2024 жылдан бастап салық органдары заңсыз кәсіпкерлік қызметті анықтау мақсатында тиісті бақылау жүргізетін болады. Бұл үшін банк ұйымдары жеке кәсіпкерлердің мобильді аударымдары бойынша деректерді беретін болады. Күнтізбелік үш ай бойы қатарынан ай сайын 100 тұлғадан мобильді аударымдар алған азаматтар бақылауға алынады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысы мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Шынар Мусина айтып берді.
– Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту тұтынушылардың құқықтарын заңсыз бұзу болып табылады. Кәсіпкерлердің төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін бірінші рет әкімшілік жауапкершілік түрінде ескерту беріледі, ал, қайталап бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 194-бабы бойынша 147680 теңге (40 АЕК) көлемінде айыппұл салынады, – дейді Шынар Мұсылманбекқызы.Сондай-ақ, соңғы жылдарымобильді банкинг қолданбаларытанымал болды. Мобильді аударымдар жеке тұлғалар арасында жеке мақсатта қолма-қол ақшасыз ақша аударуға арналған және салық салуға жатпайды. Аталған өзгерістер адал салық төлеушілерге әсер етпейтініне, тек заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталғанына назар аударылған. «Яғни, жеке тұлғалар, бұрынғыдай, өздерінің жеке мақсаттары үшін: туыстары, достары, ата-аналары мен балалары және басқа да өмірлік жағдайлар үшін мобильді аударымдарды жасай алады және қабылдай алады. Бұл мақсаттар үшін ешқандай шектеулер жоқ», – деп атап өтті басқарма басшысы.
Айта кету керек, кейбір кәсіпкерлер банктерде ашылған жеке шоттарына сатылған тауарлар және қызметтерді көрсету үшін мобильді аударымдар арқылы ақы алады. Алайда, бұл аударымдар кассалық машиналарды, POS терминалдарды және QR кодтарын қолданбай, тиісінше түбіртектер берілмей жүзеге асырылады.
Сонымен бірге, екінші деңгейдегі банктерден ақпарат кезең-кезеңімен ұсынылатын болады. 2023 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген тұлғалар және олардың жұбайлары үшін болса, осы жылдан бастапмемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайлары үшін, келесі жылдан бастап жеке кәсiпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары және олардың жұбайлары үшiн, ал, 2026 жылдан бастап халықтың қалған бөлігі үшін ұсынылады. Осылайша, бүгінгі таңда тек мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген тұлғалар және олардың жұбайлары, тағы басқаларын жалпы декларациялаудың 1-кезеңінің декларанттары қамтылған. Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тартудың барлық жағдайлары тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер органдарына жолдануға тиіс. Оған қоса, жалпыға бірдей декларациялау мәселелері бойынша жедел ден қою және жауаптар беру үшін, соның ішінде мобильді аударымдар үшін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Telegram-ында чат құрылған. Осы чатта жалпыға бірдей декларациялау және мобильді аударымдарды салықтық бақылау бойынша баспасөз хабарламалары мен және басқа да пайдалы ақпаратпен танысуға болады. Және де әрбір мемлекеттік кірістер басқармасында «Кеңес беру орталықтары» бар. Онда сіз, әмбебап декларация және мобильді аударымдар бойынша барлық сұрақтарға жауап ала аласыз.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.