1 ақпан – Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәкен Жүнісовтің туғанына 90 жыл

Көрнекті жазушы, прозаик, драматург, публицист, әдебиет сыншысы, қоғам қайраткері Сәкен Нұрмақұлы Жүнісов Көкшетау (қазіргі Солтүстік облысы) облысының Қызылту ауданына қарасты Кішкенекөл ауылында 1934 жылдың 1 ақпанында дүниеге келген.

Еңбек жолын, Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдағаннан кейін, «Пионер» журналында әдеби қызметкер болып бастаған Сәкен Нұрмақұлы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі, КСРО Әдеби қорында Қазақ бөлімшесінің директоры, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы қызметтерін атқарған. Қаламгердің балаларға арналған алғашқы «Сонарда» атты кітапшасы 1959 жылы, 1962 жылы «Кімнің мекені жақсы», 1983 жылы «Сақау бәтеңке» атты кітаптары жарық көрді. Сәкен Нұрмақұлы «Өшпейтін іздер», «Заманай мен Аманай» повестерінің, «Жапандағы жалғыз үй» романының, «Ақан сері» дилогиясының авторы. Оның драматургия жанрындағы «Ажар мен ажал», «Тұтқындар», «Қызым, саған айтам», «Жаралы гүлдер», «Қос анар», «Өліара» тағы басқа шығармалары Республика театрларында сахналануда.

Қарымды қаламгер, біртуар тұлға Сәкен Нұрмақұлы Жүнісовтің есімі келер ұрпақтар есінде мәңгі сақталады. 1994 жылы көрнекті жазушыға Көкшетау қаласының Құрметті азаматы атағы берілді. Көкшетау қаласының №18 мектеп-лицейіне, қаланың бір көшесіне жазушының есімі берілген. Қазақ әдебиетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан жазушының көркем сөзбен өрнектелген туындылары қазақ руханиятының алтын қазынасы болып қала бермек! Көкшетау қаласының Құрметті азаматы.

***

Қазақ прозасының саңлақ тұлғасы

Көнеден жеткен халқымыздың асыл мұрасы эпикалық мол мұраларымыз кейіннен тасқынды судай ақын-жыраулар поэзиясына ұласты да, ХІХ ғасырдың екінші ширегінде ұлттық рухани аңсарларын ұлы Абай негіздеген жаңаша сападағы әдебиетке ауысты. Кемел бітімді қазақтың жазбаша әдебиеті ХХ ғасырдың басынан осы ғасырдың аяғына дейін көркемдік дамудың эволюциялық процесін басынан кешірді. Осы толықсып-жетілу, кемелдену, көркею процесінде қазақ әдебиетінің алдынан дәуірдің талай алмағайып бұралаң-бұлтарысы, асу бермес өткелі мен шың-кұздары, ылдиы мен өрі, еңісі мен биігі кездесті. Уақыттың алапат мінезі, замана бұрқағы бұршақтай соғып, кемелденуге бет алған талай тағдырларды солдырып тастады. Бірақ, тәңірдің алқауымен, ғайыптан тайып, кұдіреті күшті жаратқанның шапағатының арқасында қазақ әдебиеті өзінің көркемдік даму бағдарынан жаңыла қойған жоқ. Әдебиет дамуында сойқанды жылдардың желбуаз ұрандары да, коммунизм иллюзиясына бөленген әсіре тапшылдық гөй-гөйлер де болмай қалған жоқ. Бірақ, уақыттың ұлы тегеуріні бәрін де өз жөніне қойды. Тізесіне салды. Қытымыр саясаттың қиянтұрыс мінезі біркүнгідей болмай үрген көбіктей жоғалып, кұрдымға сіңді.

Қазақ санасындағы еркіндік, тәуелсіз рух, адамгершілік ұстанымдары туған әдебиетіміздің қанша рет қыл тамаққа келсе де, рухани тінінің әупіріммен үзілмей үміт шырағы боп алға ұмсындырған алтын тұғырының жоғалмауынан деп білгеніміз ләзім. Тоталитарлық қоғамның тар шеңберінде қыстыққан, шерменде күй кешіп ширыққан көркем сөзіміздің талайсыз тағдырына үміт шырағындай болып, үміт соқпағының сүрлеуіне бағыттаған алпысыншы жылдардың жылымығы келді. Бұл жылымық алтын күректің желіндей еркіндікті аңсаған өнер бітіміне үлкен леп әкелді.

Қаңси бастаған тамырларға қан жүгірді. Әдебиеттің тақырыптық-идеялық өрісі кеңіді. Тар идеялық өрістен адамзаттық құндылықтарға бет бұрды. Рухани аңсарлар толыға түсті. Кешегі атылған, асылған, айдалған ағалардың орнына өртеңге шыққан өскіндей жас толқын келді. Бұл – тегеуірінді де қуатты буын еді. Балалық шақтарының қызығын алапат соғыс жалмаған, балалығы ұрланған көкірегі шерлі, қамкөңіл ұрпақ еді. Сондықтан да болар бұлардың рухани бітімі толымдырақ, қуатты өскін еді.

Бұлар әдебиетіміздегі алыптар тобы атанған кешегі Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек, Мағжан, Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Сәбит, Мұхтар, Ғабит, Ғабидендердің өз дәуіріне сай жаңаша сипатпен толыққан, жаңғырған, кемелденген, өскен рухани ізбасарлары еді. Қазіргі дәуірдегі қазақ әдебиетінің асылы да, бары да, нары да осылар екендігін халайықтың жүрегіне сіңіріп, әсіресе ауыз толтырып айтуымыз керек секілді.

Бірінен-бірі қадам оздырмай, жарыса шыққан, таласа шыққан бұл талантты топ қазіргі әдебиетіміздің жарқын жұлдыздары Тәкен Әлімқұлов, Қалихан Ысқақов, Сәкен Жүнісов, Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев, Сайын Мұратбеков, Әкім Тарази, Қабдеш Жұмаділов, Рамазан Тоқтаров, Төлен Әбдіков, Асқар Сүлейменов, Дулат Исабеков, Оралхан Бөкеевтер еді.

Қазақ әдебиетінің дара бітімді, әрқайсысының өзіндік айтар сөзі, жеткізер үні бар сараланған жүйріктерінің арасында өзіндік мәнері мен шығармашылық ерекшелігі менмұңдалап тұратын қызулы да сезімтал шыншыл сипаттағы талғампаз суреткер Сәкен Жүнісовтің шығармашылық болмысы туған мекені Көкшетаудай асқақ, Оқжетпестей дара, оқшау көзге шалынады. Есімі де, шығармалары да халық арасында аңызға айнала бастаған текті де мінезді жазушы.

Өмір сырын тереңнен қамтитын зерделі суреткер. Қара орман қалың жұрты еркелетіп, Сәкен сері атаған, қазақтың қабырғалы жазушыларының бірі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның халық жазушысы Сәкен Жүнісов азабы да, рахаты да мол шығармашылық еңбектің шыңына шыққан бақытты жазушы.

Кемелденген қазақ прозасының маңдайалды шығармалары қатарындағы жазушының «Жапандағы жалғыз үй» романы, «Ақан сері» роман дилогиясы, «Аманай мен Заманай» хикаяты оқырман қауымнан жылы қолдау тауып, үлкен әсерге бөлеген шынайы халықтық туындыларға айналды. Суреткер мерейі де осы халықтық туындыларымен биіктей түседі. Өнердің ізгі бәсекесінде өзгелерден құрық оздырады. Көркемөнердің нәзік талғамы мен қатал сұрыптауынан жарқырай түлеп, оқырмандарының жүрегіне кеңінен жол тапты.

Сондықтан да, Сәкен Жүнісовті өз оқырмандарының ықылас-мейіріне бөленген шын мәніндегі халық жазушысы деп танығанымыз абзал. Жазушы қаламынан туындаған дүниелердегі көркем образ, стиль, тіл, жанр, композициялық шеберлік деген мәселелер жеке-жеке арнайы зерттеуді қажет етеді. Аталмыш мәселелер бүгінгі таңда әдебиеттанушы-зерттеушілер тарапынан зерттелу үстінде. Болашақта бұл өрелі іс әрі қарай жалғасын таба беретініне кәміл сенеміз.

Біз де өз тарапымыздан көркемдік стиль даралығын, жазушы шеберлігін айқындайтын пейзаждық суреттеулер мен адам образын шынайы да терең танытуда, ашуда қолданылатын бірер портрет-штрихқа тоқтала кетсек.

Табиғат суретінің нәзік те шынайы болмысын жазушы қаламы төмендегідей өрнектепті: «Бағанадағыдай емес түн қараңғылығы бірте-бірте қоюлана түскен. Шығыс жақ беттегі жұлдыздар жоғалып, көкжиектен ауыр қара бұлттың ірі тұлғасы көрінді. Әлден уақытта алыстан күн күркіреді де нажағай оты әлсіз ғана жарқ етті. Халел ентелеп басып жүріп келеді. Жабағы таудың арасында бұғып жатқан бозторғай тап үстінен адам келіп қалғанда үркіп, пыр етіп ұшады. Халел селк етіп қалшиып тұрып қалады да, аз уақыт тың тыңдап, тағы да әрмен қарай жүре береді.

Айыр өркешті Қызымшек те жақындаған сайын сорайып, түн караңғылығында бұрынғыдан бетер состиып, биіктей берді. Жауын бұлты оның иығына жасырынды. Биік шоқының тұсына іліп қойған қап-қара киіз тәрізді. Әлде кім шақпақ тас жарқылдатқандай Қызымшектің ершігінде әлсін-әлсін от ойнайды. Ол кезде қос арнаға жан біткендей діріл қағады. Аздан соң түн ішінде бозамық тартып жатқан бетегелі жер түнеріп, бері жылжыған қою бұлтпен астасып, тұтасып кетті. Қалың жыртындыға тірелген Халел тұра қалып тың тыңдады. Арғы беттен талып естілген трактор үнінен басқа ештеңе құлаққа шалынбайды. Оң жақ бүйірдегі бір түп көденің түбінен жалғыз бөдене «бытпылдақ, бытпылдақ» деп екі-үш рет тақылдады да тым-тырыс тына қалды. Алыста күн жарқылдады». (Сәкен Жүнісов. «Жапандағы жалғыз үй» А., 1965.82-бет.)

Апырмай дейсіз сіз де, шегіңізді тартып, осының бәріне кейіпкер Халел емес, өзіңіз куә болғандай, шынында да ауа дымқыл тартып, мұрныңызға жаңбыр иісі келгендей ме, қалай?! Құлағыңызға жел суылдап, шөп сыбдыры естілгендей. Тап жаныңыздан бозторғай үркіп, пыр етіп ұша жөнелгендей, «бытпылдақ қаққан бөдене үні, найзағайдың жарқылы Қыземшектің биігінде әлдекімнің шақпақ тас жарқылдатқандай әсер беруі сізді тіпті еліктіріп өзгеше бір дүниенің қойнауына енгізіп жібергендей. Жауын бұлтының биік шоқының тұсына іліп қойған қап-қара кұрым киіз тәрізді көрінуіне не айтасыз?!»

Алыстағы күннің жарқылы, найзағай отының әлсіз жарқ ете қалуы, ақырған арыстандай алыстан талып жеткен күннің күркірі осылардың бәрі-бәрі сізге таныс бір аяулы дүниедей! Әлдебір қимас сезіміңізді оятқандай. Көз алдыңызға қазақ даласының өзіне ғана тән бояуы, өзіндік ерекшелігі келгендей болады. Сіздің қимас сезімдеріңізді оятып, көз алдыңызға аяулы сурет туғызып тұрған да осы қазақ даласына деген ішкі бір сағыныш екенін пайымдайсыз. Міне, өнер мен өмірді астастырып, тұтастырып жіберген сөз сиқыры, қалам кұдіреті деген осы! Жүнісов қаламының көркемдік қуаты да осындай ерекшеліктерден нәр алады. Адам образын беруде оның ішкі жан-дүниесін жарқырата ашып жеткізуде, сезім күйін беруде портрет тәсілінің орны ерекше. С.Жүнісовте кейіпкер характерін сомдауда портрет тәсілін жете меңгерген. Қаламгер портрет жасаудың шебері.

А.В.Чичерин былай деп жазады: «Движение, идущее внутрь весьма запутанной души человеческой, начатое с портрета, составляет основу характеров и их столкновений» (Чичерин А.В. Сила поэтического слова. Статьи, воспоминания. М., Советский писатель, 1985, стр. 137.)

Мысалға «Ақан сері» романының басты кейіпкері Ақанның Құлагердей қанатты серігінен айырылған кездегі психологиялық хал-ахуалын мынадай портреттік штрих-детальдар арқылы жеткізген: «…Ақанның арқасынан мұздай тер шып-шып шықты. Кең жазық маңдайында бөрткен тер маржандай мөлдіреп, тынысы тарылып, кешкі таза ауа жетпей барады… Сары аттың үстіндегі Ақан көзі қарауытып, теңселіп кетті. Түк көрмей, түк естімей, көзінің алды бұлдырап, тұнып барады».

Заманның соқтықпалы-соқпақты қысталаң мінезінен рухани тұрғыда әбден шаршаған, салыққан Ақанның ішкі жан-күйзелісі психологиялық тұрғыда былай беріледі: «Бұл күні Ақанның түсі келмеді. Ұйықтамағандікі ме,… екі көзі қанталап, өңі қуарып, қос ішінде шалқасынан түсіп жатып алды. Көзі ілініп ұйықтамайды да, тек дөңбекшіп, анда-санда, күрсінетін сияқты».

С.Жүнісов – сан қырлы қаламгер. Шығармашылық жолын балалар жазушысы болып бастаған ол бұл тарапта да өнімді қалам сілтеді. Атап айтар болсақ жазушы қаламынан туған «Сонарда», «Әжем, емші және мен», «Кімнің мекені жақсы?», «Алдыңғы вагон», «Сақау бәтеңке» сияқты кітаптары балалар жүрегіне жол тапқан өміршең шығармалар.

Жазушының творчестволық тұрғыдағы үлкен кұнарлы өрісі драмалық алары болып табылады. Қазақ драматургиясындағы бұрынғы дәстүрлі шығармалары фольклорлық сюжетке құрылған басым үрдіске бүгінгі заман тақырыбын өзекті тақырыпқа айналдырушы драмашыларымыздың бірі де Сәкен Жүнісов. Оның қаламынан туындаған «Ажар мен Ажал», «Тұтқындар», «Жаралы гүлдер», «Әр үйдің еркесі», «Қызым саған айтам…», «Кроссвод», «Өлара», «Қысылғаннан қыз болдық», «Қос анар», «Кемеңгерлер мен көлеңкелер» туындылары ұзақ жылдар еліміз театрларының сахналарынан түспей келе жатқан шығармашылық шырайы басым өміршең дүниелер. Жанр табиғатына байланысты суреткер жауапкершілігі, қаламгер талғамы деген мәселеге байланысты белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай былай деп жазады: «Сәкен Жүнісов осы талапты қатаң ескерген драмашы. Мінез-құлық өрбітуде, тартыс-талас кұруда, кейіпкерлерінің ішкі-сыртқы әлемін даралауда, олардың аузына пәрменді сөз салуда қаламгер еш мүдірген емес. Жасанды оқиға, жарытымсыз жағдай, жартыкеш жан-дүниелерге жуымайды. Халқының әдет-ғұрпын, салт-санасын, дәстүр-дағдысын жетік білетіндігі айрықша көзге ұрып жатады. Дүние-танымының кеңдігі, философиялық топшылау деңгейі оны замандастарына етене ете түсті.

Біздің бұл пікірге қосарымыз жоқ. Иә, айтса айтқандай, Сәкен кейіпкерлері күйіп-жанған қызу сезімнің, кесек мінездің, Шекспирлік кұштарлықтың иелері. Жазушының драмалық бұл болмысы оның прозалық шығармаларына да үлкен әсерін тигізген. Оның прозалық шығармалары да драматизмге, үлкен тартысқа, серпінді динамизміне кұрылған. Кейіпкерлері де ширыққан сезімнің, қызу қанды мінездің иелері. Сайып келгенде Сәкен Жүнісов шығармалары қазақ әдебиетінде сезім шынайылығы, шындық келбетінің кұндылығымен дараланатын, бағаланатын құбылыс деп есептейміз. Күнге бет алған керуендей уақыт жүгін арқалап, өскелең әдебиеттің зерделі суреткерлерінің бірі, Сәкен Жүнісов сияқты шығармашылық тұлғаның рухани мұралары замана көшіне алмастай жарқырап, мәңгіліктің соқпағында өз сүрлеу іздерін қалдыруда.

Сәбит Жәмбек,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің
қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар