Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» атты мемлекеттік бағдарламасы аясында «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде толыққанды жүзеге асырылу үстінде. «Мәңгілік Ел» мақсаттарымен байланыстырылған жоба оңтүстік облыстардың жастарының еліміздің солтүстік, батыс және шығыс аймақтарында білім алуына мүмкіндік береді.
Жобаның мақсаты еңбек нарығында талап етілетін мамандықтар бойынша білім кеңістігін кеңейтуге, республиканың солтүстік және орталық өңірлерінде ашылып жатқан мүмкіндіктерді ескере отырып, оңтайлы көші-қон үдерісін үйлестіруге, студенттердің таңдаған мамандықтарына деген ынтасын арттыруға және олардың еңбекпен қамту саласында шарттар жасасуына жол ашу болып табылады.
– Университетімізде «Серпін-2050» әлеуметтік жобасын қолдау мақсатында оқытушылар арасында арнайы штаб құрылған, – дейді ректордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Аманай Сейітқасымов. Оның мүшелері бес облысқа бөлініп, оқуға түсетін талапкерлермен нақты жұмыстар жүргізді. Соның нәтижесінде бүгінгі күні Ш.Уәлиханов атындағы КМУ-де былтырғы жылмен қосқанда «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы бойынша Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Маңғыстау облыстарының 515 талапкері оқу ордамызда педагогикалық, техникалық, ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алуда. Биыл 377 студент бірінші курсты ойдағыдай аяқтады.
Сондай-ақ, университетте «Серпін-2050» грант иегерлерінің штабы құрылып, оның төрағалығына аталған жоба түлегі, жаратылыстану ғылымдары факультетінің 2 курс студенті Керімбек Бексұлтан сайланған. Бұл өзін-өзі басқару қағидаттарына құрылған өте жақсы шешім. Өйткені, мұның астарында көптеген мәселелер қарастырылған. Мәселен, бұл күні кеше мектеп бітіріп, туған елінен ұзап шықпаған балалардың жарасымды қауымдастығын, жергілікті түсінік-танымдардың жылдам қалыптасуын қамтамасыз ететіні анық. Сонымен бірге, «Серпін» штабына университеттің бас ғимаратынан арнайы кабинет бөлініп, талапқа сай жабдықталғаны да құптарлық. Білім ордасының басшысы серпіндіктермен жиі-жиі кездесу өткізіп, емен-жарқын әңгіме өрбитіні тәрбие тәлімінің баяндылығын байқатады.
Білім ордасында ән-би, домбыра, шахмат, жас таланттар, көркемөнерпаздар үйірмелері, «Жауқазын» театры жұмыс істейді. Сонымен бірге КМУ-де студенттік деканат, «Жастар» педагогикалық отряды, студенттер кеңесі де өнегелі қырларымен танылуда. «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы бойынша оқуға түскен студенттер аталған ұйымдардың негізгі құрамының мүшелері. Яғни, шығармашылық үйірмелеріне 115, спорт секцияларына 144 студент қатысады екен.
Мұнда жас ақындар мен тілшілер клубы да құрылып жұмыс істеуде. Бұлардың қатарындағы балауса жыр мүшәйраларына қатысып, қалалық, облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары атанып жүргендер бар. Әсіресе, талантымен тәнті етіп жүрген Күләш Нысанбек Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ұйымдастыруымен өткен Мұқағали Мақатаевқа арналған «Жазба ақындар мүшәйрасында» бас жүлдені, Түркістан қаласындағы Ғани Мұратбаевтың 100 жылдығына арналған «Жалындап өткен жас» ғұмыр атты республикалық жыр мүшәйрасында ІІІ орынды, Ақмола облыстық «Студенттік көктем» фестивалі мен «Мәңгілік Ел – мәртебелі тіл» атты ақындар мүшәйрасында ІІІ орынды иемденуін үлкен жетістік деп бағалаймыз.
Бүгінгі күні «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы бойынша оқуға түскен студенттер университеттегі және қалалық, облыстық, республикалық деңгейде өткізілетін барлық іс-шараларға белсенді түрде қатысуда. Солардың біразын санамалап өтсек дейміз.
Серпіндіктердің ұйымдастыруымен Көкшетау қаласындағы №1 және «Арасан» жатақханасында «Біз жалынды жастармыз» атты мәдени кеш өткізді. Қалалық «Денсаулық фестиваліне» бес факультеттен 1000-ға жуық студент қатысса, соның жартысынан көбі серпіндіктер болды. Өздері шептік қамқорлыққа алған Бұқпа тауының бөктерін көкорайға бөлеудегі белсенділігі үшін қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталғандар да солар. «Жастардың жеті қазынасы» форумында, «Шоқан жұлдыздары» фестивалінде жарқырай көрінгендердің ішінде де серпіндіктер аз емес.
Әртүрлі интеллектуалдық, спорттық жарыстарда Көкшедегі жетекші білім ордасының беделін көтеріп жүргендердің арасынан серпіндіктерді көбірек көре бастауымыз да көңілге қуаныш ұялатады. Мәселен, 2015 жылдың 29 қыркүйегінде Астана қаласында өткен Серпін сардарларының слетіне Керімбек Бексұлтан қатысып, Ақмола облысының Серпін сардары атанып қайтты.
Биылғы жылғы 1 курс студенттері арасынан «Жалын» қоғамдық ұйымы құрылып, қайырымдылық шаралар ұйымдастырылуда. Нақтылай кетсек, қаладағы соғыс және тыл ардагерлерінің үйлеріне барып үлкен қайырымдылық көмектер жасалды. Сонымен бірге, мүмкіндігі шектеулі балалар үйлерінде де концерттер қойылды. Студенттер арасындағы аймақтық «Аламан» бәйгесін ұйымдастырушылар қатарында да серпінділіктер айрықша белсенділік танытқаны айтылуда.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан тәуелсіздігінің тұғырлы болып, қазақ елінің өркендеуі жастардың қолында екендігін алға тартқанда, аталы сөзін серпіндіктерге де қаратып айтқаны белгілі. Қоғамымызда ғылыми жастар элитасы шоғырланса, еліміз дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылатындығы айқын. Халқымыздың ұлық мұратына Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде білім алып жатқан студенттер де өз үлестерін қосатынына сенім мол.
Бақберген Амалбек.