СЕРІНІҢ СЕРІГІ

Эссе

 Қысастыққа қарсы тұрар мықтылықтың символы,
Өкпек желге өктем тұрар өр мінездің символы!

(Сәкен сері Жүнісовтің Қайыркелді Әкімбековке арнап,
2001 жылы «Жас Түркістан» журналының
№4 санында жарияланған толғауынан ).

Көгілдір әлемнің керілген кеңістігінің бар көкжиегін… көз көрім жердің бәрін де … даласын да, орман-тоғайы мен көлін де көмкеріп, қымтап жауып алып тұмшалай түскен көк мұнарлы қалың тұманның пердесін көк аспанның ала шарбы ақша бұлттарының арасынан жарқырай түскен күн сәулесі анда-санда, оқта-текте жарқ етіп тесіп өткен сәттерінде ғана сыйдиып-сыланған ақ қайың мен сұңғақ бойлы қарағайлы орманның құшағындағы Оқжетпес шыңының ұшар басының жалт еткені болмаса, ол да көзге бірде көрініп, бірде көрінбей, бірде жасырынып, бірде жасырынбай көңіліне түйген ойы мен әлде бір назын, мұңын да, сырын да ешкімге айтқысы келмеген пенденің кейпімен тас қабағын тарс жауып алып, сырт айналған сыңай танытады.

Сол көгілдір әлемнің көк мұнарлы тұманының арасында қалған  да, адасқан да жалғыз сен бе едің, беу, Оқжетпес?! Несіне, несіне жабырқайсың, несіне қамығасың?! Мен де жалғызбын, сен де жалғызсың! Жалған дүниенің жалғыздығымен бірде біз де баз кешіп бірде адасармыз да, бірде жол да табармыз! Қамықпа, құзар шыңды Оқжетпес көңіл! Адақ батырдың садағының оғы жетпеген шыңыңның үстіне бүгінгі күні адам пендесі шығып алып, ойын салып масайрап та, масайып та ақ шишаның аузын ашатын болғалы да қашан?! Әйтпесе, ұшар шыңының үстінен қалықтар қыраның қайда кеткен?! Сол қыран салар ұяң, сол ұяңда шаңқылдар сары ауыз балапаның қайда?

Қайда, қайда деймін?! Кешегі «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы»,–деп тау мен даланы, орман мен көлді жаңғыртқан Сәкеннің асқақ үні де естілер ме екен деп елеңдеймін. Сәкеннің сырлы әнінің әуенін айтар ақ қайыңның жапырағы әлі жайқала қоймаған екен. Өмір бүршігін әне-міне жаруға жаралған дүние тіршілігінің көктемгі емшегі сыздап, дүние қайта туып, қайта жаралғалы тұрғандай әсерге бөленерің де бар. Көктемгі шақтың көк өрім сәтінің осы бейнесінің тылсым сырын ұғуға деген көңіл шіркіннің ынтыққанын да не қыларсыз?! Ынтыға түскен сол көңілдің көк дөненіне мініп, тағы да Бурабайдың көгілдір тұманды көгілдір орманының бауырында тұрған кешегі Сәкен ағаның… Сәкен серінің… Сәкен Жүнісовтің қос қабатты көк үйін іздеймін.

Баяғыда… Қазақстанның халық жазушысы Сәкен Жүнісовтің алпыс жасқа толу құрметіне арналып іргетасы қаланған сол көк үйге сері ағамыз жетпісінде де кіре алмады. Кіре алмады емес, кіргізе алмадық. Сол сері ағамызға Бурабайдың баурайынан, Оқжетпестің етегінен бір үй салып бітіріп бере алмағандығымызбен сол үйге Жүнісовті кіргізе алмағандығымыздың алдында бәріміздің де кінәміз бардай ойға берілдім. Құрылысы әлі де біте қоймаған сол көк үй, енді оған кірер иесі Сәкен серісі жоқ сол көк үй мұңайып, жабырқап  тұрғандай. Сәкен сері Жүнісовтің атақты «Жапандағы жалғыз үй» романын еске түсірді сол көк үй!

Серінің көк үйінің құлазыған көңілімен бірге жабырқаған көңіл шіркін тағы да көк мұнарлы тұманның арасына еніп, адасқандай күй кешті. Адасқан көңілдің алыстан үн қатар біреу бар ма екен деп елеңдейтіні де болады екен. Сол сәтте көк мұнарлы көк тұманды орманның арасынан ба екен, әлде ұшар шыңындағы піл тасы ғана жарқырап көрініп қалар Оқжетпестің биігінен бе, таныс бір дауысты естігендей боламын. Тау шыңында шаңқылдаған қыранның өжеттігі, айдың көлдің бетінде қалықтаған аққу құстың ерке назды саңқылы мен сұңқылы бар сол бір дауыстан дүние тіршілігін дүр сілкіндірер әлде бір қуат, әлде бір мейрімділік пен шапағатты сезінгендеймін.

Апыр-ау, бұл кім екен, бұл кімнің үні болды екен?! Көк мұнарлы көк тұманның арасында жүріп адасқан адамның құлағына небір үндер келіп естілуші еді дейтіндейін, әлде бұл жаңғырық па, әлде бұл елес үн бе?! Сол елес үннің әуенін танимын деген көңілмен жүріп, енді-енді еріп, көбесі сөгіле бастаған алты ай қыс бойы түскен қалың қардың жылғалармен асыға аққан суының жасындай болып мөлдіреген көздеріне үңіліп, жаңадан… тап-таза болып жаралып жатқан дүниенің сол суынан мейір қандырып, рахаттана бір ішкім келгенін де қайтерсіз?!

–Ау, бұл арада сен не қылып жүрсің?!.

Жаңағы бір жаралып жатқан қар суының мөлдіріне қанғысы келген көңілдің ту сыртымнан шыққан мына бір, яғни өзіміз іздеп келе жатқан манағы таныс үннің дәл құлағымның түбінен естілгендігіне қуанғаны да, таң қалғаны да болды.

–Қайыркелді аға, бұл сізсіз бе! Апыр-ау, кездескеніміз қандай жақсы болды,–деген көңіл қуанышымды айтқанымша болған жоқ, құшағы кең, көңілі дархан, жаны жаз, жүрегі нәзік, ниеті де тілегі де дұрыс Қайыркелді ағамның бауырына еніп кеткенімді де білмей қалдым. Жабырқау көңілдің бұлты сейіліп, қамыққан жанымның түндігі ашылып, тынысым кеңіп сала берді.

Зерек те зерделі көңілі бар Қайыркелді ағам көкейімдегі Сәкен серінің жабырқап, жалғызсырап тұрған көк үйінің мұңын жазбай таныды да: –Әй шіркін, қайран, серім-ай, –деп көк үйге қарап, жанарына үйірілген көз жасын жасыра алмады.

–Несін айтасың, Сәкенімізді, сол Сәкеннің бойына біткен қайталанбас қасиеті мен киесін, дарыны мен талантын көзі тірісінде қадірлеп, қастерлей алмадық қой! Дүниеде Сәкендер көп болғанымен, Сәкен сері Жүнісовтің біреу ғана, дара екендігін де білгіміз келмеді ғой! Әй шіркін, қайран, серім-ай!..

Қайыркелді ағамның да көңілін тұман басты сол сәтте. Бәрі де көз алдында, бәрі де есінде! Кешегі күні Көкшетаудың кең көшесіне сыймай алшаң басып жүрер қайран Сәкен серінің сенімді бір серігі бола білген Қайыркелді Әкімбековтің жүрегі неге ғана қан жыламасын?! Жылайды жүрек… жылайды!  Серісін, Сәкенін, өзінің серігін іздейді қайран жүрек! Сәкен сері мен оның серігі Қайыркелдінің бұл жылаған көңілдері бірін-бірі жұбата да білуші еді-ау! Сері бол, аузыңмен құс тістеген дүлдүл бол, бәрібір жаратқаныңның  маңдайыңа ойып жазған тағдырың бар. Сол тағдыр-талайыңның тар жолынан өтіп, талауына түсерің және де болып жатады.

Әйел өлсе, қаңырап қалар үйің,

Ошағыңнан өткендей ала құйын.

Жалғыз қалған әкеге жар табылар,

Жаутаңдаған балаға ана қиын,–деп өзінің жан-жары қайғылы жағдайда опат болып күңіренген Сәкен серінің көңілін сонан бері бір аулаған адам болса, ол Қайыркелді Әкімбеков еді. Алматы мен Астанадан  аңқылдап жетіп Көкшетауына келген бетте Сәкен сері де Қайыркелді сынды серігін іздейтін. Шұрқыраса табысып, қос серінің қос көңілдеріне қос қанат бітіп, Көкшенің көңіл аспанында Сәкен сері де, оның серігі Қайыркелдінің де қалықтайтын, шалқитын, толқитын кездерін енді біз көзімізден бір-бір ұшырып алғандаймыз.

Елес… енді бәрі де елес! Сәкен сері мен сол сері Сәкеннің серігі Қайыркелді Әкімбековтің арасындағы достық, тіпті бауырлық ниет пен адами адал көңілдің ендігінің адамынан табыла қояр ма екен деп те ойланасың.

Елес… енді бірі де елес! Сәкен сері мен сол сері Сәкеннің серігі Қайыркелді Әкімбековтің екеуара тіл табысып, жалғанған көңілдерінің нәзік жібін Сәкен Жүнісовтің ажалы ғана қиып түскендігі болмаса, мәңгілікке жалғанып, табысқан қос көңілдің қос шырағын тірі пенденің өшіре алмасына да бек сенімді едім. Серінің серігі Қайыркелді мен Күміс Әкімбековтер екеуінің Сәкен ағаға деген шынайы ықыластарында ешбір жасандылық та болып көрген емес. Жасандылық, болмаса бақай есепті бір аңдаса Қайыркелді мен Күміске өр мінезді Сәкен сері ағамның өзінің де жоламасы бек анық жағдай. Лауазымды ешбір төреге де, биік төбеге де басын иіп көрмеген Сәкен Жүнісов Қайыркелді мен Күміс Әкімбековтер десе балаша аңқылдап, жарқын жанымен, ізгі жүрегіндегі қуанышын жасыра да алмайтын-ды.

–Қайыркеш… Қайыркеш,–деп тап бір туған бауыры мен баласына мейірленгендей сезіммен өткен Сәкен серінің өз тіршілігінде талайды… қазақтың талай бір ірілерін, жақсылары мен жайсаңдарын көрген, солармен сыйласып та сырлас болған Жүнісовтің  Қайыркелді Әкімбековтің бойынан ешбір адам баласы көріп, біліп, тани алмаған азаматтығы мен алдалдығын, кісілігі мен кішілігін, ерлігі мен өрлігін, биіктігі мен иықтылығын, ақылы мен парасатын, қадірі мен қасиетін, одан қалды Әкімбековтің жан дүниесінің кескін-келбетіне, тұла бойына сай ірілігі мен тазалығын, сұлулығы мен сымбатын, ажары мен көңіл базарын танығандығына қайран қаларың бар. Бұл да Сәкен серінің ұлылығының, даналығының бір қыры болса керек-ті!

Сол ұлы да, дана да дара Сәкен сері қашан болсын Қайыркелді мен Күмістің шаңырағында сері көңілімен шалқитын сәттері де аз болмайтын-ды. Қазақтың небір жақсылары мен жайсаңдарын да Әкімбековтің шаңырағына жасқанбай ертіп алып бара беретін серінің тағы да бір ғадеті болатын. Бұл сері Сәкеннің өз серігі Қайыркелдіге деген, одан қалды Күміске деген сенгендігі де шығар! Обалдары нешік, шаңырақтарына сері Сәкен келген күннің қуанышы мен ойын-тойының дастарханы түнге ұласып барып, таң да ататын.  Қос шекті қара домбыраның бірде шалқыған, бірде күліп, бірде күңіренген үнімен Сәкен сері шалқитын еді де, сері ағасының өнеріне тәнті болып, оның Қайыркелді серігі де жан баласына бітпеген сал көңілімен толқитын еді.

Елес… енді бәрі де елес! Тас таяқ ойнағандарында да Сәкен серімен оның серігі Қайыркелді Әкімбековтердің қуатты қолдарының шеберліктері тең түсіп, кейде бірінен-бірі асып, бірін-бірі толықтырып екеулерінің ойындарын тамашалап тұрғандардың өздерін қанаттандырып, арқаландырып, жандырып, жалауландырып жіберетін айрықша бір ауаны болатын.

Сәкен сері түн түндігін тіліп ән салатын. Абайдың «Айттым сәлем Қаламқасы», Иман Жүсіптің «Көзіме бір көрінші Ерейментау» әндері сері Сәкеннің өршіл көңілімен тербеліп, әсерлі естілуші еді. Сол қазақ әнінің әуенімен тербелген сері Сәкеннің ендігі аңсары италян әніне ауатын-ды. Бірде толқып, бірде үзілдіріп, бірде дем жетпес биіктікке барып аяқталар сол италян әнінің соңғы октавасына келгенде тамағының тамырлары білеуленіп шыға келер Сәкен серінің сол бір асқақ та әрі нәзік үні күні бүгінге дейін Қайыркелдінің құлағының түбінде жаңғырып тұрып алары бар. Сол сәтте Сәкен серінің серігі Қайыркелдінің көңілін әлде бір сағыныш әлдилеп, тербете жөнеледі. Сол сағынышпен тербелген көңіл шіркіннің ой жетпес тереңінен тағы да Сәкен сері үн қатады. Сол сәтте серінің серігі Қайыркелді де қолына Сәкен сері ұстаған қара домбыраны алып, бұрауын келтіріп, қос шегін қағып қалады да, әлде бір… алыста қалған әлде бір көңіл күйін баяу, үзілдіре шертері бар. Сол көңіл-күйдің әуенінде тәтті бір мұң да, сарғайған сағыныш та, өзегіңді өртер өкініш те жатқанын қайтерсіз?!

Адам баласы туғанынан өлмекке дейін бақытты болуына жаратқанның өзі де кепілдік бермеген болар?! Қайыркелдінің көңілінде де мұз болып қатқан мұң да, сары уайым болып, көңіл түкпіріне тұнған сағыныш та, өкінер өкініші де жатыр. Бір өзі тау көтерерліктей тұлғасы бар және де кең дүниенің көшесін анық әрі нық басып жүрген, сөйлеп кетсе шешен, қол бастаса көсем Қайыркелді Әкімбековті мұңсыз-қамсыз екен деп тағы да ойлай көрмеңіз. Сонау бір жалған жаланың құрбаны болып 589 күн бойы абақтыға жабылған жабырқау күндер мен түндер, одан қалды күні кешелері Жандостай жан ұлының, арыстай азаматының мезгілсіз ажалы Әкімбековтің де жүрегіне салмақ түсіреді. Адамнан келген қиянатты ұмытар-ау, жан баласы Жандосын қалай ұмыта алсын?! Ұмыта алмайды! Жандосын ойлаған сәтте көз алдына адал серігі Сәкен серінің де бейнесі келіп тұрып алатыны бар. Сол сәтте домбырасының қолынан қалай түсіп кеткенін өзі де білмей қалатын кездері аз емес. Сол сәтте терең ой қаумалаған көңілімен қолына қағазы мен қаламын алып, жүрек түкпіріндегі көрікті ойларын ақ қағаздың беттеріне түсіреді. Өзімен-өзі сырласып, өлең де жазады. Кейбір айтар ойларын қара сөзбен дестелеп, оны да ақ қағазға түртіп, түсіріп қояды. Бұл орайда Қайыркелді Әкімбековтің мерзімді баспасөзде жазып жүрген кейбір дүниелеріне атақты әдебиетші ғалым Тұрсекеңнің, Тұрсынбек Кәкішевтің өзінің де сүйсініп, таңданғанын білеміз.

Тұрсекең дегеннен шығады, сол Тұрсынбек Кәкішев сынды жерлес ағамыз ана бір жылдары Еңбекшілдер ауданының орталығы Степняк қаласында өткізіліп жатқан Біржан салдың мерей тойының үстінде өзінің бұл тойға шақырылмағандығын, туған жерінде өтіп жатар небір шаралардан өзінің шет,  ұмыт қала беретін назын айтқан сәтте Қайыркелді Әкімбековтің сахнаға құсша ұшып шыққан сәтін көз де көрді.

–Аға,–деді Әкімбеков өзінің саңқылдаған қыран үнімен. –Өкпеңіз де, ренішіңіз де орынды! Мына елдің биліктегі азаматтары әлі кімнің кім екенін тани алмай жатқаны да бар. Мынау қалың елдің атынан өзіңізден ғафулық өтінемін және де сол айыбымыз ретінде иығыңызға шапан жауып, астыңызға ат мінгіземін,–деп Кәкішевтің иығына мол пішілген оюлы шапанын жауып, қолына мінгізген атының жоралғысы ретінде тиын-тебені салынған ақ конвертті ұстатқанын көріп, «е, елдің азаматы бар екен-ау»,–деп шын риза болып еді ел-жұрты. Бұл да болса Қайыркелді Әкімбековтің Сәкен Жүнісов сынды серінің серігі бола білгендігі және де кісілік пен кішіліктің, азаматтық пен ерліктің жөні мен жобасын білгендігі! Көпті көргендігі, сол көргендерін көңіліне түйе білгендігі де!

Бұл күндері Көкшенің Қайыркелдісі деген азаматтық және адами лауазымға ие болған Әкімбековтің есімін қалың қазақ түгел біледі десе де, болғандай. Қайыркелді Әкімбековтің шаңырағында өтіп жатар небір ұлан асыр тойларда да, әлде бір жағдайларда да есімін қазақ баласы жақсы білетін елдің небір жақсылары мен жайсаңдарын Әкімбековтің төрінен көріп жүрміз. Апыр-ау, биік лауазымды қызметі болмаса да төңірегіне қазақтың не бір игі жақсыларын жинап, топтастыра білген, солардың сыйы мен құрметіне бөленіп жүрген Қайыркелді Әкімбековтің тұла бойында не құдіреттің күші тұр, не қасиет бар деп тағы да бір ойланып қалатының болады екен. Ұзақ ойдан кейін жүрген-тұрған ортаңа, өзіңнің ел-жұртыңа, қабырғалы халқыңа сыйлы, құрметті, ардақты болу үшін биік лауазымды қызметтің қажеті де жоқ, азаматтық қасиетің мен кісілік болмысың Әкімбековтей биік болуы керек екендігін ұғына түсесің. Соны ұғынасың да, әгәрки ұғар көңілің болса Қайыркелді Әкімбековтің жүріс-тұрысынан, отырысынан, сөйлеген сөзінен, салған әнінен де, киім киісінен де, бойының сәнінен де үлгі алып, әлде нені үйреніп қалуға қызыға да, құмарта да түсесің. Бұл Әкімбековтің дара біткен болмысының, ерекше жаратылған қасиетінің құдіреті болса керек-ті!

Көгілдір әлемнің көкжиегін көмкере түсіп, көз көрім жердің бәрін де тұмшалап түскен көк мұнарлы көк тұман буланып… қалықтап барып көк аспанға көтеріліп, әлгіндей болмай жер әлем өзінің бар сәнімен де, салтанатымен де жарасып, күн сәулесінің нұрлы шапағына шомылған табиғат пенденің де ажары кіріп, сыланып, сұлуланып сала берді. Сыланған да сұлуланған табиғаттың егіз бір сыңары адам баласының да көңілі өсіп, көркейіп шыға келді сол сәтте.

Құзар шыңды Оқжетпес, мәңгі ұйқыдағы Жекебатыр, өз сырын ешкімге айтқысы келмей, әлде кімге өкпелеген жан иесіндей Айнакөлдің ортасына барып, қабағын түйіп мызғымай тұрып алған Жұмбақтас, Көкшенің сұлулығы мен сымбатының келбетіндей болып көкке шаншылған Көкше тау, өр Көкшенің серілері мен салдарының шырқаған әнінің әуезімен мың бұралып билеген Биші қайыңдардың да қайран да, қайран дәуренді де дәуірлі шақтарын көрген де, соны жырлап өткен де кешегі Мағжан, Еркеш пен Саттар ақындар, Қайыркелдісін «тентегім» деп еркелетіп өткен Есағаң, жазушы Естай Мырзахметұлы, Бурабайының баурайына бауыр басып, өмірімнің соңына дейін үй тігіп отырамын деген қайран Сәкен сері Жүнісовтің елесі кезіп жүргендей Бурабайды!

Памирлер, Гималайлар шұбап жатыр,

Оқжетпес жер бетінде біреу ғана,–деп ақын Кәкімбек Салықов өз Оқжетпесінің бұрын-соңды ешкім айта алмаған бағасын  асыра жырлап, Оқжетпеске өршіл биіктіктің жұлдызын қадады. Ақын Кәкімбек қадаған сол жұлдыздың ендігі арада мәңгі сөнбесі де анық!

Тағы да… сал Көкшемнің, сол елімнің биігінде жанып тұрған жарық жұлдызының бірі Қайыркелді Әкімбеков сынды ағаларым бар!

Қамықпа, құзар шыңды Оқжетпес көңіл! Елімде, Көкшемде Сәкен сері Жүнісовке сенімді серік болған Қайыркелді Әкімбеков бар!

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Ескерту: Бұл эссе «Арқа ажары» газетінің 2010 жылғы 15 сәуір күнгі санында жарық көрген болатын. Патша көңілді оқырмандарымыздың тілегіне орай тағы да назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар