Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мұқтаж жандарға қамқорлық пен көмектен тартынбаймыз - АРҚА АЖАРЫ

Мұқтаж жандарға қамқорлық пен көмектен тартынбаймыз

Әлеуметтік қызметкерлердің жалпыға ортақ еңбегі ешқашан мемлекет назарынан тыс қалған емес. 2011 жылғы 20 қазандағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен қазан айының соңғы жексенбісі Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып бекітілген еді.

 

Тәуелсіздікке қол жеткізгелі мемлекетіміз барлық салада алға басып, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-саяси жағынан нығайып келеді. Кез-келген дамыған мемлекеттердегідей, халықтың әлеуметтік-материалдық жағдайын жақсартып, дұрыс жолға қою мәселесі бүгінде біздің елімізде де алдыңғы орынға қойылған. Сондықтан, халықты әлеуметтік қорғау мемлекеттің ішкі саясатының негізгі басымдық-тарының бірі болып табылады.
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінде халықты әлеуметтік қорғау бағытында елеулі жұмыстар атқарылып келеді. Еңбекке жарамсыздық дәрежесі мен мүгедектік топтарын анықтау, зейнетақы және жәрдемақы тағайындау сияқты әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандар үшін маңызды шаруалармен айналысады. Бұл орайда, департамент мемлекеттік әлеуметтік қызметтің 11 түрін ұсынады, оның 10-ы «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы арқылы электрондық нұсқада жүргізіледі. Мекеменің штаттық құрамында 42 мемлекеттік қызметші жұмыс істейді.
Ағымдағы жылдың тоғыз айында әлеуметтік зейнетақымен қамтамасыз ету саласында департамент қызметкерлері  53858 адамға республикалық бюджеттен зейнетақы мен жәрдемақы тағайындауға шешім шығарыпты. Ағымдағы жылдың бірінші қазанына дейінгі мәліметтерге сай, облысымызда 108 076 адам зейнетақы алады. Сонымен бірге, базалық зейнетақы төлемдерін алатындар саны – 108 329-ды құрап отыр. Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алатындар саны – 28 309 болса, оның ішінде 20 822-сі мүгедектер, 7 254-і асыраушысынан айырылғандар, 173-і жасы келген зейнеткерлер. Сондай-ақ, 50 687 адам арнайы мемлекеттік жәрдемақы алатындар санатында. Ал, бала күтімі бойынша биыл 3653 анаға республикалық бюджеттен жәрдемақы төленуде. Мүгедек балаларын тәрбиелеп отырған 2479 отбасы да тиісті жәрдемақыларын алуда. Мемлекеттік кепілдік бойынша 402, регресті төлемақылар бойынша 73, субсидия  бойынша 3540 адам жәрдемақы алады. Сонымен қатар, үстіміздегі жылдың тоғыз айында 26802 адамға зейнетақы мен жәрдемақыны республикалық бюджеттен тағайындау туралы шешім шығарылған.
Әлеуметтік қорғауды жүзеге асыруда медициналық-әлеуметтік сараптама жұмыстарын жүргізетін мекемелердің орны ерекше. Облыста осындай жеті бөлім қызмет етеді. Оның біреуі психикалық ауытқулары бар адамдар мен туберкулез дертіне шалдыққандарды тексеріп, сараптамадан өткізетін мамандандырылған бөлім. Бұл бөлімдердің барлығында да денсаулық саласында еңбек өтілі бар, аталмыш ауруларға шалдыққан науқастармен бұрын жұмыс істеп көрген білікті, тәжірибелі дәрігер сарапшылар еңбек етуде.
Осы орайда, облыстың шалғай аудандарынан мүгедектердің сараптамалық бөлімдерге тексеріске келулері үлкен қиындықтар туғызып жатқандығын атап өткен жөн. Жолға кететін материалдық шығындар да мүмкіндігі шектеулі, кембағал жандарға айтарлықтай өзекті мәселе болып отыр. Медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдері көшпелі отырыстар өткізіп, аурулар мен мүгедектерге қажетті куәландыратын анықтамалық құжаттарын тапсыруды оң жолға қоюда. Департамент директорының бекіткен кестесіне сәйкес облыстың барлық аудандарына көшпелі отырыстар ұйымдастырылуда. Қажет болған жағдайда куәландыру науқастың, не болмаса мүгедек адамның үйінде өткізіледі.
Республиканың барлық аймақтарындағыдай біздің облыста да 2006 жылдан бастап мүгедектігі бар тұлғалардың орталықтандырылған банкі – бірыңғай ақпараттық жүйесі жұмыс істеуде. Биылғы жылдың он айындағы мәліметтер бойынша 28380 мүгедек тіркелген екен. Оның ішінде 2685-і бірінші, 11320-ы
екінші, 11744-і үшінші топтағы мүгедектер. Бұл жүйеде тіркелген жарымжандардың қатарында 16 жасқа дейінгі балалар да бар. Сондай кемтар балалардың саны – 2331 болып отыр.
Бүгінде елімізде медициналық-әлеуметтік сараптамаға жүгінетін заңдар мен заңнамалық актілердің үйлесімді жүйесі қалыптасып келеді. Дамыған елдердегідей бізде де халыққа әлеуметтік қызмет көрсету жұмыстары оң жолға қойылып, оңтайлы тәсілдері енгізілуде. Бұл бағыттағы заңнамалар да бір орында тоқтап тұрған жоқ. «Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің ережелеріне» соңғы рет 2015 жылдың қаңтар айында өзгерістер жасалды. Әлеуметтік қамту жүйесін реттеуші мұндай заңнамалық актілерді жетілдіру мақсатында үнемі мақсатты жұмыстар жүргізіліп тұрады.
Департамент өз құзыреттілігі шеңберінде халықты әлеуметтік қорғау, зейнетақымен және жәрдемақылармен қамтамасыз ету, міндетті әлеуметтік сақтандыру, мүгедектерді әлеуметтік қорғау, арнайы әлеуметтік қызмет көрсету салаларына мемлекеттік бақылау жасайды,   
Департамент жұмысының басты бағыттарының бірі медициналық-әлеуметтік сараптама болып саналады. Сонымен қатар, медициналық, әлеуметтік және кәсіби тұрғыда мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламаларын әзірлеп, оның орындалуын бақылайды.
Қазіргі таңда мүгедектер санатына қан айналу жүйесінің ауруларына шалдыққандар, қатерлі ісік дертіне ұшырағандар, жергілікті жерлердегі апаттарға қатысып, жарақат алғандар кіреді. Соңғы екі-үш жылдың ішінде патологиялық аурулармен туылған мүгедек балалардың саны артып келе жатқандығы қынжылтады. Осыған орай, облыста мұндай жағдайларды ерте кезден анықтау және емдеу жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылдың тоғыз айы бойынша берілген мәліметтерге сүйенетін болсақ, патологиялық аурулармен туылған балалардың мүгедектер санатына алыну жағдайы тұрақтандырылды. Балалардың тағдырдың жазуымен осылайша әлеуметтік қорғау топтарының қатарына қосылуы жаныңды ауыртады. Отбасы жағдайында ата-аналар салауатты өмір салтын ұстанып, баланы бүгінгі медицина тілімен айтқанда, бойға бітпей тұрып алдын ала жоспарлап, дүниеге әкелу сияқты мақсатты тәсілдерді ұстанса, мұндай келеңсіздіктер біршама азаяр еді.  
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты ел халқына арнаған Жолдауында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көңіл бөлуді күшейту керектігі ерекше атап көрсетілген болатын. Көмекке мұқтаж сондай адамдарға қамқорлық жасау, біздің жеке адами және қоғам алдындағы парызымыз. Осы құжатта көрсетілгендей, мүмкіндігі шектеулі жандарға тұрмыстық-шаруашылық, азық-түлік өндіру, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі. Бұл олардың белсенді өмір сүру жағдайына тартылуына мүмкіндік береді. Олар жәрдемақы алып қана қоймай, өздерін қоғамның белді мүшесі ретінде сезіне алады.
2015 жылғы 20 ақпанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев
Қазақстан Республикасының «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Заңына қол қойды. Мүгедектердің құқықтары туралы конвенция – мүгедек адамдарға қатысты кемсітулерді жоюға бағытталған негізгі құжат. Осы орайда, ағымдағы жылы Жарқайың ауданының Державинск қаласындағы қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесі мен Көкшетау қаласындағы психоневрологиялық және тірек-қозғалыс аппаратының функциялары бұзылған балаларға арналған медициналық-әлеуметтік мекемесінің арнайы әлеуметтік қызмет көрсету жағдайымен танысу мақсатында  тексерістер жүргізілді.
Қазан айының соңғы жексенбісі әлеуметтік қызметкерлердің төл мерекесі. Осы орайда, өздеріне жүктелген ауыр да  жауапты міндеттерін адал атқарып, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беріп жүрген әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтап, дендеріне саулық, отбастарына береке-бақыт, еңбектеріне жеміс тілеймін.

Нұрлан ШЕРИЯЗДАНОВ,
Еңбек, әлеуметтік қорғау  және
көші-қон комитетінің  Ақмола облысы
бойынша департаменті басшысының  
міндетін атқарушы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар