Көкшетау қалалық балалар кітапханасының қызметкерлері жазғы демалыс уақытында «Қайнар» аулалық клубымен ынтымақтасып, түрлі жарысқа толы, қызықты іс-шаралар ұйымдастырып келеді.
Биылғы жазғы каникулдың бір ерекшелігі – кітапхананың есігі тынымсыз ашылып, жас оқырмандар легі көбеюде. Біздің қызметкерлер балалардың жазғы демалысын қызықты әрі тартымды өтуі үшін алдын ала жоспарлар құрып, іс-шараларды балалардың жас ерекшеліктеріне қарай ұйымдастырып отырады. Жуырда «Көңілді жаз» атты әдеби сайыс өткізіліп, демалыстың барлық түрін кітап арқылы жеткізе білдік. Іс-шараға қатысушылар «Жұлдыздар» және «Балдырған» топтары болып сайысқа түсіп, өздерінің алғырлықтарын таныта білді.
Жаз бойы оқу мен кітапты ұмытпай, бізбен бірге болған оқырмандарымызға алғысымыз шексіз. Кітаппен дос болған баланың ойы ұшқыр, санасы ояу, тілі жатық болары анық. Мектеп бағдарламасы бойынша берілген әдебиеттерді қатар оқып, түрлі іс-шараларымыздың бел ортасында жүрген белсенді оқырмандарымыз баршылық. Жақсы кітап – даналыққа, білімге жетелейді. Кітап пен оқуға қызығушылықтары оянған оқырмандарымыз викториналық сұрақтарға, әдеби ойындарға қызығушылық танытып тұрады. Сонымен қатар, жас бүлдіршіндерге кітапхана қорындағы танымал балалар авторларының шығармалары, ертегілер, танымдық анықтамалар мен журналдар ұсынылды. Іс-шара соңында бейнеролик көрсетілді. Балаларға жаздың ыстық аптабында тәтті сусындар таратылды.
Ата-аналар мен жас достар, сіздер де мұндай игі шараларға келіп тұрыңыздар.Жаз бойы кітаппен, кітапханамен бірге болыңыздар!
Бақытгүл ҒАЛИЕВА,
Көкшетау қалалық балалар кітапханасының меңгерушісі.