Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Әр жәдігер – ұлылар аманаты - АРҚА АЖАРЫ

Әр жәдігер – ұлылар аманаты

Көркем табиғатымен талайды тамсандырған кербез Көкшетау ежелден ән меккесі атанған құтты мекен. Осынау тарихы-таным, тұлғасы-тағылым тұнған шежірелі өлкеміздің өткен жолымен тағдыры сабақтас, өнері әмбеге аян өнерпаздарымыздың  өнегелі өмірін зерделеп, өлкенің өнер мұрасын паш ететін бірден-бір мәдениет ошағы – облыс орталығында орналасқан облыстық әдебиет және өнер музейі екендігі анық.

Әдебиет және өнер музейi қызметкерлерiнiң алға қойған мақсаты да бабалардан қалған көне жәдiгерлерге жан бiтiрiп, қазақ халқының әдебиетi мен өнерiнiң, мәдениетiнiң мәйегi болған көне мұралардың тарихы мен болмысынан сыр шерте отырып, жас буынның жүрегiне ұлттық рухтың шуағын төгiп, отансүйгiштiк сияқты абзал қасиеттерге баулу болып табылады.

Қазақ ССР Министерлер Кеңесiнiң 1989 жылғы 20 қаңтарында шыққан №14 қаулысы негiзiнде ұйымдастырыла бастаған «Әдебиет және өнер» музейі 1993 жылдың 22 шiлдесiнен бастап көпшiлiктiң мәдени-рухани игiлiгiне қызмет жасап келедi. Аталмыш өнер ордасы Көкшетау-Ақмола өңiрi тумаларын ғана емес, елiмiзге танымал басқа да ақын-жазушылардың, сал-серiлердiң, өнер-қайраткерлерiнiң өмiр мен шығармашылығын жинақтап, зерттейтiн бiрден-бiр ғылыми орталыққа айналып отыр.

Қазіргі таңда музей қорында тоғыз мыңнан астам жәдiгерлер сақталынуда. Негізгі бес бағыт бойынша жұмыс атқарамыз. Музейдiң негiзгi қорында Бiржан салдың, Ақан серiнiң, Үкiлi Ыбырайдың, Балуан Шолақтың жеке заттары, Көкше өңiрiнде туып өскен белгiлi ақын-жазушылар мен әдебиеттанушы ғалымдардың атап айтар болсақ, Жұмағали Саинның, Есмағамбет Ысмайловтың, Көкен Шәкеевтiң, Мұса Асайыновтың, Сәкен Жүнiсовтiң, Естай Мырзахметовтың, Тұрсынбек Кәкiшевтiң жеке заттары мен қолжазбалары, әдеби шығармалары, тарихи фотосуреттерi сақталған. Ең құнды жәдiгерлердiң қатарында Қожа Ахмет Иассауидiң «Диуани хикмет» кiтабының ортағасырлық көшiрмесi, Қарауыл Қанай бидiң саптыаяғы, XVIII ғасырдағы батырдың су iшкен құтысы, Ақан серiнiң Темiрбек ұста жасаған адалбақаны, Ақанның ән ғұмырына айналған Ақтоқтының айнасы және iс тiгетiн «Зингер» машинасы, Ақтоқтыдан туған Жалмұқанның баласы Сұлтанның домбырасы тағы басқалары бар.Музей қашанда халық жадын жаңғыртушы әрі тәлім-тәрбие орталығы саналған. Мұндағы әрбір жәдігерде көне дәуір сыры бар. Міне, сол көне дәуір куәгерлерінің асыл мұрасын барынша жарқыратып көпшілікке көрсету алдымен музей қызметкерлерінің басты міндеті екендігі анық.

Қазақ халқының өткен ғасырлардағы көшпелi өмiр тiршiлiгiнiң айнымас бөлшегiне айналған музыкалық ұлттық аспап түрлерi, зергерлiк әшекей бұйымдар, ағаштан, терiден жасаған тұрмыстық көне заттары да мұражайдың құнды жәдiгерлерi болып табылады. Бүгiнгi күнде музей балансындағы Көкшетау қаласы, Әуезов көшесi, 163 мекен-жайындағы бұл ғимараттың өзi де мемлекет қорғауындағы сәулет ескерткiшi болып саналады. ХХ ғасырдың басында орыс көпесi Устин Игнатьевич Коротков 1903 жылы базар алаңына бұл ғимаратты сауда үйi ретiнде салдырған екен. Бiр қабатты кiрпiш ғимаратта бiрнеше оқшауланған сауда бөлмелерi болған. Саудагер өз дүкенiнiң бiр бөлiгiн қолөнер шеберлерiнiң шеберханасы ретiнде пайдаланып, қалған аумақты жалға беріпті. Кейін 1934 жылы бұл ғимаратта 280 орындық кинотеатр ашылды. Кинотеатр екiншi дүниежүзiлiк соғыс уақытында жұмыс iстемегенiмен, кейiн қайта ашыларда күрделi жөндеу жұмыстары жасалып, адам танымастай өзгерген. 1945 жылдың қарашасында бұл өзгерiс туралы жергілікті газеттер жарыса жазған. Солардың біріндегі мақалдан үзінді келтіретін болсақ, «Тозығы жеткен ғимараттың орнынан қала тұрғындары керемет ғимаратты көредi. Көрермендер залы 330 орынға дейiн кеңейтiлiп, ыңғайлы орындықтармен жабдықталған. Фойенiң қабырғалары мен төбесi әдемi боялған, оркестрге арналған сахнасы бар» – деп жазды «Сталинское знамя» қазіргі «Степной маяк» газетi.

Облыстық атқару комитетiнiң 1948 жылғы 8 қыркүйегiндегi шешiмi бойынша кинотеатрға Андрей Ждановтың есiмi берiлсе, 1964 жылы балалар мен жасөспiрiмдерге арналған кинотеатр болды. 1989 жылы кинотеатр атауы «Юность» болып өзгертiлдi. 2009 жылы қаламыздағы ең көне кинотеатр жабылып қалып, ғасырға жуық тарихы бар ғимарат облыстық халық шығармашылығы орталығының пайдаланылуына берiледi. Ал, 2014 жылдың 20 қарашасынан бастап, облыс әкiмдiгiнiң шешiмiмен Ақмола облыстық Әдебиет және өнер музейiнiң меншігіне қайта тапсырылды. Мінекей, осы он жыл ішінде біздің музей ұжымы көкшетаулықтар мен облыс тұрғындарының рухани ордасына айналды. 2019 жылы облыстық бюджеттен қаржы бөлiнiп, музей ғимараты толықтай күрделi жөндеуден өтсе, 2021 жылы тағы да қосымша қаржы бөлiнiп, музейдiң iшкi экспозициясы толықтай қайта құрылды.

Музей ғимаратының жалпы ауданы 650,2 шаршы метрді құрайды. Жалпы көлемі 140,1 шаршы метрден асатын экспозициялық алаң 15 тақырыптық бөліктен тұрады. Тарқатып айтар болсақ, халық ауыз әдебиеті, Ислам діні жайындағы көне кітаптар, қазақ халқының ұлттық ыдыс-аяқ түрлері, қазақтың ұлттық зергерлік бұйымдары, қазақ халқының ұлттық киім үлгілері, қазақ батырларының қару-жарақ түрлері, киіз үйі, жасанды әлем құрылғысы, сал-серілік дәстүрдің салтанаты, қазақ халқының музыкалық аспаптары, жазушы кабинеті, ақмолалық ақын-жазушылар, Көкшетау қаласындағы мәдени ошақтар тақырыбындағы бөлімдер келушілер сұранысына ие. Сондай-ақ, музейде көркемсурет галерясы жұмыс істейді. Бұл жерде ай сайын суретшілердің, қолөнер шеберлерінің, университет және колледж студенттері мен мектеп оқушыларының көрмелері тұрақты өткізіліп тұрады. Тағы бір екпін түсіре аатап өтерлігі, музей залдары қазіргі заманауи технологиялармен жабдықталған, яғни әр залда ақпараттық киосктер, планшеттер, сенсорлы құрылғылар бар. Музейде өтетін кез-келген мәдени шараның мазмұнды өтуіне ұжым қызметкерлерінің еңбегі орасан. Ұжымда халық ауыз әдебиеті және фольклор, қазіргі дәуір әдебиеті, өнер, қор жұмыстары қызметі, көпшілік-экскурсиялық жұмыс бөліміндегі қызметкерлердің қай-қайсысының болсын еңбегі орасан. Ұжымның жемісті еңбегімен музейде ағымдағы жылдың жартыжылдығы ішінде өңіріміздің рухани өміріне серпін беріп, мәдени болмысын, эстетикалық талғамын өсірер, мазмұн мен мағынаға толы бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Осы аралықта барлығы 23 дәріс, 24 көрме, 73 экскурсия, 112 іс-шара өткізілген. Аталмыш мәдени іс-шараларға 4200-ге жуық адам қатысқан.

Осындай тағылы мен танымы бөлек іс-шараның бірі музей қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен «Сексен көлдің серісі» тақырыбында ғылыми-теориялық конференция Қазақстанның Халық жазушысы, драматург Сәкен Жүнісовтің 90 жылдық мерейтойына арналды. Жиынға мәдениет және өнер қайраткерлері, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Әдебиеттанушы ғалым Сәбит Жәмбек Сәкен Жүнісовтың шығармашылығы жайындағы баяндамасында: «Сәкен Жүнісов жарты ғасырлық шығармашылық қызметінде қазақ әдебиетінің дамуына айтарлықтай үлкен үлес қосты. Оның 1968 жылы «Жазушы» баспасында орыс тілінде жарық көрген тың жерлерді игеру тақырыбында жазылған «Жапандағы жалғыз үй» романы елеулі құбылысқа айналды. Себебі, өткен ғасырдың 50-жылдарындағы тың игеру қазақ даласына әлеуметтік қайшылықтар алып келген еді» – деп атап өтті. Биылғы жылы Сәкен Нұрмақұлының мерейтойын лайықты деңгейде атап өту мақсатында Ақмола облысында мазмұны бай, тақырыбы ауқымды көптеген іс-шаралар өтуде. Бұл конференция осы сөзіміздіңнақтыдәлелі бола алады. Конференция материалдары арнайы жинақ болып баспадан жарық көрді. Басылым С.Жүнісовтің өмірі мен шығармашылығын зерттеуші жас ғалымдарға әдістемелік құрал болатыны сөзсіз.

Біз жергілікті ақын-жазушылардың, қылқалам шеберлерінің өнерін насихаттауды басты мақсаттарымыздың бірі санаймыз. Осындай өнеге толы іс-шара көкшетаулық суретшi Виктор Кубриннiң  шығармашылығына арналды. Көрмеге өнер иесi қаламынан туған тың туындылары қойылды. Суретшi қазақ даласының, Бурабай баурайының көрiктi жерлерiн шебер бейнелеп жеткiзе бiлген. Табиғат, жыл мезгілдері, қоршаған ортаның тыныс-тіршілігі В.Кубрин еңбектерінде барынша айқын көрінеді. Музейде Біржан салдың туғанына 180 жыл толуына орай «Сал-серілік мектебінің кемеңгері», Балуан Шолақтың 170 жылдығы қарсаңында «Үш жүзге атым шыққан Балуан Шолақ», Сәкен Сейфуллиннің туғанына 120 жыл толуына орай «Сарыарқаның сырбаз Сәкені», театр режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Жақып Омаровтың туғанына 85 жыл, «Театр тарланы», қазақтың дәстүрлі ән мектебі жайындағы «Ұлы дала әуендері», күйшілік өнер туралы «Қоңыр күйдің күмбірі» және тағы басқа тақырыптық дәріс-көрмелер ұйымдастырылды. Бір мақалада музей ұжымының атқарып жатқан еңбегін ежіктеп, санамалап шығу мақсат емес және ол бір мақаланың ауқымына  сыймайтыны да анық. Қалай дегенмен де, ұлылар аманатын арқалап, бүгінгі ұрпаққа жеткізуші музей қызметкерлерінің жасап жатқан барлық игі ісі алдымен өнерді жоғары бағалайтын талғампаз жандарға арналады.

Руханияты мен мәдениетін бірінші орынға қоя білетін елдің келешегі кемел, болашағы зор. Ғасырлар куәсі болған музейдің сұлулық тұнған ғажайып әлеміне бойлаймын деген жанға мәдениет ошағының есігі қашан да ашық.

Нұрбек НҰРАЛЫ,
Ақмола облыстық әдебиет және өнер музейінің директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар