Ақмола облысы әкімінің төрағалығымен Бұланды ауданында су тасқынына қарсы іс-шаралар жөніндегі штаб отырысы өтті.
Күн тәртібінде аудандағы су тасқынының салдарын жою және халыққа келтірілген залалды өтеу мәселелері қаралды.
Су тасқыны жағдайы туралы аудан әкімі Ардақ Смаиылов баяндама жасады.
Бұланды ауданындағы су тасқыны бойынша жағдай тұрақтанды. Бақсұқ өзенінде су деңгейі төмендеп, қауіп азайды. Ауданда су тасқынына қарсы іс-шараларға барлығы 22 бірлік арнайы техника, сондай-ақ тікұшақ, 3 автобус және 2 газель жұмылдырылды. Бақсұқ, Жолболды өзендерінде жарылыс жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, өзендердегі мұз қалыңдығына байланысты жарылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қиындықтар болды. 13 эвакуация пункті ұйымдастырылды. Қабылданған шараларға қарамастан, 11 сәуірде өзендердегі су деңгейінің күрт өсуіне байланысты 4 елді мекен су басу аймағында болды. Бүгінгі күні барлық эвакуацияланған тұрғындар үйлеріне оралды.
«Мемлекет басшысы жедел штаб отырыстарында бірнеше рет су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға қажетті көмек көрсету туралы тапсырма берді. Қазір халыққа көмек көрсету басты міндет болып табылады», — деді облыс әкімі.
Марат Ахметжанов тұрғын үйлерді тексеру және материалдық залалды бағалау жөніндегі комиссияны дереу құруды тапсырды және салдарын жою жөніндегі комиссия қызметінің ашықтығына назар аударды.
«Аталған комиссияға жергілікті қоғамдастық өкілдерін қосып, бағалау үшін лицензияланған ұйымдарды тарту қажет. Бұл жұмыс ашық және артық әуре-сарсаңсыз жүргізілуі тиіс. Сондай — ақ барлық зардап шеккендерге 100 АЕК мөлшерінде біржолғы көмек көрсетіледі», — деп қорытындылады М.Ахметжанов.
Дереккөз: www.gov.kz