Облыс әкімі Сергей Кулагин өңірімізге жұмыс сапарымен келген еліміздегі «Стрит Уоркаут» федерациясының президенті Дамир Мумминовпен кездесіп, Көкшетауда көше гимнастикасы алаңын салу мүмкіндіктерін қарастырды.
Кездесу барысында «Стрит Уоркаут» жобасының таныстырылымы өтті. Федерация президентінің айтуынша, уоркаут алаңы көше гимнастикасына арналған спорттық құрылғылардан тұрады. Мұнда жас спортшылар турникте тартылып, қоссырықта түрлі жаттығуларды жасай алады. Елімізде 2012 жылы пайда болған уоркауттың уақыт өткен сайын танымалдығы арта түсуде.
Бүгінгі таңда Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалалары мен Ақмола облысының Целиноград, Аршалы аудандарында осындай жобалар жүзеге асырылып отыр. Осы ретте, аймақ басшысы аталған жобаға қолдау білдіріп, Көкшетауда да жүзеге асыру қажеттігін атап өтті.
– Біз қазір тұрғын үй аулаларын абаттандырудамыз. Онда спорт алаңдарына көңіл бөлінуде. Сіздердің ұсыныстарыңыз қызықтырып отыр. Оны жүзеге асырудың жолдарын міндетті түрде қарастыратын боламыз, – деп атап өтті Сергей Кулагин өз сөзінде. Ал, «Стрит Уоркаут» федерациясының президенті болса, Көкшетауда осындай екі жобаны бірден жүзеге асыруға да-йын екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар, бұл күні облыс әкімі өңірдегі әлеуметтік нысандардың жылу жүйелерін жаңғырту бойынша инвестициялық жобаны ұсына келген «ТеплоГенерация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Қазыбек Сыргелбаевты қабылдады. Жобамен танысқан облыс басшысы оған қызығушылық танытып, үлгі ретінде өңірдегі екі мектепте жүзеге асыруды ұсынды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.