Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ажалға қимас азамат еді - АРҚА АЖАРЫ

Ажалға қимас азамат еді

Қарағайлы, қош айтамын өзіңе мен!..
Өлім – ғапыл, ажал – болжаусыз!..

Жалған дүние-ай! Жылқыбай, күні кеше ғана емес пе еді. Майдангер жазушы Әскен Нәбиевтің туғанына 100 жыл толуына арналған шығармашылық кеште ағамыз жайлы өзге адамдармен қатар екеуміз алма кезек сөз алып, естеліктерімізбен бөліскеніміз. Сенің майдангер қаламгердің есімін астанадағы жаңадан ашылатын мектептің біріне беру жөніндегі ұсынысынды жиналған қауым қол шапалақтап қолдап еді ғой…

Енді, міне, сенбі күнгі суық хабар төбемізге жай түскендей етті. Есеңгіреп қалдық отбасымызбен, естен айырылғандай халде болдық…

Ой, жалған-ай, мұндай да болады екен. Қас пен көздің арасында қазақтың өзіңдей бір асыл азаматы, қарымды қаламгерінен айырылып қаламыз деген ой кімнің қаперіне келді дейсің…

Табиғаты әсем, мақтауы алты алашқа әйгілі Қарқаралы, оның бер жағындағы Қарағайлы елді мекенінде дүние есігін ашқан Сен туған жеріңді де, өсіп өнген, отау құрып шыңырақ көтерген Арқаның сағымды даласын, алтын астықты алқабын, боранды күндерін қиып, бақилыққа аттанып кете бардың.

Астанадағы шығармашылық ортадағы жарқын мінезді, адал көңілді, таза пейілді, ойлағаныңды тура, бүкпесіз айтатын қаламгердің бірі едің. Өзің мақтауың еселеп жеткізетін, Қарағайлыны былай қойғанда, Ақмола тарабы көгілдір Көкше төңірегі, екі миллионға жуық тұрғыны бар Елордамыз күңіреніп қалғандай күй кешіп отырмын.

… өзіңмен өткен ғасырдың жетпісінші жылдары осы облыстық газетке қызметке келгенде танысып едік. «Жақсыда жаттық жоқ», – деген асыл сөздің қасиетін сенің тұла бойына біткен мінезіне қарап бағалаушы едім.

Газет тіршілігіне бірден белсене араласып, жазған мақала, ұтымды хабар, очерктерімен демді көзге түстің, қоғамдық жұмыстарға да белсене араластың. Қызмет баспалдағы да жоғарылай бастады. Өзің білесің ол кезде газетіміз аптасына бес рет шығады ғой. Күн тәртібіне байланысты қажет материалды жедел жазып тастаудың майталманы аталдың.

Жеке шығармашылығың жайлы да осыны айтуға болар еді. Сол кездегі облыс орталығы іргесіндегі Күлшін ауылының сонау зобалаң жылдардағы тарихын қаузап жазған «Зар нала» повесің де осы «Арқа ажарында» қызмет етіп жүрген кезде оқырмандар ықыласына бөленген болатын.

Ұжымдағы әлде қалай дастархан басында бас қосуымыздағы асабалық шеберлігіне тәнті едік. Әсіресе, сенің «Я сказал!» деп тақ еткізуің жиналғандарды бір сергітіп алатын. Сөзің арамызда мәтелге айналып кетіп еді.

… Беу жалған дүние-ай!.. Әлі жадымызда, сонау бір жылдары ана тіліміздің тағдыры таразы басында болған кезде, әсіресе, кеңес билігі тұсында оқушылар саны жетпегендіктен жабылу қауіпі төніп тұрған облыс орталығындағы Жамбыл атындағы №4 орта мектебіне қазақ балаларын жинауға өзің бас болып бізді жұмылдырып едің ғой. Үй-үйді аралап оқушылардың тізімін жинағанымызды қалай ұмытамыз. Осындай жүйелі жұмысымыздың нәтижесінде қаламыздағы бірнеше мектептерде қазақша сыныптары ашылып еді. Кейін осы №4 қазақ мектебінің тарихы жөнінде қалың томды кітап жазып білім ордасының кешегі мен бүгінгі шәкірттерін зор қуанышқа бөлеген едің.

Жалған дүние-ай!.. Жылқыбай, өзіңмен қатар жүрген қаламгерлер, әріптестер аға-іні тарапынан Сен жайында айтылатын, жазылатын әңгіменің алды арты бұл емес деп ойлаймын. Ендігі ғұмырыңнын жалғасындай болып қалған аяулы жарың Қарлығаштың, аққудай етіп тәрбиелеген балаларының, немерелерінің қалғандығын біз медеу тұтамыз.

Осы орайда халқымыздың қадыр тұтар ақыны Қадыр Мырзаәлінің мына бір өлең жолдарына назар аударуды жөн санап отырмын:

Адам өмірге жылап келеді,
Жатады жұрт жұбатып.
Адам өмірден жылап өтеді,
Өзгені де жылатып.

Жылайтыны өмірде,
Жамандар бар қинайтын.
Жылайтыны өлерде,
Жақсылар бар қинайтын, –  деген екен.

… кіндік қаның тамған Қарағайлы мен қош айтысып жатқан Жылқыбай сенің есімің, жүзіңнен иманы төгілген нұрлы бейнең ел жұртың, айбынды ата мекенің, замандастарың, үзеңгі қағысқан достарың, қалың оқырмандарың барда ой-санамыздан өшпейтіні анық.

Бақыл бол, бауырым! ..

Бәдуан ИМАШҰЛЫ.

***

Жылқыбай Жағыпарұлы

Астанадан суық хабар жетті! Белгілі журналист, қарымды қаламгер Жылқыбай Жағыпарұлы 70 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Ол  1954 жылы 11 қыркүйекте Қарағанды облысының Қарқаралы топырағында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетін бітірген соң Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінде 30 жылға жуық жемісті еңбек етті. Республикалық «Тіл және мәдениет» қоғамының құрылуына атсалысты, ұйымдастыру комитетінің төрағасы болды. 2005-2007 жылдары республикалық «Ел» газетінің бас редакторы қызметін абыроймен атқарды.

2007 жылдан бастап, зейнет жасына жеткенге дейін республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінде қызмет атқарды. Қазақстан Жазушылар және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. «Құрмет» орденімен марапатталған.

Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің қатардағы әдеби қызметкерінен редактордың орынбасарына дейінгі журналистік қызметте әбден шыңдалған және кез-келген тақырыпты жазуға кемелденген журналист-жазушы Жылқыбай Жағыпарұлының ауыр қазасы жанымызды күйзелтті.

Қалың елге мәлім, 1999 жылы Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласы болып  белгіленген еді.  Ал «Арқа ажары»  газеті 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап толығымен облыс орталығы Көкшетауға қоныстанып, газет те жергілікті баспаханада басылатын болды да, Жылқыбай Жағыпарұлы Астанадан кеткісі келмей,  Елордада қалып қойған болатын.

Журналистік қадамы осы «Арқа ажарында» басталып, жазушылық қаламы да осы «Арқа ажары» газетінде шыңдалған Жылқыбай Жағыпарұлымен қашан болсын әріптестік байланысымыз үзілген жоқ-ты.

Бүгінгі күні «Ақмола-«Тіршілік» серіктестігінің құрамындағы облыстық  «Арқа ажары» және «Акмолинская правда» газеттерінің ұжымдары атынан марқұмның қазасына орай отбасына, ағайын-туыстарына, барша қаламгерлер қауымына көңіл айтамыз. Марқұмның алды жарық, арты қайырлы болсын!

                                            «Ақмола-«Тіршілік» серіктестігінің ұжымы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар