Астананың төрінде, «Сұңқар» қонақжай кешенінде белгілі журналист-жазушы, халқымыздың ардақты перзенті, жерлесіміз Мәди Хасеновтың туғанына 80 жыл толуы атап өтілді.
Небары 56 жасында өмірден өтсе де, артында мол әдеби мұрасымен жарқын із қалдырған Мәди ағаны еске алу шарасын қадірменді ел ағасы, партия, қоғам қайраткері Зейнолла Шайдаров ұлағатты сөзімен ашып берді. Қаламгердің туған жері – көрікті Көкше, Зеренді өңірлері мен Қошқарбай ауылынан бір топ ағайын-туыстары, бауырлары келген, Елордадан Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінде бірге қызметтес болған әріптестері, өзге де зиялы қауым өкілдері қатысқан ас Абдолла қаридың құран бағыштауымен бастау алып, жазушының өмір және еңбек жолынан көрсетілген бейнебаянға ұласты.
Асты жүргізуші, белгілі журналист-жазушы Жылқыбай Жағыпарұлы тұтастай бірнеше журналистер буынының ақылшы ұстазы болып саналатын Мәди Хасеновтың қазақ баспасөзі мен әдебиетіндегі қалыптасу, өсіп-жетілу қадамдарына, өзіндік алатын орнына кеңінен тоқтала келе, алғашқы сөздің бірін әріптесі, жазушы Амантай Кәкенге және туған топырағынан белгілі заң қызметкері Еркін Баймурзинге берді.
Асыл ағаның көзі тірісінде айналасына дарытқан көңіл шуағы, кемел жазушы етіп шығарған табиғи дарынының бастау бұлағы, шығармаларының түп негізі мен өзегі осылайша алма-кезек өріле отырып, жиені Көшек Сәменов, шәкірттері Мағжан Садыханов, Мұратбек Тоқтағазин, немере апасы Мәриям Кәкімова, «Арқа ажарында» қоян-қолтық бірге еңбек еткен ардагер журналистер Рахия Әлібекова, Бәдуан Имаш, құда-құдағилары Аралбай Елжасов, Жібек Елжасова, тағы басқаларының сөздерімен одан әрі толықтырыла, көкжиегі кеңейе түсті. Айталық, жазушыны жастайынан көзі көріп, қатар өсіп-өнген, өмірінің бастапқы кезеңі мен таудай талабына әріден тәнті зеренділік әріптес замандасы Олжабай Нұрғалиев, Көкше елінің белді бір азаматы Ерсайын Балтин де жеке басына үйірілген тағдырдың сан тауқыметін қайсарлықпен жеңе біліп, жазу өнерінде жарқырай көрінген жерлестерінің өр рухына қарата айтылған ой-пікірлерінде халқымызға осындай дара перзенттерді сыйлаған туған жер топырағының құнарлылығы мен құндылығын да айналып өте алмады.
Осы бір толғанысты да тағылымды сәттерде жазушының қара шаңырағы мен соңында қалған мұрасына ие болып, ұл-қыздары Алмас, Айнаш, Қайсардың бір-бір өнегелі үй болуымен екінші мәңгілік ғұмырын жалғасты етіп отырған жан жары Ақлима Көкешқызының атына да жылы лебіздер баса айтылды. «Інісі бардың тынысы бар» демекші, қаламгердің Көкше жерінде де әдеби кеші өтіп, асы берілуіне, бұл шаралардың одан әрі Елордада жалғасын табуына «Қошқарбай» серіктестігінің басшысы, бауыры Қайыркен Хасеновтың еңбегі өз алдына бір төбе екенін ерекше атап өтуіміз керек. Осы іскер азаматтың арқасында жазушының туған ауылы – Қошқарбай да заман ағысына төтеп беріп, етек-жеңі жинақы күйінде отыр. Қайта жаңартылып салынған жергілікті негізгі мектепке Мәди Хасеновтың есімі берілген. Халқына қаламымен қалтқысыз қызмет етіп кеткен ұлт ардағының аяулы есімі алдағы уақытта да ел есінен шықпай, осылайша мәңгі жасай беретіні кәміл.
Қайырбай Төреғожа.
Астана.