Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Аласармайтын рухтың күйін шерте бер! - АРҚА АЖАРЫ

Аласармайтын рухтың күйін шерте бер!

Жүрегіме ән сіңген, әуез тұнған баламын. Мен үшін қоңыр домбыраның қадір-қасиеті бөлек. Бәлкім содан ба, күмбірлеген күй, шалқыған ән естісем елең ете түсемін. Домбыраның шанағынан ұлы даланың ұлылығы саз болып саулап, рух болып асқақтаған сәтте жүрек толқып, көңіл шалқып, шарықтай жөнелетіні бар. «Беу, шіркін, қазақтың қазыналы домбырасы-ай!» деп тамсанасың, тәнті боласың, тәнті боласың да, қазақ екендігіңе мақтанасың! Шынымен де, домбыра қазақтың аласармас рухы, ғасырлар үні, мәңгілік жыры емес пе?!..

Қолына домбыра ұстаған өнерпаздың да бойынан бір биіктік байқалып тұрады-ау! Себебі, ұлттық өнерде тектілік бар! Көкшетау қаласындағы «Достар» мәдениет сарайының қызметкері, домбырашы Мағжан Мейрамханұлының өнерін тамашалай отырып, біз осындай ойға бөлендік. Оның сахнада өзін-өзі ұстау мәдениеті, күй иірімдерін жан-жақты ашып, түрлендіре тартатын қарым-қабілеті тәнті етеді. Жуырда біз осы бір талабы мол талантты жас өнерпазбен сұхбаттасып, оның өнер жолына бойлай түстік.

– Мен тарихы тереңде жатқан Тараз қаласының тумасымын. 2008 жылы әкеме жұмыс бабы бойынша Көкшетауқаласынан ұсыныс түсіп, біз сол жылы отбасымызбен киелі Көкшеге қоныс аудардық. 2008 жылы Көкшетауқаласындағы №1 мектеп-гимназиясының табалдырығын аттадым. Әулетіміздің алтын қазығы, атам Кәрібай әуесқой домбырашы еді. Бәлкім содан ба, бала кезімізден қазақтың ән мен күй өнеріне ерекше ықыласты болдық. Әкем де домбыра тартады. Бірақ ол кісі кәсіби музыкант емес, бар ғұмырын ғылым жолына арнаған ғалым. Қазіргі таңда Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде қызмет атқарады, экономика ғылымдарының кандидаты. Менің ғұмыр жолымның өнермен сабақтасуына әкем зор ықпал етті. Үшінші сыныптан бастап, Көкшетау қаласындағы балалар музыка мектебіне берді. Ол өнер ордасында Шынболат Тәуке ағамыздың тәлімімен домбыра аспабының қыр-сырына бойлай түстім, –дейді Мағжанның өзі бізбен болған сұхбат барысында.

Иә, тағдыр жолың – Тәңірден. Қалай дегенменде, бағыт беріпөміріңніңбағдаршамы бола алатын, ол әлбетте ата-анаң ғой. Мағжан сұхбаттың өн бойында отбасында алған тәлімі, осы өнер жолында өзіне үлгі тұтар ұстаздары туралы көп әңгімеледі. Өзі өсіп-өнген ортасын, тәлім алған ұстаздарын ұмытпай жүру  азаматқа тән жақсы қасиет деген ой түйдік осыдан біз де.

– Тоғызыншы сыныпты тәмамдаған соң,  Көкшетау қаласындағы Біржан сал атындағы музыка мектебінің домбыра сыныбына түстім. Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері», дәулескер домбырашы Сәкен Біржановтан тәлім алдым. Сәкен Еркінұлы өз ісінің нағыз білгірі, ұлағатты ұстаз, ол кісі күй өнерінің майталманы десем де артық емес. Музыка мектебінде, кейін колледже тәлім алған жылдары көптеген күй байқауларына қатысып, тәжірибе жинақтадым. Қазіргі таңда Көкшетауқаласындағы «Достар» мәдениет сарайында қызмет атқарамын. Арасында концерттік бағдарламалардың жүргізушісі ретінде де бағымды сынап жүрмін, – дейді жас өнерпаз. Мағжан қатысқан байқауларының барлығында жүлделі бірінші орын, кемі екінші орын иегері атанған. Әңгіме арасында Мағжан домбыра аспабының ұлттық тәрбиеге қосатын үлесі туралы да сөз қозғады. Оның айтуынша, домбыра ғана емес, кез-келген музыкалық аспап жалпы музыка адам жанын сұлулыққа, ізгілікке баулиды, ән мен күй тыңдап, оны жүрегіне сіңіріп өскен баланың ішкі мәдениеті жоғары болады дейді ол.

–  Күй өнері халқымыздың тарихымен астасып жатыр. Бойлай түссеңіз, әр күйдің өз тарихы бар. Мысалы, Құрманғазының «Адай» күйі туралы да түрлі деректер кездеседі.Бір кітаптарда Құрманғазы Адай руының батырлығына риза болып, бұл күйді еркіндік сүйген елдің қайтпас рухына арнаған десе, енді бір деректе Адай есімді қыздың батырлығына сүйсініп шығарған деседі. Шынымен де, бұл күйден қазақтың аласармаған рухы сезіліп-ақ тұр. Бала кезімнен домбыраның тылсым үніне қанып өскеннен кейін бе, мен үшін домбырадан төгілген әуез, әлемдегі ең мөлдір музыка– қазақтың күйі, – дейді Мағжан.

Жүрегі өнер, көңілі күй деп елеңдеп тұратын талантты Мағжан бауырымыздың әлі талай өнер биігін бағындырарына сеніміміз мол.  Себебі, ол ұлттық өнерді ұлықтап жүрген дарынды домбырашы.

Р.S: …Мағжанның күй орындау мәнері бөлек. Телегей тасқынды қуатты екпіні домбыра шанағынан алапат сезім болып төгіліп, тұлпарлардың дүбірлі шабысын көз алдымызға әкелгендей күйге бөлейді. Енді бірде жүрек қылын нәзік шертетін мөлдір сезімге үйлескен әуезбен көңілді күй болып толқытады.   Иә, күй – тарих, күй – қазына. Осы бір ұлылықты өн бойынан өткізіп, оның қадіріне жете білген Мағжандай жаны ізгі талантты жастардың қатары көп болса екен! Өнерің өрлей берсін, өнерпаз бауырым!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Суретте: дарынды домбырашы Мағжан КӘРІБАЙ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар