Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Әні мен сәні қатар үйлескенде - АРҚА АЖАРЫ

Әні мен сәні қатар үйлескенде

Бүгінде өңір мәдениетінің өрістеуіне өзіндік үлес қосып келе жатқан үркердей таланттар шоғырының ішіндегі жұртшылыққа есімі етене таныс, жас та болса, әнсүйер қауымның құрметі мен сүйіспеншілігіне бөленіп үлгерген дара өнерпаздың бірі – Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының әншісі Аякөз Қалмағанбетова.

Аякөз шырқаған әндер өнерсүйер қауымның көңілінен шығуда. Ол заңды да. Себебі, оның сахнада өзін-өзі ұстауы, ән орындау мәнері, күннің өзі қызығардай нұр тұнған келбеті, тіпті киімінің өзінен биік талғам байқалады-ау. Ол әуезді әнімен де, сымбатты сәнімен де сахнаны сөзсіз сұлулыққа бөлей біледі. Бойына бір тылсым сұлулық тұнған. Ал, қыз шолпысындай сыңғырлап жатқан күміс дауысын айтсаңызшы! Ажарына көркем мінезі келіскен, болмысына тап-таза, тұп-тұнық, жанды баурап алар әдемі дауысы сай Аякөз – сахна, ән үшін жаратылғандай боп көрінеді бізге…

– Өнер маған нағашы жұртымнан дарыған деп ойлаймын. Нағашы әжем әнді тамаша орындайтын. Сыңғырлаған жарқын дауысына көпшілік тәнті еді. Әкем де, анам да өнерге жақын адамдар. Өкінішке орай, әкем осыдан төрт жыл бұрын дүниеден өтті. Әкемнің бұла өскен ерке қызы болатынмын. Үйдің кенжесі, еркесі менмін. Аллаға шүкір, әкемнің бауырлары күні бүгінгідей мені алақанына салып, аялап келеді. Біз отбасында төрт ағайындымыз. Екі әпкем, бір ағам бар. Үнемі анам, бауырларым ойымда жүреді. Менің бүгінде ел алдында жарқырап жүруіме алдымен Алла, содан кейін солар себепші.  Өз басым, бала кезден әнші болуды армандайтынмын. Көп адамнан естіп жатамын, қыздары өнер жолын таңдаса ата-анасы қарсы болады деген-ді.  Менің ата-анам керісінше, таңдауыма құрметпен қарап, үнемі қолдау көрсетіп, қолпаштап отырды. Ол кісілер «жоқ, басқа мамандықты таңда, өнердің жолы ауыр» деген сөзді айтып жолымды бөгесе, бәлкім бала күнгі арманым сол күйнде жүрегімде орындалмас арман күйінде қалар ма еді, кім білсін. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқаннан кейін, бірден өнер ордасында оқуымды жалғастырамын деген шешімге келдім. Ата-анам ақ батасын беріп, тілекшім болды. Жалғанда жан баласы үшін ата-анасының берген ақ батасынан артық бақыт жоқ-ау, сірә. Бүгінде  көрермен ықыласына бөленіп жүрсем, алдымен Алланың алқауы, содан кейін ата-анамның берген ақ батасы деп білемін. Мен мына Көкшетаудан қол созым жердегі жер шоқтығы атанған Бурабайдың баурайындағы Абылай хан ауылында дүниеге келгенмін. Туған жерім, құт қонған, қасиет тұнған киелі өлке. Осындай киелі жерде дүние есігін ашқанымды өзіме бақыт санаймын, – деді Аякөз бізбен болған сұхбатында.

Аякөз Нұрғалиқызы бала жастан әнші қыз атанған. Мектеп оқушысы кезінде көпшіліктің алдына шығып ән салып, өнер көрсетті. Мектептегі музыка пәнінің мұғалімі Шолпан Сатыбайқызы «Айналайын, Аякөз, дауысың Мәдина Ералиеваға ұқсайды» деген мақтау сөзді жиі айтады екен. «Қазақтың  ақбаяны» атанған асқақ әншіге кез келген адамды ешкім де теңей қоймас-ау, сірә да. Шынымен де лирикалық сопрано иесі Аякөздің дауысында тау суындай мөлдір тазалық бар.

Бала кезіндегі асқақ арманына қол созған Аякөз 2010 жылы  Біржан сал атындағы  музыкалық колледжінің «Хормен  дирижерлау» бөліміне түсіп, классикалық  музыка мен  академиялық ән салу өнерін меңгеріп, 2014 жылы колледжді ойдағыдай бітіріп шықты. Сол жылы білімін шыңдау мақсатында Астана қаласындағы  Қазақ ұлттық өнер  университетінің «Вокалдық өнер»  бөліміне түсті. Профессор Роза Рустамбекқызы Тленчиеваның жетекшілігімен білім алып, әншілік қабілетін шыңдады.

–Роза Рустамбекқызына алғысым шексіз. Ол кісі басқа мұғалімдер сияқты тек дауыс техникасын ғана үйреткен жоқ. Ұлағатты ұстазым маған сахна сырын меңгеруге көп септігін тигізді деп ойлаймын. Ол кісі бізге сахнаға кіріп-шығуды, тыңдаушыға ілтипат көрсетуді, өз-өзіңді ұстауды, әнді жүрекпен жеткізуді, бір сөзбен айтқанда өнер адамының бойынан табылу керек қағидаттардың барлығын бойымызға сіңірді. Талап қоя білетін. Сол үдеден шығуға біз де тырысатынбыз. Репетициялар кезінде маған «Аякөз жүрегің ән деп соғып тұр ғой, сол сезімді жеткізуден ұялма, эмоцияңды сыртқа шығар» дегенді үнемі айтатын. Ал, мен болсам, «Роза Рустамбекқызы қазір сахнаға шығайын, сол кезде әнмен оңаша қалғандай әсерде боламын, менің жан дүниемдегі толқынысты ән баса алады» дейтінмін.  Ұстазым, кейін мені сахнадан көргенде «Аякөз, айналайын, мен сенің жүрегіңнің әуезін естігендей болдым. Сен шынымен де сахнаға шыққанда мүлдем басқа адамсың» дейтін. Ал, бұл күнде кез-келген дайындықтың өзіне, алдымда мың сан көрермен тұрғандай үлкен жауапкершілікпен қараймын. Бар жан-тәніммен, жүрегімдегі әнмен ұштасқан сезім серпілісін барынша көрсетуге тырысамын. Мұның барлығы ұстаз берген тәлім деп ойлаймын. Ұстазымыз бізге басқа біреуге ұсақ-түйек көрінетін дүниелердің барлығын үйретті. Ол кісі әр сахнаға шыққан әр қадамымызды бақылап, сын-ескертпелер жасайтын. Себебі, «сахна – киелі, өнегеңмен халыққа жағасың, көрермен-қырағы, абайлау керек» дегенді бойымызға сіңірген апайымыз еді, – дейді Аякөз ұстазына деген ақжарма көңілін ақтарып.

Ол жоғары білім алған соң, бірден көңіліне жақын, туған өлкесі  Көкшетауға оралды.  2018 жылғы  14 тамыздан бастап  Үкілі  Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының әншісі лауазымында еңбек етіп келеді. Аякөз әрдайым шығармашылық ізденісте жүреді. Барлық оркестрлермен бірдей шығармашылық бірлестікте. Репертуарын толықтыру үстінде. Расында да, Аякөздің мықты ұстаздардан тәлім алғаны көрініп-ақ тұрады. Біз жоғарыда атап өткеніміздей ол сахнаға шыққан сайын айтары мол  өнерпаз екендігін аңғарта біледі. Жүректен өрбіп, көмейден төгілген сыңғырлы әуені қыз ғұмырдың осынша сұлу, осынша әйбат, осынша көркем екендігін аңғартып-ақ тұрғандай.

– Жас маман ретінде жұмысқа орналасқан сәттен, мені жас бала деп жатсынбай, керісінше өнерімнің өріс ашуына қолдау білдірген, сахнада  жарқырап жүруімізге ықпал жасағанөнер жолындағы жанашырым, анамдай болған филармония директоры Нұргүл Ескендірқызына алғысым шексіз. Жалпы өнер жолымда жақсы адамдар көптеп кездесуде. Ұжымдағы барша аға буын өкілдерінің өнеріне  үлкен құрметпен қараймын. Олардың бізге деген ыстық ықыласына да дән ризамын. Әсіресе, Колесникова Галина Юрьевна мен Сәрсенбай Хасенов ағамызды ерекше атап өткім келеді. Олар филармонияда өтетін әрбір концерттен қалдырмайды. Біз де осылайша тәжірибе жинақтаймыз деп ойлаймын.  Жалпы ән қоржыным жаңа әнмен толықса, балаша қуанамын.  Қазіргі таңда репертуарымда халық әндері, қазақтың классикалық әндері, қазақ операсының танымал ариялары және шетелдік ариялар, түрлі елдердің романстары бар. Меніңше кез келген маман иесі өзін жетілдіріп отыруы керек деп есептеймін. Мен де әнсүйер қауым үшін ізденуден талмаймын, – дейді Аякөз.

Жезтаңдай әншінің облыстық филармонияда еңбек еткеніне биылғы жылы бес жыл толып отыр.  Ол осы уақыт аралығында бірнеше халықаралық және республикалық  байқауларға қатысып, лауреат атанған. Тарқатып айтар болсақ, Е.Рахмадиев атындағы І-ші ашық Халықаралық байқауында, Н.Тілендиев атындағы халықаралық байқауында, Б.Төлегенованың ІХ Халықаралық вокалистер байқауында өнер көрсетті. Сондай-ақ, «SalveRegina» II-ші Ашық вокалистер байқауында жүлделі ІІ-ші орынмен, «Өнер!  Достық!  Бейбітшілік!» атты I-ші ашық республикалық байқауында жүлделі  І-ші орын, ағайынды Әбдінұровтардың  вокалдық шығармаларынан  өткен байқауда  I-ші орын, Ғазиза Жұбанованың  90 жылдығына арналған байқауда І-ші орынмен марапатталған.

Иә, Көкшетау ежелден ән меккесі атанған. Осындай киелі өлкеде Аякөз сияқты жарқырап жанған жарық жұлдыздар көп болсын! Өзі сахнаның сәні, көкіректен әні кетпейтін жаны да, келбеті де көркем өнерлі Аякөз Нұрғалиқызына өнерде де, өмірде де бағыңыз үстем болсын деген тілек білдіреміз біз де!

          Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар