теңге, облыстық бюджеттен 60,5 миллион теңге қаржы бөлінген. Жыл соңына дейін көше жолдарын жөндеуге қатысты 8 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, бүгінгі күнге дейін оның үшеуі толық аяқталды.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Әсет Кашниковтың айтуынша, көше жолдарын күтіп ұстау және жөндеу жұмыстары үшін жеткілікті мөлшерде қажетті қаржы бөлінеді. Биылғы жылы Шортанды кентіндегі Нефтебаза, Линейный, Казциков көшелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы мақсат үшін бөлінген 20 миллион теңге қаржы толық көлемінде игерілді. Гуляй поле селосындағы С.Сейфуллин көшесіне де ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Андреевка селосындағы Степной, Әуезов және Д.Қонаев көшелеріне де жөндеу жұмыстары қолға алынып жатыр. Ағымдағы жөндеу жұмыстарының бәрі белгіленген кестеге сай жүргізілуде. Сонымен бірге, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша облыстық бюджеттен 40,5 миллион, аудандық бюджеттен 4,5 миллион теңге бөлініп, бұл қаражат та елді мекендердің жолдарын жөндеуге бағытталып отыр. Новокубанка селосының көше жолдарына ағымдағы жөндеу жүргізу үшін 13,5 миллион, Жолымбет және Шортанды кентінің бірқатар көшелерінің жолдарын жөндеуге 27 миллион қаржы қарастырылған. Қазіргі күні Новокубанка ауылындағы бірнеше көшелер жоспарға сай жөнделсе, бұл жұмыстар әлі жалғасуда. Жолымбет кентіндегі Уәлиханов, Әуезов көшелерінің жолдары жөнделді.
Бүгінгі күнге дейін Астананың іргесіндегі ауданда елді мекендегі көше жолдарын жөндеу бағытында айтарлықтай шаруалар атқарылды және алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таппақ.
Қалкөз ЖҮСІП.
Шортанды ауданы.