Ұлттық байқау – мал шаруашылығындағы игілікті істер өрісі

Ақкөл ауданында өткен «Jańa Dala / Green Day ‘2024» Дала күні аясында етті ірі қара мал тұқымдары арасында Ұлттық конкурстың жеңімпазы және жарыстың бас жүлдесі – жаңа YTO-ME404 тракторының иегері анықталды.

Халықаралық қазылар алқасының шешімімен «Jańa Dala / Green Day ‘2024» «Ең күшті бұқа» номинациясында қазақтың ақбас тұқымын көпшілік назарына ұсынған Абай облысындағы «Дәурен» шаруа қожалығының «Шомбал» атты бұқасы бас жүлдеге ие болды. «Шомбалға» 16 ай, салмағы 598 келі, туған кездегі салмағы 26 келі болған.

Жеңімпаз шаруа қожалығына трактордың кілтін «Агротехменеджмент» серіктестігінің бас директоры Камиль Нұралин табыс етті.

–Қазақстан мен АҚШ-тың ортақ тұстары көп.  Қазақстанның дархан даласына қарап, Техас немесе Дакота штатындамын деп ойлап қаламын.   Осы ұқсастықтардың арқасында біз ауыл шаруашылығында бірге көптеген жетістіктерге қол жеткізе аламыз. Соңғы бірнеше жылда АҚШ-тан Қазақстанға мал экспорты 400 пайызға өсті.  Бұл керемет жетістік Америка Құрама Штаттарында да, Қазақстанда да біздің фермерлер мен серіктестеріміздің қажырлы еңбегі мен өз істеріне адалдығының, сондай-ақ, жоғары сапалы өнімдерді өзара шығарудың белгісі. Бұл жетістіктің негізінде қазақ фермерлері тұр.  Сіздердің тәжірибелеріңіз бен жоғары жетістіктерге ұмтылуларыңыздың арқасында дамыған ауыл шаруашылығы секторы құрылды. Сіздердің бейімделу және жыл бойы тынымсыз жұмыс істеу қабілеттеріңіз шабыттандырады.  Мен демеушілерге, жеткізушілерге және осы керемет Ауыл шаруашылығы күнін өткізуге ат салысқандардың барлығына шын жүректен алғыс айтқым келеді.  Мұнда жету үшін ұзақ жол жүріп келген американдық қатысушыларымызға да рахмет. Сонымен қатар, менің сіздерге айтатын жақсы жаңалығым бар. Бүгін мен Rodeo USA іске қосылғанын қуана хабарлаймын. Бұл жаңа көпжылдық мал маркетингі бағдарламасы Орталық Азия фермерлерін біздің сиыр еті мен сүті секторларын зерттеуге және сауда мен ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға АҚШ-қа алып келеді. Алыс қашықтықтарға қарамастан, Америка Құрама Штаттары Қазақстанға ауыл шаруашылығы өнімдерін жетекші жеткізушілердің бірі болып қала береді. Rodeo USA сияқты бағдарламалар бізді одан сайын жақындастырады. Канзас штатынан Қазақстанның ұлан-ғайыр даласына дейін диқандарды жерге деген терең байланыс, өз ісіне деген құштарлық, халықты азықтандыруға деген ұмтылыс біріктіреді.  Бұл ортақ байланыс шекараны білмейді және бізді достық пен ынтымақтастық рухында біріктіреді, – деді осы салтанат барысындағы өз сөзінде АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дэниел Розенблюм.

Абсолюттік чемпионды, яғни, Шомбал бұқасын сол жердегі аукционнан Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы шаруашылықтарының бірі 1 миллион теңгеге сатып алды. Ақмола облысының «KazBeef» серіктестігінен асыл тұқымды Ангус бұқасы вице-чемпион атанып, 1 орын иегеріне айналды. Герефорд тұқымының өкілі, Қостанай облысының «Олжа Арыстан ПК» шаруашылығының бұқасы 2-ші орынды иеленді. 3-ші орынды қазылар алқасы осы облыстың Москалев ЖШС-інің Әулиекөл тұқымдас бұқасына берді.

Конкурсқа Әулиекөл, қазақтың ақ бас, Ангус, Герефорд тұқымдарының 56 бұқасы қатысты. Конкурста қалмақ, сондай-ақ Шароле, Лимузин, Обрак тұқымдарының бұқалары да көпшілік назарына ұсынылды.

Жеңімпаздарды Қазақстанның өзінен және Ирландия, Шотландия, АҚШ-тан келген қазылар алқасының беделді құрамы – көптеген жылдар бойы етті мал шаруашылығынан мол тәжірибе жинақтаған халықаралық сарапшылар таңдады.

Ұлттық конкурс барысында жоғары өнімді асыл тұқымды мал төлдерін сату бойынша аукциондар, ашық сауда-саттықтар өтті. Сондай-ақ, көрме аясында Еділбай асыл тұқымды қойлары және Павлодар облысының «AGRO TAWA» серіктестігінен дорпер тұқымдарының қошқарлары, Ақмола облысының «Сулейменов К» шаруа қожалығынан дорпер, Суффолк, Шароле қойлары сатуға шығарылды. Бұл асыл тұқымды қойлар көрмесіне Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарынан келген шаруа қожалықтары қатысты. Көрме барысында Еділбай тұқымының асыл тұқымды қойларының аукционы, қошқар көтеру, жілік сындыру сияқты ұлттық ойындар өтті. Қой шаруашылығына арналған жабдықтар мен ветеринариялық препараттар, сондай-ақ, қойшы иттері де көпшілік қалауына ұсынылды.

«Jańa Dala / Green Day» мамандандырылған көрсетілім-көрмесі – 2013 жылдан бері өткізіліп келе жатқан дәстүрлі Дала күні форматындағы іс-шара. Көрме заманауи ауыл шаруашылығы технологияларының, селекциялық жетістіктердің, жоғары өнімді техниканың, сондай-ақ, мал шаруашылығы, ветеринария, өсімдіктерді қорғау және егіншілік саласындағы инновациялық технологиялардың республикадағы ең ірі көрсетілім алаңы болып табылады. Сондықтан, осындай танымал көрменің біздің облысымызда өткізілуі өз алдына бір мерей десек, артықтығы жоқ.

Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Ақкөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар