Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Айлық басталды - АРҚА АЖАРЫ

Айлық басталды

Жыл сайын облыста қарашаның 10-нан желтоқсанның 10-на дейін Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне арналған айлық өткізіледі.

Аталмыш айлық шеңберінде дөңгелек үстелдер, семинарлар, тренингтер, баспасөз-конференциялар, акциялар, конкурстар, спорттық іс-шаралар, көрмелер, сұрақ-жауап кештері ұйымдастырылады.  Барлық өткізілетін іс-шаралар АИТВ-жұқпасы бойынша халықты ақпараттандыруды жетілдіруге бағытталған. Таяуда облыстық ЖИТС-пен күрес орталығының мұрындық болуымен «Мен АИТВ алдын алу # үшін!» тақырыбында баспасөз өкілдерімен брифинг болып өтті. Орталықтың бас дәрігері Құрманбек  Бұрмаханов жиын барысында сөз сөйлеп, індеттің алдын алу жұмыстарына тоқталып өтті.
– Бұл науқанның басты мақсаты: ғасыр дертіне қоғамның назарын аудару, салауатты өмір салтын насихаттауды күшейту, бұқаралық ақпарат пен заманауи техникалық құралдарын және ағарту формаларын пайдалана отырып, халықты аурудан сақтандыру мәселесіне барынша көңіл бөлу болып табылады. Қазіргі таңда орталықта диспансерлік тізімде 423 АИТВ жұқтырған науқас бар. Олардың 248-і ер адам болса, 175-і әйелдер. Ең сорақысы, арасында дертке шалдыққан 7 бала бар. Ал, 14 сәбиге індет ауру анасынан жұққан, –
деді бас дәрігер.
«Жұқтырылған қорғаныш тапшылығының белгісі» вирусы таралуының үш жолы бар екен. Яғни, қан арқылы, жыныстық жолмен және ЖИТС-ті жұқтырған анасынан балаға берілуі. Соның ішінде жыныстық жол арқылы жұғуы осы күні белең алып отыр. Айта кету керек, бұл індет облыс бойынша Көкшетау мен Степногорск қалаларында, сондай-ақ, Атбасар, Бурабай, Ақкөл аудандарында көп таралған.   Ауруға шалдыққандардың басым көпшілігі жұмыссыздар. Аталмыш орталықтың эпидемиологиялық бөлімі мен емдеу-алдын алу бөлімдерінің басшылары Сәуле Жақанова мен Гүлбаршын Жақсылықовалар осындай деректер мен орамды ойларын ортаға салды. Жиында АИТВ жұқтырған бетіне маска киген  нашақор жиналғандар алдында  өзінің өмірін баяндады. Ол қазіргі таңда Зеренді ауданындағы  есірткіге тәуелділерді емдейтін «Сенім» орталығында ем-дом қабылдап жатқандығын екпін түсіре жеткізді.
– Өмірім өкініш пен өксікке толы. Несін жасырайын жүрегімде үміттен гөрі қорқыныш басым. Есірткіге тәуелді болғаныма 22 жылдың жүзі болды. Ауруымды жеңбекке осы орталыққа келіп, қазіргі таңда бар күш-қуат, жігерімді дертті жеңу үшін жұмсап, тырысып жатырмын.  Өскелең ұрпаққа менің қателігімді жасамаңдар, салауатты өмір салтын ұстаныңдар, есірткі сияқты жиіркенішті індеттен аулақ болыңдар дегенді айтқым келеді. Бір балам бар. Менің қателігімді ол жасамаса екен. Оны өз анам тәрбиелеп жатыр. Мен ана болып жарытпадым. Дегенмен де, аурудан айығып өз отбасыма оралғым келеді, – деп жүрегін мазалаған көңіл шерімен бөлісті ол.
Аталмыш айлық аясында орталық қызметкерлерінің ұйымдастыруымен аймақтық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында мектеп оқушылары арасында каратэден облыстық турнир болып өтті.

«Арқа ажарының»  өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар