Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті мемлекеттік органдар басшыларының орынбасарлары, аппарат басшылары және әдеп жөніндегі уәкілдер үшін семинар-кеңес ұйымдастырды.
Онда 2024 жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша мемлекеттік органдардың жұмыс уақыты режимін сақтау мониторингінің, сондай-ақ, қашықтықтан, аралас қашықтықтан жұмыс пен икемді жұмыс уақыты режимін қолданудың қорытындылары талқыланды. Қолжетімділікті бақылауды есепке алу жүйесінің мәліметтеріне сәйкес, 2024 жылдың 1 тоқсанында жалпы ұзақтығы 83 сағат 49 минут болатын 30 мемлекеттік қызметшіні үстеме жұмысқа тарту фактілері анықталды. Департаменттің хаты негізінде мемлекеттік қызметшілердің құқықтары қалпына келтіріліп, мемлекеттік органдарда демалыс беру туралы актілер шығарылды.
Департамент Ақмола облысының мемлекеттік органдарының ҚББЖ жарақтандырылуына талдау жүргізді. Мәселен, мәліметтерге сәйкес Ақмола облысының 671 мемлекеттік органының 218-і ҚББЖ-мен қамтылған, ал, ҚББЖ-ні «Е-Қызмет» ЫАЖ-мен ықпалдастыру 66-сында жүргізілген.
Соңғы жұмыс бойынша оң нәтиже Степногорск қаласы, Атбасар, Қорғалжын, Шортанды, Бурабай, Зеренді, Астрахан, Сандықтау аудандарында, сондай-ақ,әділет департаменті және Ұлттық статистика бюросында байқалды.
Мемлекеттік органдардан келіп түскен мәліметтерге сәйкес 25 мемлекеттік қызметші үшін икемді кесте белгіленген, оның бесеуі жергілікті атқарушы органдарда және 20-сы орталық мемлекеттік органдарда. 1 мемлекеттік қызметші үшін қашықтықтан жұмыс белгіленген.
Демалыс және мереке күндері жұмыспен 80 мемлекеттік қызметші қамтылды, олардың бесеуі жергілікті атқарушы органдарда, ал, 75-і орталық мемлекеттік органдарда. Бұл ретте, 46 мемлекеттік қызметшіге өтемақы төленіп, 34-іне демалыс берілді.
Сонымен қатар, 2024 жылдың 1 тоқсанында жұмыс уақытының сақталу мониторингі 72 мемлекеттік органда немесе биыл жоспарланған 117 органның 61,5 пайызында жүзеге асырылды, сондай-ақ жоспардан тыс 3 мемлекеттік орган қамтылды. Мониторинг барысында 18 заң бұзушылық анықталды, оларға 4 акт жасалды және барлық 18 мемлекеттік қызметшінің құқықтары қалпына келтірілді.
Мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы бұзудың алдын алу, сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын бұзуға жол бермеу мақсатында семинарға қатысушыларға заңнама талаптарын сақтау туралы баса айтылды.
Мемлекеттік қызмет істері Агенттігі
Ақмола облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі.