Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Он жылға созылған арықтың құрылысы әлі аяқталмаған - АРҚА АЖАРЫ

Он жылға созылған арықтың құрылысы әлі аяқталмаған

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Целиноград ауданында жұмыс сапарымен болып, Талапкер ауылындағы он жылдан астам уақыт бойы салынып жатқан арықтың құрылысын тексерді. 

Осынша уақыт ішінде салынып жатқан арықтың құрылысы әлі де бітпеген. Тіпті, айналасына қарасаңыз, ешқандай жұмыстар жүргізілмеген тәрізді. Биыл көктемгі су тасқыны кезінде жан-жақтан жеткен ағын сулар соған жиналып, тұрғындарды әуреге салған. Жыл сайын тасқын кезінде су арнасы өтетін аумақтағы Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, М.Ғабдуллин және Тәуелсіздік көшелерінің бойында орналасқан үйлерге су кіру қаупі төнеді.

2016-2017 жылдары сол арықты су бұру каналы ретінде жаңғыртпақшы болып, оның екі жағына біліктер орнатыпты. 2018 жылы Бөгенбай батыр көшесі аумағында екі су өткізу құбыры салынбақшы болып, аяқсыз қалған, әрі қарай 2019 жылы көше-жол желісін салу барысында ол толыққанды су өткізу орнына айналдырылмақшы болыпты. Бүгінде арықтың ұзындығы 1,8 мың метрді құрайды. Биыл су тасқыны қаупін азайту үшін арықтың арнасын қардан тазарттық дейді мамандар.

– Су тасқыны кезінде бұл арнаның маңызы зор, өйткені, бұл маңдағы алқаптардың барлық суы осында жиналып, ауыл арқылы өтеді. Бірақ, онда жиналатын судың көлемі өте көп болғандықтан, жыл сайын арнаның қабырғаларын жуып кетіп жатады, салдарынан жағалауын құм салған қаптармен нығайтуға тура келеді, –деді облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Бахыдбек Оспанбеков. –Еріген суларды ағызып жіберу үшін бұл арнаның аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады. Арнаның қабырғалары нығайтылып, іші тазартылып, кеңейтіледі, сондай-ақ, ұзындығы 2 шақырымнан асатын арнаның түбі мен қабырғаларына бетон жабын жабылады. Бұл жұмыстарды «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша Целиноград ауданында үш мектеп салып жатқан «K.G.S. SaudA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әлеуметтік әріптестік жобасы аясында іске асыратын болады.

Бұл күні Марат Ахметжанов аудан белсенділерімен және Талапкер ауылының тұрғындарымен кездесіп, олардың жағдайларын сұрап білді. Аудан тұрғындары өңір басшысына әлеуметтік нысандар салуға жер бөлу, ауылдардың аумағын көгалдандыру туралы өтініш-тілектерін жеткізді.

–Су тасқыны кезінде бізбен бірлесіп, бірге белсенді жұмыс істедіңіздер. Сіздердің сенімдеріңізге алғысымыз зор. Жұмысты келісіп істейтін болсақ, көптеген өзекті мәселелер шешімін табады, – деді кездесу соңында облыс әкімі.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
Вероника Бурда.

Суретті түсірген Айбек Даньяров.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар