«Көкшетау» мәдениет сарайында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенованың 70 жылдық мерейтойы мен 50 жылдық шығармашылық қызметіне арналған «Айналайын Көкшеден, еркелеткен!» атты тақырыпта өткен шығармашылық кеші өз көрерменін керемет сән салтанатымен ғажап әсерге бөледі.
Өнер кешінде мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Жабал Ерғалиев сөз сөйлеп, ән кешіне арнайы келген белгілі әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Майра Ілиясова бастаған құрметті қонақтарға,концертті тамашалауға алыс-жақыннан келген өнерсүйер қауымға жылы лебізін білдіріп, қазақ әнінің жанашыры һәм жалғастырушысы Бисара Мәкеноваға Көкше елі атынан ақжарма алғысын жеткізді. Ән кешінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Майра Ілиясова да сөз сөйлеп, өмірде сыйлас, өнерде сапарлас, рухтас досы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкеноваға ақ тілегін білдіріп, өнер иесіне қоғам дамуына қосқан айрықша еңбегі үшін, «Қазақстан Республикасының құрметті азаматы» төсбелгісін табыс етті.
Жастайынан ән-жырға құмар, саналы өмірін сахна төрінде өткізіп, өнер жолына арнаған Бисара Мәкенова ұлы ақындардың, Қазақстан композиторларының мұраларын және халық әндерін бала кезінен насихаттап, жаңғыртып, саналы ұрпақ тәрбиесіне де зор үлесін қосып келе жатқан өзіндік шығармашылық қолтаңбасы бар шығармашыл тұлға. Әншінің сарқылмайтын шығармашылық қоры, табиғи туа біткен дарыны, әдемі қоңыр даусы ән сүйер қауымның жүрегінен нық орын алды.Әншінің дарынына тек Қазақстан халқы ғана емес, сонымен Ресей, Польша, Венгрия, Чехославакия, Болгария, Түркия, Индонезия, Франция елдерінің тыңдармандары да сүйсініп, өнер иесін қошеметке бөлеген болатын.2001 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығында Бисара Мәкенованың қайталанбас даусы қазақ ән шығармашылығының саңлақтары: Ғарифолла Құрманғалиев, Кенен Әзірбаев, Байғабыл Жылқыбаевтармен қатар қойылып, «Ғасырлар сазы», «Қазақстан халықтық музыкалық антологиясы» атты Алтын шағын дискі жазылып, «Көкшетауым – ән туым» атты жеке ән дискісі жарық көрді.Осындай өнер иесінің ән кешіне көкшелік халық көптеп жиналды. Көкшелік халық қана емес, ел-елден, ауыл аймақтан осы өнер кешіне арнайы келген көрермендерді көріп дән риза болыстық. Бисара Мәкенованың туған жері Абай облысынан келген арнайы құрметті қонақтар да халықтың өнер адамына деген ыстық ықыласын аңғартып тұрғандай.
Сахнада қазақ композиторларының әндерін бірде оркестрдің сүйемелдеуімен, енді бірде қара домбыраға салып мың құбылта жүрек қылын шертіп, жан дүниеңді тебірентіп ән салған әнші Бисара Мәкеноваға деген халықтың ықыласы ерекше болды. Әншінің ұлы – К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің белді мүшесі, дәулескер домбырашы Арман Мәкен де өз өнерін ортаға салып, күмбірлі күйден шашу шашты.
Сонымен қатар, кеш қонақтары Еркеғали Рахмадиев атындағы филармонияның әншілері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова мен Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Арайлым Рахымқызы мерейтой иесіне ән шашуларын арнады. Шығармашылық кеш барысында Қазақстанның халық әртісі, ұстазы Қайрат Байбосынов, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Рымбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев кеш иесін LED экран арқылы құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Өнер кешінің өн бойында сағынышқа айналған сазды әуендер шырқалды. Көкшенің ән көгінде паң күй мен падиша ән бұлттан да биік шарықтап, әнсүйер қауымның да көңілін көкке өрлетті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.