Еліне қызметі адал, қадірі мол.  Ол– журналист!

Кеше Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған  салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеп, бір топ сала үздіктерін мемлекеттік наградалармен және Алғыс хаттармен марапаттады.  

–Болашақты саясаткерлер болжайды, өткенді тарихшылар зерттейді, ал, бүгінгі күнді журналистер жазады деп бекер айтылмаған. Президент  Қасым-Жомарт Тоқаев: «Журналист – мәртебелі мамандық. Ол – ақиқат сөздің, өткір ой мен шынайы пікірдің және әділ істің жақтаушысы», – деген болатын. Осы ретте, Ақмола облысының журналистері өз өлкесі үшін үлкен жауапкершілікті сезінетіні баршаға мәлім. Сіздердің мамандықтарыңыз әр адамның қолынан келе бермейтін іс. Қаламды жанына серік еткен майталмандар адалдықты, шындықты, ашықтықты жазатындары ақиқат. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! – деп аймақ басшысы өңірдегі аталмыш саланың дамуына елеулі үлес қосқан Жабал Ерғалиев, Иван Перерва, Балталы Сәрсенбаев, Сайлау Көшкенов секілді журналистика саласының ардагерлерін, төтенше жағдайлар кезінде қажетті ақпараттарды шұғыл таратып, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуге, олардың мұң-мұқтажын жеткізуге атсалысқан  ақпарат құралдары мен Любовь Фомич, Сәуле Құсайынова, Валентина Отт секілді мерейлі жасқа келген қаламгерлерді атап өтіп, сала мамандарына ыстық ықыласын білдірді.

Биыл Жақсы ауданының «Жақсы жаршысы» газеті 90, Астрахан ауданының «Маяк» газеті 85, Степногорск қаласының «Престиж» газеті 20 жылдықтарын атап өтуде. Осы басылымдардың басшыларының да ел жаңалықтарын таратудағы еңбегі еленіп, ілтипатқа бөленді. Сол сияқты, Ақмола облысында республикалық басылымдар мен теларналардың меншікті тілшілері де қызмет ететіні аян, өңір жаңалықтарын ел аумағына жариялап жүрген осынау әріптестеріміздің ерен еңбегі де ұмыт қалмады.

Интернет дәуірі шарықтап тұрған қазіргі кезеңде блогерлер де қоғамда өз орнын алуда. Олардың да жұмысы бұл жиында ерекше айтылды. Жақында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Масс-медиа туралы» заңға қол қойып, алдағы уақытта журналистер мүддесі ойдағыдай қорғалады деп сенім білдірді облыс әкімі.

Салтанатты шараның марапаттау бөлімінде бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері «Құрмет» орденіне, «Ерен еңбегі үшін», «Сағадат Нұрмағамбетовке – 100 жыл» медальдарына, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісіне және облыс әкімінің алғыс хаттарына ие болды.

Сонымен бірге, бұл салтанатты шарада жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Арқа төрі – Ақмола» облыстық байқауының жеңімпаздары да анықталды. Осы марапаттардан «Ақмола-«Тіршілік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қызметкерлері де сырт қалмады. Атап айтқанда, серіктестік директоры Жабал Ерғалиев «Сағадат Нұрмағамбетовке – 100 жыл» медалін, «Акмолинская правда» газетінің бас редакторы Владислава Кокорина «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін, газет тілшісі Алексей Чайка облыс әкімінің Алғыс хатын, иеленсе, «Акмолинская правда» газетінің тілшілері Вероника Бурда, Тамара Салимова, фототілшіміз Айбек Данияров, «Ақмола ньюс» ақпараттық агенттігінің тілшісі Махаббат Большина, «Арқа ажары» газетінің тілшісі Ырысалды Ахметқалиева «Арқа төрі – Ақмола» облыстық байқауының түрлі аталымдары бойынша жеңімпаздары атанды.

Ұжымымыз және өз атымыздан барша әріптестерімізді кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтап, шалқар шабыт, шығармашылық табыс тілейміз!

 «Арқа ажарының» өз ақпараты.

 Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар