Облыс әкімі Сергей Кулагин апатты жағдай орын алған Гранитный кентіндегі бу қазандығында болып, қалпына келтіру жұмыстарымен танысты.
Алдымен өңір басшысы бу қазандығын аралап көрді. 1965 жылы салынған нысан мен қазандықтың 75 пайызы әбден тозған. Көптен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмегені көрініп-ақ тұр. Қабырғалары әктелмеген. Жер бетіндегі жылу құбырлары да қымталмаған. Соның салдарынан жылу беру маусымының екінші күні жылу жүйесі істен шығып, әлеуметтік нысандар мен 175 пәтер жылусыз қалыпты. Баста-уыш сыныптың мұғалімі Евгения Некрасова бізбен әңгімесінде алпыс оқушы үш күн оқымағанын, қазір шағын орталықтың жиырма бүлдіршіні үйлерінде отырғанын айтып қынжылды.
Жергілікті жұрт электр-жылытқышты пайдалануға мәжбүр. Аудандық әкімдік көмек ретінде әр пәтердің электр қуаты шығынын өздері төлемекші. Ал, «Ардагер Неруд» серіктестігінің директоры Жұмабек Әбілов болса, жаз айларында қомақты қаржы жұмсап, ағымдағы жөндеу және құбырды тазалау жұмысын жүргізгендерін айтады. Облыс басшысы бұл сөздің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеп, шаруашылығына ие болмай отырған құрылтайшы Ашот Погасянға қатаң сын айтты. Әрі тез арада жылу құбырларын қымтап, жабуды тапсырды. Мұндай төтенше жағдай тағы қайталанса, қатаң шаралар қолданылатынын да айтып өтті.
Бүгінгі таңда аудандық әкімдіктің көмегімен апаттың салдарын жою жұмысы жүргізілуде. Нысанға шағын екі бу қазандығы қойылып, қажетті мамандармен және құрылыс материалдарымен қамтамасыз етілген. Жұмыс күні-түні жүргізіліп, кенттегі әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерге жылу беріліпті. Шағын бу қазандықтары орнатылғанымен, қуаты Арқаның аязды қысына жарамайтын көрінеді.
Облыс әкімі жергілікті мектепте ұстаздар ұжымымен кездесуінде өз міндетіне атүсті қарайтын басшылар үшін кешірім сұрап, жылу үш күннен кейін толық берілетінін айтты. Әрі мектепке шағын бу қазандығын орнатуды тапсырды.
– Мемлекет тұрғындарды жылусыз қалдырмайды. Кінәлілер жауапкершілікке тартылады, – деді өңір басшысы.
Зеренді ауданы.
Суретте: кенттің бу қазандығы.
Суретті түсірген
Берік ЕСКЕНОВ.