Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин жұмыс сапарымен Ақмола облысында болды. Облыс әкімі Марат Ахметжанов вице-премьерді Целиноград ауданының «Родина» агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің агроөнеркәсіп кәсіпорнының қызметімен таныстырды.
«Родина» агрофирмасы» серіктестігі «қалаға бергісіз ауыл» тұжырымдамасын іске асырып келе жатқан еліміздегі айтулы кәсіпорын. Жергілікті зауытта сүт өнімдерін өндірудің толық циклі жолға қойылған, бұл табиғи сүттен тәулігіне 80-90 тонна өнім алуға мүмкіндік беруде. Бүгінде агрофирмада ауданы 2,9 мың шаршы метрді құрайтын сиыр сауатын жаңа алаң салынуда. Бұл сүт өндірісін екі есеге арттыруға мүмкіндік береді дейді мамандар.
Бүгінде Родина ауылында 2 мыңнан астам адам тұрады. Инфрақұрылымы қала тәрізді жасалған ауылдың жайлы жер үйлері алыстан көз тартып, көшелері тазалығы мен күтімі жағынан ерекше көрінеді, демалыс саябағында су бұрқақ, балалардың ойын алаңдары бар. Ал, «ақылды супермаркет» өзіндік бірегейлігімен тартымды. Мұнда серіктестік қызметкерлері өздеріне қажет азық-түлік, басқа да керек-жарағын төмен бағамен сатып алады. Ондайда барлық чектер тұтынушының арнайы қосымшасына келіп түседі. Сондай-ақ, ауылда сән салоны, мейрамхана жұмыс істейді және ауыл тұрғындарының басым бөлігі бос уақыттарын фитнесте өткізеді.
Сүт зауыты ауылдың әлеуметтік саласына да зор демеу. Мысалы, балабақша тәрбиеленушілеріне, мектеп оқушыларына, сондай-ақ, білім беру мекемелерінің қызметкерлеріне тамақ тегін ұйымдастырылған. Кәсіпорын жұмысшыларының орташа еңбекақысы 330 мың теңгені құрайды. Сүт зауыты өз өнімдерінің негізгі бөлігін елорда нарығына жөнелтеді.
Вице-премьер бұл күні Ақмола облысының ірі ауыл шаруашылығы өндірушілерімен кеңес өткізді. Серік Жұманғаринге егін егу жұмыстарының барысы және шегірткеге қарсы ұйымдастырылып жатқан дәрілеу шаралары баяндалды. Екі фермер өз қажеттіліктері үшін инертті материалдарды сатып алудың қиындығы туралы мәселе көтеріп, бұл үшін арнайы рұқсат алу қажеттігін айтты, оны сатып алу тәртібін жеңілдету мүмкіндіктері туралы сұрап білді. Вице-премьер бұл мәселені келесі аптада өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өкілдерінің қатысуымен өтетін кеңесте қарайтынын жеткізді. Басқа фермерлер жердің шекті көлемін қайта қарауды сұрап, осының ережелерін сақтай отырып, жерді тиімді және ұтымды пайдаланатындарға берілетін көлемнің ұлғайтылуын өтінді. Сондай-ақ, ірі ауыл шаруашылығы өндірушілері мен шаруа қожалықтары үшін жер салығының мөлшерінде үлкен айырмашылық барын, соған қарамастан, тыңайтқыштар, техника және тағы басқа қажетті субсидиялар оларға бірдей берілетіндігін алға тартты. Сонымен бірге, аграршылар халықаралық тәжірибе негізінде субсидия алудың стандарттарын әзірлеу қажеттігін атап өтті. Кездесуге қатысқандардың бірі, «Мәншүк» ЖШС-нің басшысы Тимур Пішенов БАҚ өкілдеріне өз кәсіпорнының жұмысы туралы айтып берді.
– Көктемгі егіс жұмыстарын аяқтадық. 28 мың гектар жерге дәнді дақылдар егілді. Сонымен бірге, биыл 1500 бас сауын сиырға арналған тауарлы-сүт фермасының құрылысын аяқтаймыз. Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау құралдарын белсенді қолданып келеміз. Бүгіннің өзінде фермаға бір жарым мың бас мал әкелінді. Қазір сиырлар жаппай төлдеп жатыр, сауылған сүтті «Родина» агрофирмасына» тапсырамыз, – деп атап өтті кәсіпорын басшысы.
Вероника БУРДА,
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.
Целиноград ауданы.