Облыс әкімі Сергей Кулагин «Достық» қонақ үйінде егде адамдар мен мүгедектерді қолдау айлығы аясында Көкшетау қаласының ардагерлерін құттықтады.
Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – адамгершіліктің ең жоғары қасиеттерінің бірі. Қай халықтың болмасын түпкі тамырында үлкенді сыйлап, құрмет көрсету қашанда алдыңғы орынға қойылған. Қариялар – біздің асыл қазынамыз. Олардың бір кездері елі, жері, халқы мен келешек ұрпағы үшін жасаған игі істері тарихта ерекше орын алады. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне ел тәуелсіздігінің 25 жылында да олардың атқарған істері телегей-теңіз.
– Ардақты ардагерлер! Сіздер біздің бар байлығымызсыздар. Еліміздің бейбітшілігі мен бақуатты өмір сүруге қосқан үлестеріңіз ешқашан ұмытылмайды. Өңір тарихында өшпес із қалдырдыңыздар. Ел экономикасы мен индустриясының дамуына қосқан сүбелі үлестеріңіз мол. Келер ұрпақтың жарқын болашағы да сіздердің мақсат-мұраттарыңыздың орындалғандығының айқын көрінісі болмақ, – дей келе өңір басшысы ардагерлерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі. Бұдан соң облыс әкімі атынан оларға гүл шоқтары мен сый-сияпат табыс етілді. Бір ауыз жылы сөз, жылы ілтипат қарт адамдарға қаншалықты шексіз қуаныш әкелетінін әркім де жақсы түсінсе керек. Ақ дастархан басына жиналған қарттар осындай ілтипат пен құрметке, ізгі тілектерге ризашылықтарын білдіріп, ұйымдастырушыларға алғыс айтты.
Ардагерлер бұдан әрі қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастырған концерттік бағдарламасын тамашалады.
Ырысалды ШАМШИЕВА.