Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тәрбие көрген ұтылмас - АРҚА АЖАРЫ

Тәрбие көрген ұтылмас

Атам заманнан бері ата-бабаларымыз бала тәрбиесімен айналысып келген. Бала біздің келешегіміз, ұрпақ жалғасы деп көп мән берген. Ұлдарды әкесі әр іске баулып өсірсе, анасы қыздарын үй ішінің тұрмыс-тірліктеріне үйреткен. Аз сөйлеп, көп іс атқаратын ұл мен қызды дайындаған.

«Баланы – жастан» демекші, бала жас кезінде бәрін тез қабылдап үйренеді. Үйрету мәні зорлап үйрету емес. Баланың көзінше бір іс істеу керек үй ішіне қажет. Баланың қарап тұрғанын байқамаған болып. Бала сол кезде өзі келіп араласып кетеді. Қызығушылығы пайда болып, әр баланың бойында бір іске бейімділігі көрініс береді. Соны уақытында байқап, соған қарай бағыттап отырса, баланың қабілеті арта түседі. Көп жағдайда бала келіп балға ұстап, шеге қағамын деп жатса, «ой, қолыңды соғып аласың» деп, қолынан балғаны алып қою, баланың іске деген талпынысын тежейді. Бала әрі қарай өз бетінше бір іспен айналыса алмайды. Үйге керек жұмысты баламен бірлесіп істесек, бала сонда ғана үй шаруашылығына қалыптасады. Бара-бара қай жерде кемістік бар, соны өзі байқап, істеп тастайды. Дүкеннен сатып алғанша өзі істеп алып, қолданғанды жақсы көретін жағдайға жетеді.

Анасы болса, қыздарына үй ішінің тазалығын, тамақ түрлерін дайындау, киім-кешектер тігіп, бірсалар сияқты төсеніштер құрау сияқты үй жабдықтарын үйретсе, оның да шебері болып шығады. Анасы қыздарына үлкен кісілердің алдын кесіп өтпеу, үлкенге құрмет, кішіге қамқор болу керектігін айтуды ұмытпаса екен. Бұдан «әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер»  деген ата-бабаларымыздан қалған асыл сөздер еске түседі. Кеңес өкіметі құлаған соң адамдардың ой-өрістері өзгере бастады ғой. Бұрынғыдай емес, бәріміздің қолымызда интернет бар, ұялы телефон пайда болды. Бұған дейін орыс мәдениетіне жақын  болсақ, енді шет елдердің мәдениетіне көз тіге бастаған сияқтымыз ба? Бір қызығы, бір жақындарымыздың 4 жасар баласы үйде отырып-ақ орысша сөйлеп кеткен екен. Қалай дейсіздер ғой, телефонды күндіз-түні қолдан тастамаған соң.

Қазіргі тәрбиені бұрынғы тәрбиемен салыстыра алмайсың. Баланың ыңғайымен кетіп қалып жатқандар баршылық. Меніңше, жетінші, сегізінші сыныптан бастап үйге келетін ақша қанша, соны балаға айту керек. Сосын күнделікті кететін шығынды, өздеріне есептетсе. Жолдікі бар, газ, жарық, КСК, су, жылу, тамақ, монша, киім-кешек, той, дұға, күздік, тағы басқа шығындарды өздеріне есептетіп көрсе, жөнсіз мазалау болмайды ғой деп ойлаймын. Мұны айтып отырғаным, жас балаға «ананы-мынаны» әпер деу дұрыс па?..

Қазір бала тәрбиесімен айналысатын ата-ана аз ғой деймін. Бәрі бірдей жұмысқа, күйбең тіршілікке беріліп кеткендер. Кейбіреулері үйлеріне жұмыстан кеш келіп, кешкі тамағын ішіп алып, жатып қалады. Әке-шешелері жұмыста жүргенде балалар бақылаусыз қалады. Сана-сезімі бар балалар өз беттерінше келесі күні сабаққа дайындық жасаса, кейбіреулері ойына келгенін істеп, уақыт өткізеді.

Ата-бабаларымыз айтқан екен, «бала берсең сана бер, сана бермесең ала бер» деп. Қатқылдау сөз, дегенмен шындық. Кей ата-аналарды мектепке шақыртып ала алмайсың ғой. Ал,енді баласы мұғалімді жамандап барса болды, ондайға уақыты табыла қояды. Бала тәрбиесі алдымен сәби ана құрсағында жатқаннан басталады. Сәби бәрін естіп-біліп жатады. Егер үй ішінде айқай-шу көп болса, бала қорқақ, мазаң, ашушаң болып дүниеге келетін көрінеді. Ал, үйде тек жақсы сөздер, ән-күй естіліп жатса, бала тез өседі, жақсы ортаға бейімді болады. Осы тәрбие мәселесі дұрыс жолға қойылмағандықтан да ғой, қарттар үйінің пайда болғаны. Жақсылық жасай білсең, сол жақсылығың қайтып келіп қуантар, жаман ісің алдыңнан шығып ұялтар. Ата-анасынан тәлім-тәрбие көріп өспеген бала ата-ана болып та жарытпас.

Біздің заманымызда спорт алаңы болмады ғой. Қазір қалада спорт алаңы әр көшеде салынып жатыр, бұл қуанарлық жағдай. Соны балалар сеткаларын жыртып, бүлдіріп жататынын да көзіміз көріп, ескерту жасап жүрміз. Міне, тәрбиенің қандай күйде екендігін осыдан білуге болады. Ал, келесі бір өте ауыр мәселе, күйеуімен ажырасқаннан кейін әйелдер балаларын әкесіне қарсы қойып тәрбиелеуді шығарған. Бұл дұрыс па? «Жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды» дегендей, кемшілікті екі жақтан да іздеген дұрыс болар ма еді. Айта кеткен артық болмас, Франция, Өзбекстан сияқты елдерде ажырасқан кезде бала әкесінде қалатын да жағдайлар болады екен. Ал, Жапонияда ата-аналары ажырасқаннан кейін әйел тарапынан осалдық болса, баланы алып әкесіне  беретін көрінеді. Елімізде бала тәрбиесі төмен деңгейде деп әрине, айта алмайсың. Басқа ұлт өкілдерінен «қазақтың балалары ата-анасына жақсы қарайды» дегенді естіп, қуанып қаламын. Осылай балаларымыздың кешегі ата-бабаларымыз нұсқап кеткен қазақы тәрбиемен өсірсек, рақатын көреріміз анық.

Бақытжан БІЛӘЛҰЛЫ,
зейнеткер ұстаз. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар