Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жастар тәрбиесі ойландырады - АРҚА АЖАРЫ

Жастар тәрбиесі ойландырады

Еліміз тәуелсіздік алғалы «отансүйгіштік», «қазақстандық патриотизм», «ұлтжандылық» деген сөздер күнделікті өмірімізде жиі қолданыла бастады.

Қазақстан Республикасының азаматтарына  патриоттық тәрбие беру бағдарламасында ел өміріндегі бірқатар мәселелерді шешу көп жағдайда азаматтық қоғамның даму деңгейіне, жоғары патриоттық сананың қалыптасуына, өз Отанына деген сүйіспеншілік сезіміне байланысты екендігі атап көрсетілген.

Жүргізілген зерттеулер бүгінгі таңда жас-тар мен жасөспірімдердің осы  қойылып отырған талаптарға толық сай келе бермейтіндігін көрсетіп отыр. «Байлыққа кенелу, пайда табу қылмыстық жазамен байланысты болса, сенің шешімің қандай болар еді?» деген сұраққа жауаптар әр түрлі болса да, 30 пайызы қылмыс жасауға іштей дайын сияқты сыңай танытады. «Мүмкіндік болса басқа елге кетер  ме едің?» деген сұраққа, қазақ мектептерінде оқитын оқушылардың 11 пайызы, ал, орыс мектептерінде оқитын оқушылардың 47 пайызы «иә, кетер едім» деп жауап берген.
Патриоттық сана-сезім, іс-әрекет адам бойына өздігінен қалыптасатын қасиет емес екендігін, оның білім мен тәрбие барысында Отанды ұлағаттау, халықтың төлтума мәдениеті мен рухани әлеміне терең бойлау арқылы қалыптасатынын өмір дәлелдеп келеді.  Демек, бұл орайда, жастарға дұрыс патриоттық тәрбие қажет.
Қазақстандық патриотизмді жоғары деңгейде қалыптастырудың негізгі шарттарының бірі – еліміздің әлеуметтік-экономикалық  жағдайын  одан әрі көтеру, қала мен ауылды бірдей дамыту. Тәуелсіздік жылдары қай жағынан алғанда да  үлкен жетістіктерге жеттік. Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кіргендігін, келешектегі стратегиялық мақсаты айқын екендігін жас ұрпаққа айтып, насихаттап отыру керек.
Жастардың алған білімдері  олардың бойында азаматтық белсенділік, отансүйгіштік сезімдерін қалыптастыруға ықпал етуі тиіс. Жастарға ұлттық рәміздеріміз – Көк байрағымызға, Елтаңбамыз бен Әнұранымызға құрметпен қарауды үйретуіміз керек. Теледидардан байқайтынымыздай, стадионда кейде спорт жарыстары өткізіліп, еліміздің Әнұраны орындалып жатқанда, ұл-қыздарымыздың біразы жайбарақат тұрады.
Ұрпақ тәрбиесі ұлт тағдырымен тығыз байланысты болып келеді. Өз ұрпағын дұрыс тәрбиелей алмаған ата-ана ұл-қызына Отанын, елін сүю тұрғысында да жеткілікті тәрбие бере қоюы неғайбыл. Сондықтан, бұл өзекті мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарауға тиіспіз. Атадан балаға мирас болып келе жатқан игі салт-дәстүрлеріміз бен бүгінгі педагогика, тәлім-тәрбиенің озық үлгілерін тығыз байланыстыра отырып, осыған жеткілікті көңіл бөлгенде ғана жастарымыз біз артқан сенім биігінен көрінетіні анық.    
Айнұр СЕКЕРБАЕВА.
Жантеке ауылы,
Қорғалжын ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар