Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ескі үйлердің орнына жаңа көп қабатты үйлер бой көтереді - АРҚА АЖАРЫ

Ескі үйлердің орнына жаңа көп қабатты үйлер бой көтереді

Кеше Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Көкшетау қаласында жаңадан салынып жатқан бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылыс басында болып, ондағы жұмыс барысымен танысты. Әр нысанның маңызын атап өтіп, олардың дер кезінде аяқталып, тапсырылуын бақылау жөнінде тиісті мамандарға тапсырма берді. 

Облыс әкімі алдымен, Вернадский және Б.Әшімов көшелерінің қиылысында құрылысы басталған 4 көпқабатты үйлердің жұмыс аумағын барып көрді. «Integra Construction KZ» компаниясы мердігерлік ететін құрылыс алаңындағы жұмыс ағымдағы жылдың мамыр айында басталған көрінеді. Бұл көп пәтерлі үйлер бұған дейін көктемгі су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға деп жоспарланғаны белгілі. Бірақ, аймақ басшысы бұл жолы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне:

–Көкшетау қаласында қызыл судан зардап шеккен барлық отбасылар баспанамен қамтылды. Сондықтан, енді салынғалы жатқан бұл көп пәтерлі үйлер көпбалалы, аз қамтылған отбасылар мен кезек күткен мемлекеттік, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне тапсырылады, –деді.

Мердігер компанияның бас директоры Данияр Рақымтаевтың мәлімдеуінше, компания өз қаражаты есебінен 700 миллион теңгеге жалпы саны 45 пәтерді құрайтын екі көп пәтерлі үйді салып, әкімдік балансына тапсырады. Қалған 90 пәтерді құрайтын екі бес қабатты үйлер мемлекеттік қаржысы есебінен жүзеге асырылады. Жалпы, аумақтағы құрылыс жұмыстарының ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталуы көзделген. Оған мердігер компания да келісім беріп отыр.

Қаланың Астана жақтан кіре берістегі Уәлиханов-Гоголь, Ж.Саин-Быковский көшелерінің бойындағы тозығы жеткен ескі үйлер «Реновация» бағдарламасына жатқызылып, оларды сырып тастап, жаңа көпқабатты заманауи зәулім үйлер тұрғызылмақшы. Бұл үшін жекелеген инвесторлар 38 миллиард теңге қарастырыпты. Егер сол ескі үйлердің тұрғындары жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстарына келіссе, алдағы үш жылда шаһардың бұл аумағы жаңарып, көріктене түседі. Облыс әкіміне сол аумақтың тұрғындары баспаналарын ауыстыру бойынша туындаған көптеген сауалдарын қойып, бағдарламаның мән-жайын сұрастырды. Бірі баспанасын жаңаға ауыстыруға келіссе, енді бірі пәтерлерінің шаршы метрін 300 мың теңгеден жоғары бағалап, ақшаны қолма-қол ұсыну тәрізді өтініштерін жеткізіп, өз жағдайларын айтты. Аймақ басшысы бұл аумақтың тұрғындарының әрқайсысымен жекелей жұмыс жүргізіліп, әркімнің өтініші ескеріліп, заң аясында жаңа немесе екінші деңгейлі нарықтағы үйлермен қамтылатындықтарына сөз берді және бұл үйлердің ең соңғы тұрғыны көшіп кетпейінше мұнда құрылыс жұмыстары басталмайтындығын ескертті.

Сонымен бірге, бұл күні облыс әкімі ағымдағы жылдың тамыз айында тапсырылуы тиіс Сарыарқа шағын ауданындағы халықтың шағын мобильді тобына арналған балабақшаның құрылысының аяқталу барысын барып көрумен жалғасты. Мұнда туындаған мәселелерді дер уақытында шешу үшін қала әкімі мен облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысына қаржы қарастыру жағын тапсырды.

Өңір басшысы бұдан әрі осы маңда салынып жатқан 600 орындық мектеп-интернат құрылысының жұмыс барысын көріп, оған баратын жол мен қажетті желілерді қосуды қадағалауды қала әкіміне міндеттеді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар