Өңірлік кәсіпкерлер палатасы және Ақмола облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті бизнесті қорғау саласындағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастырып келеді.
Жуырда аталған департамент басшысы Дастан Бөкешев кәсіпкерлерге жеке қабылдау өткізді. Бизнестің өзекті мәселелері өзара іс-қимыл шеңберінде өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында талқыланды. Еске салсақ, биыл мамыр айында Қаржы мониторингі агенттігі, «Атамекен» ҰКП басшылары және Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Өзара ынтымақтастық туралы үшжақты келісімге қол қойған еді.
Қазіргі кезде өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен департамент арасында тығыз өзара іс-қимыл жолға қойылған. Жұмыстың кең ауқымы іске асырылып жатыр. Бірлескен іс-қимыл кәсіпкерлердің нақты мәселелерін жылдам шешуге бағытталған. Мысалы, жыл басынан бері Өңірлік палатаға 103 өтініш келіп түсті, соның ішінде 51 өтінім бойынша оң нәтижеге қол жеткізілді. Қорғалған мүліктік құқық сомасы 80 миллион теңгеден асты.
–Құқық қорғау бойынша өтініштердің мазмұны түрлі. Жер мәселелері 33, салық жүйесі 19, агроөнеркәсіп кешені 17, мемлекеттік сатып алу 11, логистика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, өзге де мәселелер 15 пайызды құрайды. Сонымен қатар, құқық қорғау органдарына шағымдар 5 пайызды құрады, – дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек.
– Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Қаржы мониторингі агенттігі кәсіпкерлік субъектілерінің құқығының бұзылуына жол бермеу, азаматтардың қаржы мониторингі жөніндегі органдарға деген сенім деңгейін арттыру бойынша жүйелі шаралар қабылдауға бағытталған бизнесті қорғау бағытын іске асырып жатыр, – деп атап өтті бұл ретте Дастан Бөкешев.
Кездесу барысында кәсіпкерлер мемлекеттік орган өкілдеріне кедендік кедергілер, мемлекеттік сатып алу, білім беру саласына қатысты мәселелермен жүгінді. Тараптар оларды шешу жөніндегі ұсыныстар мен оңтайлы тұстарды бірлесіп қарастыратын болады.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.