Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Аңсап жеткен азаттық - АРҚА АЖАРЫ

Аңсап жеткен азаттық

Тәуелсіздік жемісі

Қызығын кешегі өткен желтоқсанның,
Айтайын, білгің келсе, жаңа жылым.
Тәуелсіз ел атанып Қазақстан,
Бөленді қуанышқа ой мен қырым.

Естіген Есіл-Нұра, Сыр мен Келес,
Сөзімді менің, сірә, бекер демес.
Айтуға бүгін жеңіл көрінгенмен.
Тәуелсіз болу деген оңай емес.

Әуелі төрдегілер құрған кеңес,
Кеңесіп пішкен тоның келтеленбес.
Саусақтың бәрі бірдей болмаған соң,
Сәнімен тон пішу де оңай емес.

«Басында Күлтөбенің күнде кеңес»,
Сол жерде айтыс-тартыс, болған егес.
Біреуге тәуелді боп келген елдің,
Тәуелсіз атануы оңай емес.

Өмірдің асуы көп өткел бермес,
Ұмтылсаң, шаруа жоқ қолдан келмес.
Егемен екеніңді іспен көрсет,
Тәуелсіз бола қою оңай емес.

Алған соң жөн-жобаны заңдастырып,
Бекерге отырмайсың малдас құрып.
Кешегі желтоқсанның игілігін,
Жаңа жыл әкеткейсің жалғастырып.

Ажырап көрген емес іс пен сөзім,
Жемісін терсем деймін, жетсе төзім.
Тәуелсіз Қазақстан атанған соң,
Күй болып күмбірлейтін келді кезім.

Жарасбай Нұрқанов.
Астана.

Отан туралы ой

Аялап тұрғанында туған Отан,
Тула, жүрек, кеудемде, тула, ботам.
Тула жүрек, сенің әр тынысыңмен,
Лүпілдесін кеудемде бір ғана Отан.

Қалай айтам мен саған тулама деп,
Берілген өмір бізге бір ғана рет.
Бір лүпіл, бір-ақ тыныс, бір махаббат –
Өртеніп өмір сүйген бір ғана леп!

Өмірдің қояр алдан сұрағы көп,
Берілген ғұмыр бізге бір-ақ рет.
Берілген бір адамға бір ғана Отан,
Ал, жүрек – айтам оның тұрағы деп.

Соқ, соға бер кеудемде, тула, жүрек,
Тағдырдың тарамдалған сындары көп.
Қайда да, қашан дағы, қай сында да,
Отан деп, Отаным деп  жырла, жүрек.

Жарық сәуле өмірдің ғажабы шын.
Фәниде бірақ мәңгі қаламысың?
Мәңгілік сіңірілген санасына,
Отаннан қымбат не бар адам үшін!

Сондықтан жырла, жүрек, Отан атын,
Арналсын түгел соған махаббатың.
Қаныңда қасиетті сезім болсын,
Отан деп, тек Отан деп аталатын.

Тоқтатпа лүпіліңді, соқ, жүрегім,
Отыңды мен қалайша сөндіремін.
Сенде тек күйкі тірлік бас көтерсе,
Бірден-ақ өз қолыммен өлтіремін.

Бір ғана туған анаң, туған атаң,
Адамға берілгені бір ғана Отан.
Қантамырдың соғысы Отан үшін,
Отанды жырла, жүрек, жырла ботам.

Орман-тауы, өзені, көліменен,
Өрісті де егісті жеріменен,
Оттан ыстық Отанды жырла, жүрек,
Оттан ыстық махаббат деміменен.
Келешекке кең ашқан өрісімен,
Тар жол, тайғақ кешулі жеңісімен,
Жүректі Отан ғана алсын жаулап,
Шаттығымен, мұңымен, ренішімен.

Соқ, жүрек, секунд сайын лүпілдеген.
Жел сөз үшін емес-ау, күпілдеген.
Жүрегіңнен без, досым, Отаным деп,
Толмаса ақ сәулеге шүпілдеген.

Дүниенің Шығысы, Батысы бар,
Бұл сөздің бәріне де қатысы бар.
Тек Отан деп соғатын жүрек қана,
Жүрек деп аталуға хақысы бар!

Қорғанбек Аманжол.
Алматы.

Көк байрақ

Туы толқып Алатау бөктерінің,
Жалауланса жалындай көк бөрінің.
Көз сүзіп, сол байраққа қарай берем,
Көсегесі көгеріп көктемімнің.

Құйылғандай құдірет күн ішінен,
Қандай көркем!
Аспанның нілі сіңген.
Көлдердің көлеңкесіз келбетіндей,
Желбірейді жел сүйсе тынысы кең.

Тұнықтықтың дегендей айғағы едім,
Айбары елдің,
Арындай байрағы елдің.
Жалғастырып жатқандай махаббатын,
Аспанға ғашық болған айна көлдің.

Арайланып атқанда ырыс-таңым,
Толқынымен ойнатар күміс сағым.
Көк байрақ көрсетіп тұр көк жүзінде,
Табиғат пен қазақтың туысқанын.

Тамашалап көк тудың көркін ғажап,
Көңілімде дәл сондай желпінді ұзақ.
«Күн сөнгенше сөнбейміз!» деп тұрғандай,
Қыранның қанатындай еркін қазақ.

Жәди Шәкенұлы.

Ертеңім нұрлы

Азат елім еркіндікті аңсаған,
Ризамын бұл өмірде мен саған.
Жақсылықтың арай шашқан ұшқыны,
Бар әлемге қазағым боп жар салған.

Жарқын елдің болашағын көрем мен,
Келер күнге қалтқысыз сенем мен.
Тәуелсіздік ұлтымыздың бақыты,
Ой құшаққа қызығумен енем мен.

Тәуелсіздік – татулықтың белгісі,
Біле-білсек, бұл Елбасы ерлігі.
Қазақстан Отаны деп достықтың,
Айтып жүрер келіп-кеткен бар кісі.

Өркениетті, өрелі елім еңселі,
Биіктерден көрем әлі мен сені.
Әлем біліп сенің даралығыңды,
Нұрлы болар деп болжайды ертеңі!

Шәмшия Айтжанова,
қарт ақын.

Екі мың отыз

Тойлатып әлденеше бесік тойды,
Ертеңдер ертеңдерге кешікпейді.
Кешікпейміз екі мың отызға да,
Қазақ бүгін құлағын тесіп қойды.

Ақын біткен сол жылға жырын арнап,
Тәж кигізді, тағы мен тұғыры орнап.
Екі мың отызыншы жылым менің,
Алла жазса алаштың жылы болмақ.

Адымдасақ ілгері жылдам басып,
Жылдар жүгін артады жылға алмасып.
Екі мың отызыншы жылғы қазақ,
Ел болады ғаламды қылған ғашық.

Келер ұрпақ біздерден асып туып,
Тілдеседі шұғыла шашып тұрып.
Қазақ жаным жайланар сонда ғана,
Мерейімді мың есе тасыттырып.

Кемеліне ойлаған толып халық,
Жаутаңдамас ешкімге өліп-талып.
Қазақ деген  ғаламат ұлтқа айналар,
Өзгені де, өзін де толық танып!

Құдайберлі Мырзабек.

Рух монологы

Ғасырлар демінде ентігіп Арманым,
Үзілген күдерді үмітпен жалғадым.
Қылыштың жүзінде боялып іңірлер,
Найзаның ұшында оянған жан-жағым!

Аспаннан естіліп дауысы Арымның,
Сағынсам Тәңірінің жанарын сағындым!
Жалынсам тек қана Тәңіріге жалындым!
Табынсам тек қана Тәңіріге табындым!

Ал бүгін басына Бақыт кеп орнаған,
Сендерге ұрпағым, Жанымды арнағам!
Сендерге ұрпағым барымды арнағам!
Жылатып Түнімді, жұбатып Күнімді,

Мен, айхай, мынау қаныммен қорғаған,
Қасиет аңқыған Жерімді ойлағам,
Қамыққан қара орман Елімді ойлағам,
Ажалды өңіне сесімен жүгірген –
Қаныңда бұлқынған Тегімді ойлағам!

Иә, кеше, сөзіңе әр ісің сай болмай,
Жігерің атылды, маңдайың ойланбай
Құл-құтан құтырды құтыңды қашырып,
Намысың тот басты
қайратпен қайралмай.
Бақытың сүрініп, сорыңа айналып,
Қан жылап қабағың, шеріңе байланып,
Тарыдай шашылып тоз-тоз
боп кеткенсің,
Тағдырдың ызғарлы желіне айдалып!
Дәрменсіз өксікке өзегің тұншығып,
Кеудеңде көк сұр кек
сусылдап, қайралып,
Қу көңіл моладай азынап, аңырап,
Қу жалған құбылған құлазып, қаңырап,
Күн асты – қобыздай күңіреніп отырдың,
Түн төсі – домбырадай күмбірлеп,
Еміреніп, еңіреніп отырдың,
Зар ағып жағыңнан, у тұнып таңдайға,
Ашындың,
Туладың,
Басылдың…
Қайтадан ашындың,
Ақылың көк мүйіз адырнадай тартылып,
Дұшпанға күркіреп барыстай атылдың!

Жасыңа суғарған Кегіңе сенгенмін!
Кегінде құдірет бұлқынған
Еріңе сенгенмін!
Әуелі, Әділет Иесі – Тәңірге сенгенмін!
Бір күні жұлқынып Азаттық алатын,
Тегіме сенгенмін!

Жер  жүзі жамырап ісіңе қарасты,
Жер жүзі сабырлы сөзіңмен санасты.
Көк аспан көгінде Көк туың желбіреп,
Алтай мен Атырау арасы –
бірлігің жарасты!

Ей, шіркін, Дүния!
Достарым сүйініп қарасын!
Дұшпаным күйініп қарасын!
Еркіндік тербетсін Қазақтың даласын!
Тәуелсіз еліңе тәуелді ұлың бар!
Тәуелсіз еліңе тәуелді қызың бар!
Көзіңнің қарасы, діліңнің жұлыны –
Азаттық – аманат,
аманат сендерге – Алашым!

Бауыржан ҚАРАҒЫЗҰЛЫ.

Алашыма болсын жар

Түркілер биік ұстап тектілікті,
Күресіп қорғап қалған еркіндікті.
Әл-Фараби, Шоқан мен Абайларым,
Халқына білім-ойдың нұрын төкті.

Шоқ боп жанып үміт гүлі бақтағы,
Атты ақыры, тәуелсіздік ақ таңы.
Жұмыр жердің жарқыраған нұрындай,
Арқадағы Астанасы, мақтаны!

Тәуелсіздік – елімнің ар-намысы,
Менің дағы жігерімді жанышы.
Ел болудың қамымен жүр Елбасым,
Жүректерді тебірентіп сан ісі.

Гүннен туған, күннен туған қазақтар,
Ерлігіңді ұрпақ үшін жасап қал.
Қиын жолда мұратына  ұмтылған,
Алла өзі Алашыма болсын жар!

Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА,
ұстаз.
Бурабай ауданы.

Бар әлем біледі

Кең жазира, киелі дархан далам,
Саған болды қаншама жандар алаң.
Желтоқсанда қайратын сынға салды,
Қайсар қазақ жастары жалындаған.

Сол Желтоқсан желіне дес бермедік,
Құба жонда тарих боп көшкен едік.
Сарыарқаның төсіне Астана сап,
Елорданың кіндігін кескен едік.

Сан сынға да қинаған тосылмай көп,
Бабам өзі шыңдаған асылдай ек.
Әлем бүгін қояды мойындаумен,
Көк бөрінің ұрпағы осындай деп.

Болса екен әрдайым жолдасым ар,
Бақыттымын, елім бар, Елбасым бар.
Тәңір бізге берсінші тағы қуат,
Істер үшін қаншама, алға асығар!

Гүлстан ҮКІНБАЕВА.
Ерейментау ауданы.

Жырға қосар ұраным

Жеткеніндей жерге иман – құраным,
Сақтаса екен асыл елін ұланың.
Желтоқсанда қаймықпаған аға-апа,
Мен сендерге жас болсам да, ырзамын.

Аңсады ел сол азаттық күндерін,
Шығара алмай әттең, сыртқа үндерін.
Сол сын сәтте жоқтаушысы бұл жердің,
Ағалар-ай, аттан салып, «біз» дедің!

Қапастағы қара түнек ашылып,
Қатыгездік, қастандық та басылып,
Қазақ халқы өр еңсесін көтерді,
Көңілдері шуақ болып шашылып.

Тәуелсіздік – жырға қосар ұраным,
Азаттығым, шалқып айтар жыр-әнім.
Көкжиекте алтын күнім жарқырап,
Көгімде еркін ұша берсін қыраным!

Айдар ТӨЛЕГЕНОВ.

Мен қазақпын

Мен қазақпын, қазақтығым –
мәрттігім,
Нұрсұлтандай нардың
 жүгін тартты кім?!
Жүз отыз ұлт бір шаңырақ астында
Көріп жатыр шұғылалы бақ нұрын.

Мен қазақпын, «Нұр Отаным» –
нұр жолым,
Бағытқа алдым туысқандық бір жолын.
Қазақ тілі – ортақ тілі елімнің,
Өз тіліммен толықтырдым жыр томын.

Мен емеспін біреулерден бұғатын,
Әлі де сол адалдығым – мұратым.
Жүрегіме бар әлемді сыйдырып,
Мен қазақпын сөз төркінін ұғатын.

Қысылайын қазақ болсам, мен неден,
Дұшпаным жоқ алысқанда жеңбеген.
Өз бетіммен өскен жоқпын жетіліп,
Ақыл алдым атамұра көмбеден.

Мәңгілік Ел жолындамыз енді біз,
О, Нұр-аға, Жолдаумен дем бердіңіз.
Тұңғиықтай тереңдігім бар менің,
Теңізіңмін мұхитыңа бергісіз.

Астанадай бар ғажайып қаламыз,
Ырыс-бақты ынтымақтан табамыз.
Жиырма жылда елім алған асулар,
Ұрпақтарға болады ертең әлі аңыз!..

Полатбек ЖАНБАЕВ.
Степногорск қаласы.

Елбасымен мақтанамын

Көшін бұрып  Астананың,
Сарыарқаға бастағанын,
Қазақ көрген, әлем көрген,
Елбасымен мақтанамын.

Құтты бүгін әр қадамым,
Ойнап-күлген тоқ баламын.
Өміріме шырай берген,
Елбасымен мақтанамын.

Менің дағы зор талабым,
Түбі биік шыңды аламын.
Тәуелсіз ел Көшбасшысы,
Елбасымен мақтанамын!

Шаттық ЖАУАПБЕК,
     оқушы.
Қорғалжын ауданы.

Елім аман, біз аман

Тәуелсіздік, кештеу тиген сыбағам,
Оқасы жоқ, елім аман, біз аман.
Өзің үшін талай жардан құлағам,
Өзің үшін талай өксіп жылағам.
Тәуелсіздік, солай келген сыбағам!

Өзің үшін армандарға өртенгем,
Өзің үшін тағдырыма кектенгем.
Өзің үшін жағаласып, жұлысып,
Үмітімді үздірмегем ертеңмен.

Өзің үшін мылтығымды оқтағам,
Өзің үшін баяғымды жоқтағам.
Өзің үшін адасып та шатасып,
Соғарымда түп-тегіме соқпағам.

Өзің үшін қарауылға іленгем,
Өзің үшін іштен шалып, бүлінгем.
Өзің үшін айдалада атылып,
Сүйегімнен батпан соқа жүрілген.

Өзің үшін терідейін иленгем,
Өзің үшін әрі-бері сүйрелгем.
Өзің үшін елден бөлек елпілдеп,
Мақтағанға мәз болуға үйренгем.

Өзің үшін он кесілген бұтағым,
Өзің үшін біткен бір күн* шыдамым.
Өзің үшін алда да әлі жол ауыр,
Ғажабын да, азабын да ұғамын.

Тәуелсіздік, кештеу тиген сыбағам,
Оқасы жоқ, елім аман, біз аман.
Шалқы, толқы, еркін халық, азат жер,
Бәрі, бәрі, бәрі осының ұнаған!!!

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.

*1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы.
Баға жетпес
бақ-құтым

Тәуелсіздік – байрағым,
Намыспенен қайрадым.
Қай мұхиттан ассам да,
Қазақстан – айлағым.

Тәуелсіздік – бақытым,
Алтын, күміс, жақұтым.
Құны шексіз өлшеусіз,
Баға жетпес бақ-құтым.

Тәуелсіз ел қазағым,
Тартқан шексіз азабын.
«Бостандығым» осы деп,
Май тамызып жазамын.

Өткендердің кегі үшін,
Асылдардың тегі үшін.
Көркейтейік даланы,
Бар қазақтың елі үшін.

Жаса, қазақ, жайнай түс,
Бұлбұл құстай сайрай түс.
Егінді сал жайқалтып,
Малыңды да жайлай түс.

Сарғайғанда сар далам,
Тәуелсіздік арбаған.
Теңдік үшін қазағым,
Қай қиянға бармаған.

Қай азапты шекпеген,
Қай тірлікті өтпеген.
Қол-аяғы бұғауда,
Қай түкпірге кетпеген.

Тарихымның қатпары,
Тағдырымның шатқалы.
Жаса, елім, мәңгілік,
Тәуелсіздік – мақтаным.

Тәуелсіздік – теңдігім,
Тәуелсіздік – елдігім.
Тәуелсіздік – тағдырым,
Толғанады ел бүгін.

Тәуелсізбін, тазамын,
Мұрат кенін қазамын.
Шежіреңді  тарихқа,
Алтын әріппен жазамын! 

Оңалбек КЕНЖЕБЕК.

Болмаған деп кім айтар?!.

Қалай-қалай көпіреді о, тоба,
Ел болғаным жандарыңа бата ма?!
Көне тарих көрінетін көзінен,
Бұл қазақты болмаған деп атама!

Сен түгілі әлі жұмбақ маған да,
Өткен күннің елесі бар санамда.
Тұлпарымен дүбірлеткен жаһанды,
Біздей халық болған емес ғаламда.

Бұлар кімдер бақытымды кемсінер,
Атым әлі талай бәйге еншілер.
Ұмытқан-ау, тектілікті біздегі,
Алтын Орда мысын басқан көршілер.

Алдымызда әлі талай алар шың,
Ішің күйсін, мейлі көзің аларсын.
Сақ пен Ғұнның сарқыты бар қазақты,
Тоныкөктің толғауынан табарсың.

Құндыз бөрік, жібек шапан, сетер ат,
Қонағына астаумен ас жетер ап.
Алты қанат ақ ордасын тіккенде,
Көрген жоқпын дейсің қалай,
бекер-ақ.

Байтақ далам көрінетін жақындап,
Талай сыннан өттім өшпей атым қап.
Бұл далада боз балалар ойнайтын,
Бесті асауға көк серкені тақымдап.

Күміс сырға, қамзол, бешпет, сәукеле,
Біздің ғана аруға тән мәртебе.
Баласына бесік жырын айтатын,
Қасиеті қанға сіңген ертеде.

Ұлы далам ұлылыққа сыңарсың,
Қасиетіңді қадірсіздер құп алсын.
…Күмбір-күмбір күй төгетін шанағы,
Сен біз жайлы домбырадан сұрарсың.

Біздің қазақ тек құдайдан жасқанған,
Оқы оны өшпейтұғын дастаннан.
Сен айтқандай ел болмасам егер де,
Мұның бәрі түсті ме екен аспаннан?!

Талай азап, қилы тағдыр кештім мың,
Сынағына сүрінбедім бес күннің.
Жетпіс жылдай мінді
екен деп желкеме,
Жетегінде кетпеспін-ау ешкімнің.

Бодандықтың қамытынан босаған,
Енді бүгін босаңсымас босағам.
Болашаққа басып жатыр қадамын,
Сұлтанымен Нұрлы жолын жасаған.

Көре алмастар көңілімді мұңайтар,
Күбір-күбір кең даламда сыр айтар.
Хандығына бес жүз елу жыл болса,
Мына бізді болмаған деп кім айтар?!.

Жайнарбек ЗАНДЫБАЙҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар