Жақында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы өз жалғасын Бұланды ауданында тапты. Олай дейтініміз, аудан орталығы Макинск қаласында қала шетін абаттандыру бойынша экологиялық сенбілік өткізілді. Акцияның басты мақсаты барша тұрғындардың назарын табиғаттың ластану проблемасына, қоршаған ортаны қорғауға, тазалықты сақтауға және қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыруға аудару болып табылады.
Сенбілікке аудан басшылары, жастар мен еріктілер, еңбек ұжымдары, аудан тұрғындары, барлығы 1500 адам қатысты. Әрбір қатысушы қоршаған ортаны жақсартуға өз үлесін молынан қосты.Сенбілік қаланың орталық алаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнінің орындалуынан басталды. Әрі қарай жұмыс та басталып, ауданның эко белсенділері Макинск қаласының шетін қоқыстан тазартты. Бұл орман алқаптары, сондай-ақ автомобиль жолдарына жақын жерлер. Кей жерлерде нөсер жаңбыр жауып тұрғанына қарамастан, акция нәтижесінде 5 тоннадан астам қоқыс шығарылды.
–Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған акция бұландылықтарды біріктіріп, қаламыздың тазалығына бей-жай қарамайтын тұрғындарына қуатты серпін берді, – деп атап өтті аудандық мәслихат депутаты Әлішер Кенжеғалиев.
«Таза Қазақстан» жобасы тазалық пен тәртіпке жол ашып қана қоймай, табиғатқа және тарихи-мәдени мұраға жауапкершілікпен қарау мәдениетіне де баулуда. Бұланды ауданының тұрғындары қоғамымызда үлкен қолдауға ие болған «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ» кіші жобалары аясында бастаманы белсенділікпен жалғастырды. Тұрғындардың күш-жігерінің арқасында 20 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, 14 тарихи-мәдени ескерткіш абаттандырылды және үш мыңнан астам ағаш көшеттері отырғызылды. Бұл орасан зор ұжымдық еңбек жеріміздің тазалығы мен сұлулығын сақтауға едәуір сеп болары анық.
–Біздің сүйікті қалашығымызда өте жақсы акция өтіп жатыр. Тазалық –денсаулық кепілі. Біз аға буын ретінде бұл акцияны толығымен қолдаймыз. Біздің бәріміз де балаларымызға тазалық пен тәртіпті үйретуіміз керек. Ақсақалдар біздің еліміз гүлденіп, дамып келе жатқанына өте қуанышты,–дейді бұл ретте, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Шахман Құсайынов.
Соңғы уақытта елімізде осындай акциялардың арқасында табиғатқа ұқыпты қараудың жақсы үлгісі болып табылатын эковолонтерлік қозғалыстар жете дамуда. Әрине, бұл қуантады және осындай іс-шаралар қоғам арасында барынша насихатталып, үлкен бір үрдіске айналатындай нәтижелерге әкелетініне сеніміміз мол.
Сабина ТАСБОЛАТ,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика
және саясаттану факультетінің 2-ші курс студенті.