Облыс орталығында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің қалыптасуында Әдеп кодексінің рөлі» тақырыбына мемлекеттік қызметшілер арасында аймақтық семинар-кеңес өткізілді.
Отырыстың мақсаты – мемлекеттік қызметшілерге Әдеп кодексіндегі заңнаманы түсіндіру. Аталмыш шараны Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы, Кеңес төрағасы Қуаныш Жапақов ашып, жүргізіп отырды. Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру жөніндегі аймақтық орталықтың директоры Әлібек Баймағамбетов «100 нақты қадам» Ұлт жос-парын жүзеге асыру аясында жүргізілген жұмыстарды көпшілікке жеткізді.
Бұдан әрі облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Жанар Темірханова «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет туралы» Заңның ерекшеліктерін баяндап, сыбайлас жемқорлық пен әдеп нормаларын бұзушылықтардың алдын алу туралы айтып өтті. Ал, Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің бақылау басқармасының басшысы Қайыржан Сұлтанғазиев мемлекеттік қызметшінің әр қадамы заң талаптарына толық сай болуы керек екенін, халықтың сенімін ақтайтын арлы қызметші болуы қажеттігін айтып өтті. Семинарға қатысушылар мамандарға өздерінің толғандырған сұрақтарын қойып, тиісті жауабын алды.
Назгүл РАБИЛОВА.