Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сал-серілер орталығы ашылды - АРҚА АЖАРЫ

Сал-серілер орталығы ашылды

Жуырда Жібек жолы ауылындағы Иманжүсіп атындағы орта мектепте «Мәңгілік ел» акциясы аясында «Сал-серілер орталығы»  мен «Шабандоздар мектебінің» ашылу рәсімі болып өтті. Осы мәселенің басы-қасында жүрген,  біраз жылдардан бері Арқаның ғана емес, барлық қазақтың мақтанышы – Иманжүсіп Құтпанұлының өмірін зерттеп жүрген немересі, «Астана» университетінің профессоры Раушан Көшенованың еңбегін ерекше атап өткен абзал.

Әрине, бұл өте тамаша бастама. Өткенімізді зерделеп, тарихымызды таразыламай, жаһандану заманында өз ерекшелігімізді паш ете алмайтындығымыз белгілі. Сондықтан да, мұндай шаралардың, игі бастамалардың тәрбиелік мәні зор екендігі дау тудырмайды.
  «Сал серілер мектебінің» ашылуына Қарағандыдан арнайы келген белгілі ақын Қуаныш Мақсұтов жиналғандарға қазақ даласын ән-күйге, қызық-думанға бөлеген, көп жағдайда тіпті, қайраткерлік дәрежеге дейін көтерілген көптеген әнші, күйші, палуандар, яғни, халқымыздың небір игі-жақсылары туралы көп мағлұмат беріп, «сал» мен «сері» деген атақтардың мән-мағынасы жайлы құнды пікірлер айтты.
 Аталмыш орталық пен мектептің ашылуына бастамашы болған «Шоқан жолдары» қоғамдық бірлестігі де біраз іс тындырған екен. Сондай-ақ, Раушан Көшенованың айтуынша, бұл игі шараға  аудандық әкімдік те қолдау көрсетіпті. Өкінішке орай, өз басымыз әкімдіктің қолдауы тек «өздерің біл» деумен шектелген сияқты ма деп қалдық. Себебі, «Сал-серілер мектебі» ашылған күні әкімдіктен келген ешкімді көре алмадық. Мүмкін, Құрбан айт күні қолдары тимеген болар. Дегенмен, кезектесіп келсе де, «ат ізін салғандары» дұрыс еді-ау. Атауы таудай дүниенің «жетім қыздың тойындай» өтуі көңілге кірбің ұялатты. Бар күш-жігерін, білімін, білгенін жұмсап «шырылдап» жүрген Раушан Нұрханқызы қай жағына жетсін?! Дегенмен, шындыққа жүгінсек, Раушан Көшенова «жақсысын асырып…» дегендей, бәрін ойдағыдай өткізді. Сол үшін де ол кісіге ерекше ризашылық  білдірген жөн.
   Ендігі мәселе, осы «Сал-серілер орталығының» жұмысын жандандыру. Ол үшін «өлеңге, өнерге таласы бар» таланттыларды жинау қажет. Сонымен қатар, оларға бағыт-бағдар беретін, үйрететін, тәрбиелейтін ұстаз қажет. Міне, мұның бәрі алдағы уақытта шешілуге тиіс мәселелер. Әрине, «шабандоздар» мектебінің жайы белгілі делік. Себебі, қолдау білдірген «Жорға» шаруа қожалығы (директоры Игорь Бычков) және басқа да қол ұшын ұсынатындар жабағы үйретуден бастаса да, ат құлағында ойнауға баулиды. Ал, жоғарыда айтып өткеніміздей, «Сал-серілер орталығы» дегеніміз күрмеуі оңай емес мәселе. Сондықтан да, осы шараға арнайы ат арылтып Қарағандыдан келген Қуаныш Мақсұтов, Астанадан барған ақындар Иранғайып Күзенбаев пен Серікзат Дүйсенғазин сынды аттары елге мәлім азаматтарға рахмет айту қажет. Сондай-ақ, іргедегі Астанадан көптеген өнерпаздар мен белгілі тұлғалар да бұл бастамаға өз үлестерін қосқандары дұрыс болар еді.
  Мұның бәрі Жібек жолы ауылында қолға алынған істің өте ауқымды, үлкен жауапкершілікті талап ететін мәселе болғандықтан айтылып отыр. Яғни, қазақтың өнеріне, мәдениетіне қомақты үлес қосып жүрген азаматтардың да бұл игі бастамаға қолдау көрсеткендері дұрыс-ақ. Сонымен қатар,  облыстық, аудандық мәдениет басқармалары да жан-жақты көмек-қолдау көрсетеді деп сенеміз.
  Аршалы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар