Алтыншы шақырылған аудандық мәслихат депутаттарының сайланғанына жарты жылдан астам уақыт өтті. Жергілікті билік өкілдерінің жұмысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауларында белгіленген мемлекеттік стратегиялық бағдарламаларды және аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын жүзеге асыруға, сайлаушылардың аманаттарын орындауға бағытталған. Жергілікті мәслихаттың негізгі міндеті атқарушы билікпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, мемлекетімізді нығайту, Қазақстан халқының бірлігі мен әлеуметтік белсенділігін арттырып, саяси тұрақтылықты сақтау сияқты маңызды мәселелерге белсенділікпен атсалысу болып табылады.
Біздің мәслихаттың депутаттық корпусына кәсіпкерлер, денсаулық сақтау қызметкерлері, ірі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер кіреді. Олардың көбі екі-үш шақырылымның депутаттары, соған орай, аудан және өз сайлау округтерінің игілігі үшін атқарып жатқан игі істері жұртқа жақсы таныс. Мәселен, Жолымбет кентінің «Қазақалтын» акционерлік қоғамының басшысы Виктор Шевченко негізгі жұмысына қарамастан, күн сайын округ тұрғындарының да әлеуметтік мәселелерін шешіп, тұрғындардың сенімі мен құрметіне ие болып жүрген жан.
Ал, «Фирма МААР» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ғалиябану Мұқанова аудандық мәслихат депутаттығына осымен үшінші рет сайланып отыр. Әрбір сайлаушының сауалы мен өтінішіне сергек қарап, өз округінің тұрғындарымен тығыз байланыста болу – тәжірибелі депутаттың алдына қойған негізгі мақсаты. Ол Жолымбет кентінде қайырымдылық қорын құрып, мұқтаж адамдарға қол ұшын беріп тұрады. Қор әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешіп, көп балалы, аз қамтылған, жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларға, мүгедектер мен жетімдерге көмектеседі, оларға мерекелік кештер өткізуге дейін қаржы бөледі. Бірнеше шақырылым бойы депутат болып келе жатқан осы екі депутаттың тікелей қатысуымен Жолымбет кентінде су құбыры желілерін күрделі жөндеуден өткізу, автокөлік жолдарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу сияқты мәселелер өз шешімін тапқан. Бұл депутаттар білім беру, денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық базасының нығайтылуына, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметі мен абаттандыру мәселелеріне көп көңіл бөлуде.
Сол сияқты, «Новокубанка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Яков Бельц те 15 жылдан бері аудандық мәслихаттың депутаты болып келеді. Ол өзіне қараған округ тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешуге, көркемөнерпаздар үйірмесін қолдап, спортты дамытуға көңіл бөлуде. Тұрғындардың өтініші бойынша «Новокубанка-Белое озеро» автожолына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуіне ықпал жасады. Халық қалаулысының табандылығының арқасында Новокубанка ауылындағы Мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу мәселесі де шешілді. Қыс айларында «Новокубанка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің техникасымен округ аумағындағы жолдар мен облыстық маңызы бар жолдарды қардан тазарту жұмыстарына да көп мән береді.
«Денсаулық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Анна Коровина туралы шортандылықтар тек оң пікірде. Ол үш шақырылым бойы аудандық мәслихатта сайлаушылар мүддесін бәрінен жоғары қойып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына лайықты үлесін қосуда. Ауданда дәріхана желілерін ашып, ондаған жұмыс орындарын құрған ол қолынан келген көмегін балалар мен қарттардан, сырқат жандар мен аз қамтылған отбасыларынан да аянбауда. Депутат тұрақты комиссиялар отырысы мен сессияларда қаралатын мәселелер бойынша өз ойын нақты білдіріп, оның шешу жолдарын ұсынып, қолдан келгенше көмегін беруді өзінің азаматтық борышы деп санайды.
Жоғарыда аталған үш депутат та аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларын басқарады. Жыл басынан бері осы комиссиялардың онға тарта отырыстары мен депутат сағаттары өткізіліп, оларда түрлі салаларға қатысты 14 мәселе қаралды.
Айталық, Шортанды аудандық ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметі бастығының есебін тыңдауға дайындық барысында депутат Ахмедия Қожамсейітов осы жұмысқа талдау жүргізіп, осал тұстарын анықтап, мәселенің дұрыс талқылауына белсене ат салысты.
Мәслихат қызметінің негізгі арқауы әрине, сессия болып табылады. Онда «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында белгіленген міндеттерге баса назар аударылып келеді. Соңғы сайлаудан бері сегіз сессия өткізіліп, онда 46 мәселе қарастырылды. Оның ішінде аудан бюджетін орындау және қалыптастыру, 2016-2020 жылдарға арналған ауданның даму бағдарламасы, жер салығының базалық мөлшерлемелеріне және басқа да төлемдерге өзгертулер енгізу, азаматтардың жеке санаттары бойынша әлеуметтік көмек көрсету сияқты түрлі маңызды мәселелер бар. Аудандық мәслихаттың алдағы кезекті сессиясы Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мәселелеріне арналмақшы. Бұл ретте, жаңадан сайланған депутаттар Ғалия Даитова және Галина Горкушева осы мәселенің мән-жайын анықтап білу мақсатында елді мекендерге барып, әлеуметтік са-уалнамалар өткізіп, оны алдымен тұрақты комиссия отырысында талқылауға дайындық жұмыстарын жүргізуде. Осы орайда, оларға тәжірибелі дәрігер, депутат Анна Фурта көмектесуде.
Аудандық мәслихаттың депутаты болып осымен екінші рет сайланған Вадим Волокитин мен депутаттар Анатолий Хабовский, Ерболат Жапаровтың аудандық мәслихат жұмысындағы белсенділіктері туралы да тек жылы лебіз білдіруге болады.
Аудандық мәслихаттың 12 депутаты сонымен бірге, өз жұмыс орындарында, сайлау учаскелерінде азаматтарға жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізеді. «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында да осындай 50-ге жуық қабылдаулар өткізілді. Депутаттардың жеке қабылдауында көтерілген мәселелердің мазмұнына келетін болсақ, тұрғындар көбіне автокөлік жолдарын жөндеу, несие алу, мал жайылымын, шабындықтарды кеңейту мәселелерімен келеді. Бұл сауалдар мен өтініштердің бәрі мәслихаттың бақылауында ұсталуда. Сондай-ақ, біздің депутаттар қайырымдылық істермен де айналысуда. Олар әлеуметтік жағынан осал топтарға қайырымдылық асын ұйымдастырып, «Мектепке жол» акцияларына қатысады, жағдайы қиын отбасыларына демеушілік көмек көрсетіп, олардың балаларын жыл сайын жаңа жылдық сыйлықтармен қамтамасыз етуді өз парыздары деп біледі.
Мәслихатта өткізілетін қоғамдық тыңдаулар, депутаттардың атқарушы биліктің жанынан құрылған түрлі кеңестер мен басқа да органдардың, атап айтқанда, Қоғамдық кеңестің жұмыстарына белсене қатысуы өздерінің сайлауалды бағдарламаларын нәтижелі орындауға, сайлаушылардың сенімін ақтап, халық қалаулысы өкілеттігін ойдағыдай жүзеге асыруға мүмкіндік беруде.
Біздің депутаттық корпус барлық бастамаларды жүзеге асыра және уақыт талабын ескере отырып, алдағы уақытта да өз жұмыстарында кәсіпкерлікті қолдау, аудан тыныс-тіршілігінің тұрақтылығын, өңірдің индустриалдық-инновациялық дамуын қамтамасыз ету, халықтың әл-ауқатын жақсарту мәселелеріне ерекше мән бере түсетіндігі анық. Атқарушы билікпен бірлесе отырып, халықтың игілігі үшін жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды қолға алып, іске асыру да бізге үлкен абырой.
Аудандық мәслихаттың жұмысын халықтың толық біліп отыруы үшін өз ресми сайтымыз ашылған. Сайлаушылар сенімінен шығу біздің депутаттар үшін басты қағида екені осы ашықтығымыздан да жақсы аңғарылады ғой деген ойдамыз.
Дархан ОТАРОВ,
Шортанды аудандық мәслихатының хатшысы.