Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Суреттер сөйлегенде... - АРҚА АЖАРЫ

Суреттер сөйлегенде…

Облыстық әдебиет және өнер музейінің ұйымдастыруымен Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстан Республикасының ақпарат саласының үздігі, белгілі фотосуретші Владислав Холиннің 80 жылдық мерейтойына және ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылған «Мамандығым – өмірімнің шежіресі» атты жеке суреттер көрмесі болып өтті. Аталмыш мәдени шараға еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, мәдениет, білім және баспасөз салаларының қызметкерлері қатысты.

 

Атақты Пикассо өз шығармашылығы жөнінде  «Мен іздемеймін, бірақ, табамын», десе керек. Мұндай сөзді өнердің биік шыңынан көрінген нағыз талант иесі ғана айта алады. Осы орайда, фотосуретке түсіре білу де биік талғампаздық пен талантты талап ететін дегдар өнер екендігін баса айтқымыз келеді.  Фотосуреттің сиқырлы әлеміне бар ғұмырын арнаған фотосуретшінің  жеке көрмесін тамашалай жүріп, біз осындай ойға қалдық. Туған жерінің тылсым табиғатымен сырласып, сайын даланың тау-тасын, қырат-дөңесін жатқа біліп өскен, сол бейнені шынайы таза қалпында жүрегінде сақтай білген Владислав Холиннің қай фотосуретін алып қарасаңыз да, сыршылдыққа тұнып тұр.  Оның өзіндік қолтаңбасы бар. Тақырып өзегі де өмірдің нақ өзі.
Көкшетау қаласының тумасы Владислав Михайлович еңбек жолын 1959 жылы облыстық «Кокчетавская правда», кейін «Степной маяк» газетінде ұзақ жыл еңбек етіп, абырой биігінен көрінді.  Ол осы жылдар аралығында  көрнекті қоғам қайраткерлерімен қатар, еліміздің  рухани-мәдени өсу жолын, өнер белестерін айшықтайтын фотосуреттерді көптеп түсіріп, ел тарихына елеулі үлес қосты. Фотосуреттердің қай-қайсысы болмасын ерекше бір әсемдікпен көз тартып, көңілді көріктендіреді. Өнерсүйер көпшіліктің бірі Владислав Холинді  «Самородок сары алтын» тұлғалардың жолын қалыптастырған дарын иесі десе, енді бірі оның еңбектерін «шедеврге» балады.
Көрмедегі фотосуреттердің барлығын бірдей тізіп айтып шығу мүмкін де, міндет те емес шығар. Дегенмен, жұртшылық қызығушылық танытқан 1973 жылы сол кездегі Кеңес Одағы Компартиясының бас хатшысы Леонид Брежнев пен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың, Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Әуелбековпен үшеуі бірге түскен фотосуретті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Көкшетау қаласында жұмыс сапары мен басқа да қоғам қайраткерлерінің фотосуреттерін көрмеге келушілер аса қызығушылықпен тамашалады.
Көрменің ашылу салтанатында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева фототілшінің облысымыздың рухани-мәдени өміріндегі еңбегін ерекше атап өтіп, Алғыс хатпен марапаттап, ескерткіш сыйлық табыс етті.
Көрмеде облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қайырбай Төреғожа, жазушы Виктор Терещук, қалалық «Степной маяк» газеті бас редакторының орынбасары Евгений Кимовтар сөз сөйлеп, фототілшіге ақжарма тілектерін арнап, сый-сияпат ұсынды. Өмір мен өңір өрнегін дөп басып, суреттейтін ғажайып тылсым сырға толы көрмені тамашалаймын деп келген қауым осындай сұлулыққа тұнған туындылардан рухани қуат алды. Көрме бір ай бойы жұмыс істейді. Белгілі фотосуретші әлеміне бойлаймын деушілерге музей есігі әрдайым ашық.

Суреттерде: облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаеваның құттықтау сөзі және фотосуретші Владислав Холин.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар