Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұстаздығы – ұлағат, ұстанымы – өнеге - АРҚА АЖАРЫ

Ұстаздығы – ұлағат, ұстанымы – өнеге

Өзі ұшырған қырандарын ұядан,
Іздейтұғын құздан емес, қиядан.
Біз бәріміз берешекпіз ұстазға,
Ұстаздарды, ұстаздарды сүй, адам!
Бұл – қазақтың әулие ақыны Мұқағалидың шұрайлы шумақтарының бірі ғана. Оның ұстаз тәрбиесін көрген әрбір шәкіртке, әрбір перзентке ой салары анық. Қоғамды тәрбиелеудегі елеулі орыны бар мамандық иесінің бірі – мұғалім. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өзі қазіргі қоғамда еңбек адамын дәріптеуге, еңбегін ескеруге, кейінгі буынға үлгі ету үрдісін күшейтуге басым бағыттар ұстанып келеді. Ұстаз – ұлы тұлға. Өмірге келген адамның бәрі ұстаз алдынан өтеді. Ұстазың ұлағатты болса, өмірің мәнді болады. Адам қоғамдағы орнын дұрыс таба біледі. Сондай азаматты тәрбиелеп, білім беріп, өзіне қажетті саласын таңдатуда да ұстаздың орны ерекше.

Мен Ғабділмәжит Елемесұлы Омарды осындай ұстаздардың қатарынан көремін. Орта мектепті жақсы аяқтап, жүрек қалауыммен Ж.Мусин атындағы Көкшетау қазақ педагогикалық колледжінің «Бас-тауыш мектеп мұғалімі» бөліміне оқуға келіп түстім. Ғабділмәжит Елемесұлының алдынан дәріс алдым. Табиғатынан бала жүрегін өзіне тарту қабілеті бар, терең білімді, жан-жақты ұстаз ретінде өмірімде айшықты із қалдырды. Бүгінде әріптестері мен шәкірттерінің, қыздары мен немересінің сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленген ұлтжанды азамат, мен үшін қоғамда тұғыры биік тұлға, есімі үлкен әріппен жазылатын ұстаз мерейлі 50 жасқа толғалы отыр.
Ғабділмәжит Елемесұлы Семей өңірінің перзенті. Жұбайы Зәмзәгүл ел азаматына адал жар, үлпершектей қыздарына асыл ана. Ұстазымның кәсіби жағынан қоғамға қосқан үлесін салмақтасақ, «сегіз қырлы, бір сырлының» нақ өзі, ақын, өнер шебері, ұйымдастырушы, тағы басқа толып жатқан жақсы қасиеттер бойынан табылған азамат. Қазіргі Ж.Мусин атындағы Көкшетау педагогикалық колледжінің іргетасын қаласып, бір білім ордасында табан аудармай 25 жыл қызмет жасаған ұстаз. Саясаттану, философия пәндерін оқытады. Философ десе философ, әр нәрсеге өзінің пікірі бар. Қайсар, алғыр, мойнына алған кез келген жұмысты соңына дейін жеткізіп, еңсере алатындай қабілетін бірден байқатады. Арманшыл, Отанын, отбасын, туған жерін сүйетін азаматтың нақ өзі.
Қазақ елінің тарихын, оның әдебиетін, тілін, өнерін қалыптастырған жеке тұлғалар жайлы сыр тарта қалсаңыз, кеңінен толғайды. Халқымыздың салт-дәстүрін, көне тарихтан сыр шерткендей ойлы, пайымды, жан-жақты талдай алады, табиғаттың жұмбақ сырын қоғамның дамуынан, тарихи оқиғалардан іздейді. Бір қарасақ, қарапайым, жұмсақ, кеңпейіл, қайырымды. Жұмыс барысында логикасы терең. Үлкен ұстаздардың алдынан өткенін байқауға болатындай. Осының бәрінен бұл кісінің оқығаны, өмірден көргендігі көп екендігін түсінесіз. Бойындағы ізгі ойлы қасиеттерін кейде қолына қалам алып, жазған мақалаларынан да көре аламыз. Соның барлығында да ұлт, ел мүддесін бірінші кезекке қояды.
Бала тәрбиесінде 28 жылға жуық уақыт талмай, тер төгіп келе жатқан тарих пәнінің майталманы Ғабділмәжит Елемесұлына колледжіміздің оқытушылар құрамы мен студенттері ілтипат танытып, құрмет көрсетуде. Ұлағатты ұстаздың осы абыройлы жолы алда да ұзағынан сүйіндіре берсін дейміз. 
Гүлдерай АХМЕТБЕКҚЫЗЫ,
Жанайдар Мусин атындағы
Көкшетау педагогикалық колледжінің оқытушысы.      

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар