Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Үлебайдың үні, Құлтуманың жыры дарыған - АРҚА АЖАРЫ

Үлебайдың үні, Құлтуманың жыры дарыған

Бүгінгі күні теледидардан да, радиодан да еститін әндеріміздің барлығы дерлік эстрадалық әуендер екендігі белгілі. Әрине, оларды орындайтын әншілер арасында дарынды, құлақтың құрышын қандырардай әсем дауысы бар таланттар аз емес.

Дегенмен, кейінгі уақытта қазақтың кәдімгі дәстүрлі әндерін мүлдем аз еститін болғандығымыз да шындық. Тіпті, той-домалақтарда да домбыраға қосылып, ән айтқандарды дұрыс тыңдамайтын жағдайға жеткендігімізді кімнен жасырамыз? Алты қырдың астынан естілетін әндерді шырқауға бүгінгі «жұлдыздардың» дауыстары жетпей ме, әлде тыңдаушының талғамы басқаша болып кетті ме, әйтеуір, кәрі-жастың бәрі «Қызыл өрік» сынды әуендерге әуес болып кеткендей.

Әрине, әркім өзінің ұнатқан әнін тыңдайды, көңіліне жаққан өлеңін айтады. Оған дау жоқ. Алайда, кешегі Ақан сері мен Біржан салдың, Үкілі Ыбырай мен Иманжүсіптің әнін шырқайтын әншілеріміз де аз емес қой. Өкінішке орай, кейінгі уақытта ондай әндерді «өтпейтін тауар» деуге бейімдердің бәсі асып тұр.
 Абырой болғанда, әлі де болса, қазақтың дәстүрлі әндерін шырқап, халық арасында кеңінен насихаттап жүрген әншілеріміздің көші бұзылған жоқ. Қайрат Байбосынов пен Жәнібек Кәрменов салған сара жолды бүгінде аға буын өкілі болып жүрген Бекболат Тілеухан мен Рамазан Стамғазиев жалғастырса, олардың ізін басқан жастарымыз да аз емес. Бұл арада әсіресе, жастардың кең қанат жайып келе жатқандығы қуантады. Солардың бірі – жасынан Үлебайдың әнін жаттап, Құлтуманың жырына қанығып өскен Данияр Мұқан.
–Бала күнімнен ән-күйге құмар болып өстім де, 5-6 жасымда домбыраға қосылып өзімше ән айта бастадым, – дейді
Данияр бізбен әңгімесінде. – Мақтанып отыр демеңіз, ептеп ақындығым да бар еді. Кейіннен «екі қайықтың басын ұстамай», тек әншілікке ден қоя бастадым.
 Ақындығынан әншілігі басымдау болған шығар, қалай болған күнде де, Даниярдың таңдауы дұрыс болды деуге әбден болады. Мәселен, 1995 жылы сол кездегі Ақмола музыка училищесіне оқуға түсіп, оны бітірген соң Өнер академиясына оқуға қабылданады. Тума таланты бар, сонымен қатар, жоғары оқу орнын тәмамдаған  Данияр 2008  жылы Халықаралық «Шабыт» фестивалінде бас жүлдені жеңіп алды.
  Данияр салған әндер Астана күніне арналып, Пекин, Париж, Санкт-Петербург сынды қалаларда өткен Гала-концерттерде  тыңдармандардың көңілдерінен шыққан. Дарынды әнші, білікті ұстаз Ербол Сариннің шәкірті болған Данияр бүгінде өзіндік мақамы, өзгелерге ұқсай бермейтін ерекше дауысы бар танымал әнші.
  Бұл арада ол еңбек ететін Астана филармониясында осы өнер ордасының бас директоры Сәкен Әбдірайымовтың қолдауымен 2005 жылы дәстүрлі ән бөлімі ашылғандығын айта кету керек. Міне, содан бері  филармония өнерпаздары  Астана қаласында тұрақты түрде ән кешін ұйымдастырып тұруды дәстүрге айналдырған екен. Мұның басты мақсаты әрине, халықтың ұмытылып бара жатқан дәстүрлі өнерін кеңінен насихаттау, талантты жастарға жол ашу болып табылады.
 Қорғалжын ауданындағы Өркендеу ауылындағы орта мектептің 9 сыныбын бітірген соң, жоғарыда айтып өткеніміздей, музыкаға ден қойған Данияр осы уақыт аралығында біраз белестерді бағындырды. Оның әнші ретіндегі тағы бір ерекшелігі, өзі жастайынан сусындап өскен Арқа әндерімен қатар, Жетісу, еліміздің батыс өңірінің ән салу  мектептерін де жетік меңгергендігі. Сондықтан да, оның репертуарында Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай сияқты атақты сал-серілермен қатар, Жетісу өңірінің әйгілі әншілері Қалқа Жапсарбаев пен Дәнеш Рақышовтың, Батыс өңірінен Мұхиттың да әндері бар.
  Жуырда Астана қаласында өткен өзінің ән кешінде Данияр Мұқан әншілік өнерді жетік меңгерген, дауысы да, домбыра шертісі де келіскен тамаша өнер иесі екендігін тағы да дәлелдеді. 
    Астана қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар