Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі. Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қолға қазіргі Қазақстан аумағында үйретілгенін дәлелдеді.
Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал, жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз, айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды.
Ер дегеніміз – салт атқа мінуге арналған ат әбзелдерінің негізгі құралы. Ер-тоқым мінген адамға жайлы әрі аттың арқасына батпайтын, жүріске бөгет болмайтын болуы шарт. Ел арасында сапалы ер-тұрманға деген сұраныстың жылдан-жылға артып келе жатқаны қуантпай қоймайды. Бұл ата-бабаларымыздан қалған бай мұраны сақтап, төл өнерімізді өркендетуге деген ықыластың артқанын аңғартады. Ұлттық қолөнерді дамытудың экономикалық тиімділігі де жоғары болмақ. Елімізге келген шетелдік туристер ең әуелі қазақтың ұлттық құндылықтарына айрықша қызығушылық танытатыны сөзсіз.
Қорыта айтсақ, ер-тұрман жабдықтарын өндіру тәсілдері мен оны күнделікті өмірде пайдалану жолдары қазақ қауымының ежелден бергі әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынас мәселелерімен де тығыз байланысты. Сондықтан, бұл жағдайлар этнографиялық тұрғыда жан-жақты зерттеу мен айрықша дәлелдеуді керек етпейді. Алайда, бұл мәселе бірқыдыру авторлардың жұмыстарында жанай ғана сөз етілгені болмаса, жеке түрде зерттелмегендіктен, Краснояр ауылының №3 көпсалалы мектеп-гимназиясының 3 «А» сынып оқушысы Хуанышбекұлы Айсұлтан осы тақырыпта ғылыми жоба жазып, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Сөйтіп, ол мектепішілік ғылыми жоба сайысынан озып шығып, Көкшетау қаласы бойынша өткен осындай байқауда жүлделі бірінші орынды жеңіп алды.
Әсемгүл ӘБІЛОВА,
Краснояр №3 көп салалы мектеп-гимназиясының
бастауыш сынып мұғалімі.
Көкшетау қаласы.